«КАЗАК» ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

1
301

773d81b27d31690bf49c9cae3ab0422dКазактар, козактар, орыс казактар, украин казактар, казак-орыстар, казачество – “азат кісілер”, “азат әскери кісілер”, 14-15 ғасырларда Украина және оңтүстік Ресей далаларда қалыптасқан әскери топ. Украин казактары – басыбайлы 17-19 ғасырларда пайда болған, олар – бүгінгі украин халқының бабалары.

18 ғасырда 1917 жылға дейін Ресей империясында болған әскери әлеуметтік топ. 14 – 17 ғасырларда Еділ-Жайық, Дон, Солтүстік Кавказ далаларында жалданып жұмыс істеген, шекаралық аудандарда әскери қызмет (полиция және күзетші казактар) атқарған ерікті адамдар. “Казак” сөзі түркі тілінен шыққан, өз ортасынан бөлініп шыққан, ерікті адам деген ұғымды білдіреді. 14 – 15 ғасырларда Алтын Орда ыдырағаннан кейін бөлініп шыққан ұлыстар өзара үздіксіз соғыс жүргізді. Осы соғыстардан жекелеген адамдар Дон, Еділ-Жайық өзендері бойындағы далаларға қашып барып, топтасып өмір сүре бастады. Алғашқы казактар осы адамдар болатын (Уикипедия).

Осы славян халқының құрамында жүрген, кезінде басқа тілге, басқа дінге өтіп кетіп, өзгенің айдап салуымен ата жұртына жау болған осы «казактар» тарихтың әр кезеңінде осы біздің қазақтарданбөлініп шыққан. Оның дәлелін белгілі орыс тарихшысы Қарамырза ұлының  (Н.М.Карамзиннің) еңбегінен табамыз: «Василий Темный заманының жылнамасы 1444 жылы сол жердегі айрықша жеңімпаз жеңіл әскер ретінде Рязан казактарын атайды. Осылайша, тарихта 1517 жылдар шамасында белгілі болды деп жазылып жүргендей, казактар тек қана Украина да болмаған, олар шамасы Орыс елінде Батый шапқыншылығынан бұрын Киевтен төмен қарай Днепр жағалауын мекендеген түрік пен берендейлер де өздерін казактар деп атаған. Біз ол жерден Кіші Ресейлік казактардың  алғашқы тұрақтарын  табамыз. Түріктер мен Берендейлер өздерін Черкестер (Шеркештер) деп атаған. Козактарда (қазақтарда М.Қ.) солай.

Біздің жылнамамызда жазылғандай Каспий мен Қара теңіз арасын мекендеген Касогтарды еске алайық, император К.Багрянародный айтқандай осы жерлерді мекендеген Қазақия елін, оның үстіне осетиндердің күні бүгінде де Черкестерді касах дейтіндерін ескерсек; осы жағдайлардың барлығы бірлікте Түріктер мен Берендейлерді де қазақтар деп атаған; осы қазақтардың кейбіреулері Моголдар мен Литвалықтарға бағынғысы келмей, адам жүре алмайтын қалың орман және батпақты, жан-жағы тау құздарымен қоршалған Днепр аралдарында еркін өмір сүрген. Олар езгіден қашқан көптеген орыстарды қабылдап, солармен араласып, оларда қазақ атын иемденіп, қазақтар деген бір халықты құрап, оныншы ғасырдан бастап, Киев аймағын мекендеген осы қазақтар орысқа айналып кетті.

…Саны күннен-күнге көбейген қазақтар Днепрдің оңтүстік елдерінде Христиан республикасын құрды. …Сол жердегі қала Черкасы деп сол елдің атымен аталды» («История государства Российского» ҮІІ кітабының Ү тарауы). Бұл жайлы Л.Гумилев: «Біздің бабаларымыз қыпшақ хандарымен достасып, «қыпшақтардың қырмызы қыздарына» үйленді, шоқынған қыпшақтарды өз ортасына тартып, сіңіріп алды, ал соңғыларының тұқым-тұяндары Запорожье мен Слободтың казактары атанды»-дейді.

Казактардың тегінің қазақ екендігін олардың басшы, көсемдерін «Ата-Ман» – Мандардың (адамдардың) атасы деп атайтындықтарынан да көруге болады. Осы айтылғандардан шығатын қорытынды, біздің еліміздегі өз ана тілдерін ұмытып, орыс тілінің арын арлап, жоғын жоқтап, намысын қорғап, бүкіл қазақты орысша сөйлетемін деп жанталасып жүрген «орыс тілді қазақтар», сол бұрынғы орысқа айналған  «казактардың»  жалғасы десек, шындықтың аулынан алшақтап кетпесіміз анық.

Орыстың арғы тегінің қазақ екенін, орыс өлеңі «Игорь жасағы туралы жырдан да»  көруге болады. Себебі, Қазақ поэзиясы өз бастау көзін Күлтегін жырынан алғаны сияқты, орыс поэзиясы да  осы жырдан бастау алады. Ал ол жырды дүниеге әкелген Баян атты Қыпшақ (қазақ) жырауы болатын. Немесе, олардың ұлттық батыры Илья Муромецті алайық. Батырдың тегі орыстың барлық тарихи деректерінде «казак» деп жазылған. Ресейдегі ежелгі жер, су, тау, елді мекен атауларының барлығы да қазақтардікі.  Ал,  олардың біздікі деп мақтанып жүрген ұлы тұлғаларының  тегі осылай жалғасып кете береді. Орыстар Рус, Москва, Арбат сияқты т.б. көптеген сөздердің мағынасын білмейді. Бұлардың бәрі бұрмаланған біздің сөзіміз.

«Казак-орыстың» пайда болу тарихы.  ХХ ғасыр басында Ресейде, қазақтар (киргиз-кайсактар) мен казактардың шығу тегі бір екені жайлы пікір, әсіресе, казактан шыққан тарихшылары мен этнографтары арасында кең таралды. Мәселен, Дон казактары тарихының білгірі, генерал-мойор И.Ф.Быкадоров (1882-1957ж. «Қазан төңкерісінен» кейін шет елге кетіп, Францияда қайтыс болған) және Запороже казактары тарихының білгірі Д.И.Эварницкий (яки Яворницкий, 1855 -1940 жылдары өмір сүрген, Украина ғылым академиясының академигі, археолог, этногроф, тарихшы, филолог) сияқты тарихшылардың айтуынша, «қырғыз-қайсақтар» бүкіл казактармен тектік байланыста екен. «Төңкеріске» дейінгі кезеңнің тарихшысы Е.Б.Савельев «казачествоның ежелгі, орта және жаңа тарихы» деген монографияларын жазып, онда, казактар – бұл Орда ыдыраған кездегі өз қандастары құрған жаңа хандыққа қосылмай қалғандар, деп ашық айтқан. ( «Казаки. История», Владикавказ, 1991 год).

Иоган Миллер (яки Иван Егорович Миллер, 1810 жылғы Ресей ғылым академиясының мүшесі, 1823 жылы қайтыс болған), «казак» сөзі «киргиз-кайсак» деген түркі халқының төл атауынан шыққан, деген.

«Г.Н.Ахмаров (1864-1911ж) «О языке и народности мищарей» деген зерттеуінде, Мещер татарлары мен қазақтардың ортақ ұқсастықтарын атап өткен. Мещера – бұл Мәскеудің түстігіндегі, Москва, Клязма, Ока, Судога өзендері аралығындағы мекен. Мешер татарлары ертеректе «Мещер казактары» деп аталған. (В.Н.Татищев былай жазған: «начало сих казаков из двух мест: одни жили в Мещере по городкам, и главный их город был на Дону, называемый Донской, где ныне монастырь Донской».) Г.Н.Ахмаровтың байқауынша, Мещер татарларының әдет-ғұрпында және сөздік қорында Қазан татарларында жоқ, тек қазақтарда кездесетін сөздер көп екен. Мещер татары мен қазақтың ұқсастығын сипаттаған жазбасынан үзінді келтірейік: «Мещер татарларының тілінде – бүгінгі қазан татарларының  тілінде кездеспейтін ежелгі қыпшақ сөздері көп. Бұлар: байтал (кобыла), белбеу (пояс), жылқы майы (конское сало), қазы (конская колбаса), қане (давай), қарақат (черная смородина), қозы (ягненок), қой (овца), қора (жердь), қошқар (баран), күшік (собака), қарсақ (низкорослый), жалшы (наемный работник), және т.б.».

Енді, «казак-орыстың» шығу тегі жайлы өзімізше ой толғап өтейік. 1-шіден, Шыңғысхан заманына дейінгі Найман мен Керей елдерінде мемлекеттік дін – несторияндық бағыттағы крестиан діні болған. Олар Шыңғысханға бағынышты болған соң да өздерінің діни наным-сенімдерінде қала берген. Шыңғысхан Орта Азияны жаулау жорығына бүкіл елінен қол жиғанда оның ішінде аталған крестиандар да болған. Яғни, крестиан найман-керейлер Шаңғысханмен бірге Орта Азияға келгені анық. Мұны бір деңіз.

2-шіден, монғол шапқыншылығына дейін-ақ, Қыпшақ елінің солтүстігінде хрестиан дініндегі аз-маз халқы болған. Мұны екінші түркі хрестиандар деңіз. Аталған екеуі де Жошы ұлысында болған. Жошы ұрпақтары Батыйхан мен Ноғайхандар және Сүбедейдей бахадүрлер бастаған (бүкіл Моңғол ұлыстарынан жиналған) қол батысқа бағытталған жорықты жалғастырған. Олар Қара теңізі мен Азау теңізі алқабына, Ресей мен Бұлғар, Польша мен Венгрия, Чехия жерлеріне жетіп, аз қолмен темір құрсанған көп жауды жеңген, Ордасын кеңейткен. Жеңілген елді танып-біліп барып, одан сәйкесінше алым-салық алу керек қой. Яғни, Моңғол қолындағы несториан хрестиандар (найман-керейлер) мен оларға бодан болған елдеріндегі хрестиан халық, әлбетте, сұхбаттасқан. Олардың сұхбаты дін, наным-сенім тақырыбына келгенде қандай нәтиже шығуы мүмкін?!» – деп ойлап көріңізші. Әлбетте, діни сенім-түсініктері бір жерден шыққанына қуанып, өзара рухани байланыстарын сезініп, көңілдері қосылғанын пайымдауға болады. Мұны тағы бір түйіп алыңыз.

Сосын, Өзбекханның тұсында (1312-1342) ислам діні мемлекеттік дінге айналды, ислам дініне басымдықтар берілді. Жоғарыда аталған «несториян-хрестиан» дініндегі найман-керейлердің көпшілігі исламды қабылдады. Ал мұсылмандықты қабылдамағандары: тәңіршіл-бұтшылдар мен хрестиан найман-керейлер, қалмақтар және тағы басқалары «кәпір» атанды. Өзбекханнан соң «Алтын Орданың» бағы тайып, одан «Қырым хандығы», «Ноғай ордасы», «Сібір хандығы» бөлініп жатты. Осы кезеңде, жоғарыда аталған «кәпірлері» бөлектеніп, теріскей мен батыстағы хрестиан елдеріне қарай ойысқан. Олардың көпшілігі қазақшылық құрып өз еркінше жүруге көшкен.

Дерек бойынша, ХІҮ-ХҮ ғасырларда, Ақ, Қара, Азу (Азов) теңіздері маңайында, Қобан (Кубан) мен Тон (Дон) өзендері алқабында қазақшылық құрып өз еркінше жүретін тәңіршіл-бұтшыл және хрестиан дініндегі, түркі тілді (найман, керей, қыпшақ, т.б.) әскери қауымдар көбейген. Олардың біразы Мәскеу княздігімен діни байланысқа түскен, діни хаттар (грамоталар) алмасып тұрған, сосын әскери одақтастық келісімдер жасаған. Мәселен, хрестиян қазақтар 1380 жылы Дмитрий Донскойға «икона Донской Божематерий»-ді тапсырып, «Мәскеу елімен» Мамайға қарсы одақ жасасқан. Әйгілі «Күлік шайқасында» (орысша айтсақ, «Куликова шайқасында») орманға жасырынып тұрып, Мамай әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, күйрете соққы берген 20 мың атты әскер – аталған хрестиан-қазақтар болған. «Мәскеу елі», ол жорықтан түскен олжалардың басым бөлігін қазақтарға берген. «Куликовадан» бастап «Мәскеу княздігінің» барлық әскери жорықтарына, Қырым мен Қазанды жаулау жорығына да, қазақтар, яки бүгінгі тілмен айтқандағы казактар атты әскері қатысқан. Осылайша, біртіндеп орыс еліне қарасты «ерікті әскер» болып казак-орыс атанған, яғни орыстанған. Дегенмен ХҮІІІ-ХІХ ғасырларға дейінгі казактар өздерін «орыс емеспіз, казакпыз» деп бөлек ұлт санаған. Орыстың помещиктерінен қашып келген мұжықтарын өздеріне тең санамаған, әскери сапына қоспаған. Ондайларды егін егу, ұсталық жасау сияқты жұмыстарына жалшылыққа салған.

Казактарда түркі тілінен шыққан сөздер әлі күнге сақталған. Мәселен, қазақ – казак, қазақшылық құру – казачество, жасауыл – есаул, қарауыл – караул, атаман – атаман, т.б. Сондай-ақ, түркі тілінен шыққаны айқын көрініп тұратын казак есімдері де көп: Назар, Ермак(Ермек), атаман – Сары Азман, Касымовские казаки, т.с.с. Түркі есімді казак-орыстардың хрестиан діні ықпалымен, біртіндеп, өз есімдерін Петр, Василий, Сергей сияқты етіп өзгерткені түсінікті жайт.

Қорыта айтқанда, Ресей тарихшылары «қазақ» пен «казактың» тегі бір екенін тарихи деректермен дәлелдеп кеткен.

Казак-орыс әскерінің күшіне сүйеніп Ресей империясы құрылған. Енді одан кейінгі жағдайға келейік. Ресей империясы (ХҮІІІ-ғ) «Қазақ хандықтарының» бодандығын қабылдаған тұста, «қазақ» пен «казактың» туыстығын атынан-ақ білсе керекті, бірақ, оларды ажырату, яки бөлектеу үшін, қазақтарды «кайсак», «киргиз-кайсак», «косог» деп әдейі бұрмалап атаған. Ең өкініштісі, бүгінгі тарихшыларымыз сол бұрмаланған атауларға еліктеп, қазақ сөзін қай-сақ, қас-сақ дегендей түбірден іздеп адасуында.

Негізі «қазақ» сөзін орысшаласа «казах» емес, «казак» болады. Кеңес өкіметі кезінде қазақты орыс-казактан «ажырату» үшін «казах» деп атаған. Сол бұрмалаудан әлі құтыла алмай, казах аталып жүрміз» (Төлебек Сейдуәлі-ұлы Қалыбай. «Казак» қайдан пайда болған?).

Казактардың (орыс-казактардың) қазақтан бөлініп шыққандығы және қазақты орысшалағанда казах емес, казак болатындығы жайлы тұжырымы тарихи деректермен де, тіл ғылымы қағидасымен де толықтай сәйкес келеді. Шынында да, есі дұрыс адам қазақ дегендегі бірінші «қ» деген дыбысты «к» деп аударып, соңындағы тап сондай «қ» дыбысын «х» деп аудармайды емес пе?

Олар сол замандарда өздерін өздері де, оларды өзге елдердер де  Кубан казактары, Дон казактары, Украин казактары, Орыс казактар (казак-орыстар), Тер (Теріскей) казактары, Запорожье казактары, Еділ казактары, Днепр казактары, Мещер казактары, Сібір казактары, Жайық казактары, Орал казактары, Орынбор казактары, Жетісу казактары  т.т. деп атады. Олардың бұлай деп аталуы олардың өздерін Қазақтан тарағандықтарын толықтай мойындағандық.

Қаз-дыңда (Каз-дыңда) сөз түбірі (өз түбі, атасы) Аз (Әз) және Қаз. Демек, осы түбірлерден басталатын жер, су, тау, елдер мен елді мекендер мен барлық ұғым атауларының бәрі Қазаққа қатысты, немесе осылардың барлығының авторы Қазақтар деген сөз. Дәлірек айтқанда, сол жерлерді кезінде қазіргі қазақтардың ата-бабалары мекендеді деген сөз. Егер сол атаулар сол жерде күні бүгінге дейін сақталған болса, онда сол жердің күні бүгінгі тұрғындары өздерінің қазақтан тарағанын мойындап отыр деген сөз.

Аз – Аз елі, Азау (Азов теңізі), Азаулы елі, Азия (жер бетіндегі ең үлкен құрылық), Азан, Азат, Азамат, Азақ, Азық, Азу, Азбау, Азбан, Баз, База, Базар, Базарлық, Жаз, Жаза, Наз, Назар,  Назарет (Иса пайғамбардың елі), Қаз, Қазық, Қазан, Қазар, Қазақ т.т;

Әз – Әз ата, Әз әулие (моласы Манқыстауда, бүгінгі Қазақ атанған елдің түп атасы осы),  әзіз (аяулы), Әзіл, Әзім, Уәзір, Кәзір, Ләззат, Әзірет (Әзіреттің Алатауы, Әзіреттің Қаратауы, Әзіреті (Қазіреті)  Әли, Әзіреті Сұлтан (Қожа Ахмет Яссауи) т.т. болып кете береді;

Демек, «Аз» деген түбірді сөз түбінде ұстап отырған елдердің бәрі Қазақтан тарады, яғни олардың бәрі қазақтың баласы деген сөз.  Казак деген атаудың да шығу тегі осы. Бержақтағылар білмегесін, яғни сөз түбіне терең бойламағасын әртүрлі қылып айта береді.

Әңгіменің ашығын айтқанда, Казак дегендердің Қазақтың ата жауындай болғаны да рас.  Алайда олардың арғы түбі Қазақ екендігін естеріне салып қоюымыз бүгінгі таңда аса қажет. Оларды бізге жау еткен патшалық Ресейден қабылдаған діндері, оларды славян тілді еткен сол Шіркеудің ресми тілі болатын.

Сол «Казактар Ресейдің Қазақстанды отарлауында шешуші рөл атқарды. Патша өкіметі қазақ жерін толығымен бағындырып ұстау үшін оның батыс, Солтүстік, Оңтүстік-шығыс шекараларында 4 К. әскерлерін ұстады. Олар: 1591 жылы құрылған Жайық (Орал), 1734 жылы құрылған Орынбор, 1808 жылы құрылған Сібір, 1867 жылы құрылған Жетісу Казактар әскерлері еді. Жайық (Орал) К. әскері 16 ғасырдың аяғында патша үкіметінің Еділ Казактартарын талқандап, қуғындауы салдарынан құрылды. Олар 1580 жылы бұрынғы Алтын Орданың, одан Ноғай Ордасының астанасы Сарайшық қаласын талқандады, осы өңірлерге орныға бастады. Михаил Романов билік еткен кезден бастап (1613 – 45), Жайық К-ы Ресей патшасына бағынып, одан жалақы алып тұрды және Кубань мен Қырымға, Хиуа мен Қазақ хандығына жиі-жиі жорық жасап тұрды, башқұрттардың, қалмақтардың, ноғайлардың көтерілістерін басуға белсене араласты. 19 ғасырда Жайық казактары Кіші жүздегі көтерілістерді басуда шешуші рөл атқарды. 1917 жылы оның құрамында 174 мыңға жуық әскер болды және оларға Жайық бойындағы аса құнарлы 6,4 млн. десятина жер тиесілі болды. Орынбор Казактар әскерлері Қазақстанның Ресейге қосыла бастауына байланысты құрылды. 19 ғасырдың 2-жартысында Орынбор Казактарының саны 158 мың адамға жетіп, олар Ресейдің Қазақстан мен Орта Азияны басып алуына үлкен еңбек сіңірді. Сібір әскерлері 16 ғасырдың аяғында Ермактың Көшім хандығын талқандауына байланысты пайда болды. 17 – 18 ғасырларда Казактар Сібірде көптеген бекініс-қамалдар тұрғызып, ішкі өлкелерді бағындыруға кірісті. 1808 жылы Ертіс өз. бойындағы Казактардан Сібір әскерлері құрылып, Оңтүстік Қазақстан мен Солтүстік Қырғызстанға арнайы экспедициялар жібере бастады. 19 ғасырдың 60-жылдары Сібір әскерлері 12 атты әскер полкі, 3 жаяу әскер батальоны және құрамында 3 батареясы бар атты-артиллерия бригадасынан тұрды. 1867 жылы Сібір әскерлері құрамынан Жетісу Казактар әскерлері бөлініп шықты. Бұл әскер Қытаймен арадағы шекараны күзетті және Орта Азияға жасалған барлық жорықтарға қатынасып отырды. 20 ғасырдың бас кезінде оның құрамында 36 мыңнан аса жауынгер болды. Жалпы Қазақ жерінде Казактарға патша үкіметі аса құнарлы өңірлерден 10 млн-нан аса десятина жер бөліп берді. Казактар әскерлері Исатай Тайманұлы бастаған (1836 – 38), Кенесары Қасымұлы бастаған (1837 – 47), Сырым Датұлы бастаған (1783 – 1797) көтерілістерді және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін басу кезінде империя сойылын соққан қатыгездіктерімен ерекше көзге түсті» (Уикипедия–ашық энциклопедиясынан).

Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гас­форд Колпаковскийге қазақтар одан кейін шабуыл жасамас үшін, олардың бүкіл дүние-мүлкі мен малдарын тартып алып, ең басты сұлтандары мен билерін жазаға тарту туралы нұсқау береді. Бұл нұсқаумен қоса Гасфордтың Колпаковскийге жөнел­тілген келесі бір нұсқауы орыстардың «бүлік­шіл» қазақтарды жазалауда аяусыз қатыгездікке барғанын көрсетеді.

Онда: «…кез келген қару ұстаған қазақты жою керек. Егер де қазақтар Ресей билігіне наразы болып, аздап болса да сатқындық жасайтын болса, онда оларды табан астында атып тастап, ауылдарын өртеп және дүние-мүліктері мен малдарын талаңдар, …біз олардың батылдығын басып, бізден сақ­тануға үйретеміз. Казактардың қазақтар­ды атқан кезде бірде-бір оғы босқа кетпесін» (Ресей федерациясының Орталық Мемлекет мұрағаты, 5451-қор, 1 тізбе, 27-іс, 129-бет.). Казактар бұл тапсырманы мүлтіксіз орындап Ата жұртын қанға бөктірді.

Тарих тағлымы: Казактар осылайша өздерінің Ата жұрты Қазақтың Алтын Ордасын күйретіп, ата жұртын  үш ғасырға жуық патшалық және кеңестік Ресейге бодан  етуге барын салып, жан аямай күресті. Осы жолда өздері де солардың (өз иелерінің) қолынан тас-талқан болып күйреп, тоз-тозы шықты. Атам Қазақтың «іштен шыққан жау жаман», «біреуге қылыш көтерген, қылыштан өледі» және «біреуге істеген қиянатың өз басыңа қайтып келеді» дейтіндері  осындайдан қалса керек.

Дегенмен біздің негізгі көксеген мақсатымыз, «іштен жау іздеу» емес. Бар мақсатымыз болып өткен тарихтың ақиқатын білу, жақсысын да, жағымсызын да. Өткенге салауат айтып, казактардың шынайы тарихын алдарына тартып, шындықты мойындауларына жағдай жасауға тиіспіз. Бұл жағдайда олар өз ата жұртымен тіліміз бен дініміз арқылы шынайы табысары сөзсіз. Егер біз мұны жасамасақ, олар тағы да Ресейдің «шоқпарына»  айналуы әбден мүмкін. Бұған жол беруге болмайды.

Тарих тағлымы: Қазіргі жағдайда олар біздің қазақ деген атымызды жамылып «Үй ішінен үй тігіп отыр». Бұл келешек те бүгінгі орыс тілді қазақ жастарының бәрі солардың қатарына қосылады деген сөз.  Мақал: «Ақыл-есі түзу қазақ баласы үй ішінен үй тікпейді».

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

http://www.altyn-orda.kz/kz/%d2%9baza%d2%9bsha-kazak-%d2%9bajdan-shy%d2%9bty/

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз