Алматыда автобус жүргізушілері наразылық білдірді

1
232

Алматыда аялдамада тұрған автобустар. (Көрнекі сурет).

 

Алматыда бүгін қалалық 2-коммуналдық автопаркінің 40 шақты жүргізушісі трамвайлардың тоқтап қалуына байланысты автобус маршрутының өзгергеніне наразылық танытты.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, парк алдына жиналған 112-бағыттағы жүргізушілері автобус бағытын «аяқ астынан және ескертпестен» өзгертті деп, бұрынғы бағытын қайта қалпына келтіруді талап етеді. Азаттыққа өзін 112-бағыттағы автобус жүргізушілерінің бригадирімін деп таныстырған Асқар Магданов парк басшылығының бағытты төрт ай бұрын да бір рет өзгерткенін айтады.
– Кеше кешке жұмыстан қайтқанда ешнәрсе айтпаған, бүгін таңертең жұмысқа шықсақ басқа бағытпен жүресіңдер дейді. Төрт ай бұрын да автобус бағытын өзгерткен. Ол бағытпен енді адам жинап, жолаушылар енді үйренгенде бағытымызды тағы өзгертіп отыр. Жаңа бағытпен жүрсек қайта адам жинап, тұрғындардың автобус бағытына үйренуіне біраз уақыт кетеді, біз күндік жоспарды орындай алмай, айлықсыз қаламыз. Оның үстіне трамвай жүрген көшелер тар, ыңғайсыз. Қай тұста аялдама бар, қай жерге тоқтау керек екенін білмейміз. Бізге алдын-ала ескертпеді, – дейді Азаттыққа Асқар Магданов.
Жүргізушілермен кездесуге парк басшылығы, я өкілдерінен ешкім келмеді. Парк басшылығынан түсінік алмақ болған Азаттық тілшісін парк кеңсесі алдындағы күзетшілер «басшылық жиналыста» деп, ішке кіргізбеді.
Биыл қыркүйек пен қазан айларында Алматыда трамвай үш рет ондаған көлікпен соқтығысып, бірнеше адам зардап шеккен. Қала басшылығы трамвай депосының жұмысымен танысқаннан соң 31 қазаннан бастап депо жұмысы уақытша тоқтатылған. Кейін тоқтаған трамвайлар жүрген көшелермен 20 және 112-бағыттағы автобустар жүре бастайтыны хабарланған.

zattyq.org

http://alashainasy.kz/society/almatyida-avtobus-jurgzushler-narazyilyik-bldrd-75322/

1 Пікір

  1. Әкімсымақтардың шамасы жетіп, күш көрсететін топтары бар. Олар соғанда шүкір дейтін шығар.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз