Алматыда аты дардай «Магнум» дүкендер желісінде қолдану уақыты өтіп кеткен тағамдарды қайта қаптап, жаңа мерзіммен саудаға шығарып отырған. Саудагерлердің мұқиятсыздығынан ескі жапсырмасы алынбай қалып, өнімнің балғындығы туралы жаңа уақыт жазылған жапсырма қосарлана кетіпті.
Бассыздықты Асфендияров атындағы медициналық университеттің студенті Айжан Тоқтабекова байқап қалып, суретке түсіріп алған.
“Магнумдағы” тағамдардың басым көпшілігінің уақыты өтіп кеткен деп бұрында естуші едім. Осы жолы көзім толық жетті. Сатып алмақ болған ірімшіктің бетінде 2 жапсырма бар. Астындағысында ірімшіктің уақыты 26 желтоқсанда біткен деп көрсетсе, үстіндегісінде 31 желтоқсан 2015 жылға дейін жарамды деп көрсетіліпті. Адамдар уақыты өтіп кеткен тағамды сатып алу үшін осы дүкенге келіп, қомақты ақша жұмсамайды ғой. Сондықтан да абай болыңыздар!”, – дейді ол.
Ал болған жәйтқа байланысты дүкендер желісінің басшылығына хабарласқан NUR.KZ тілшісіне олар тауарларын «таза әрі сапалы» деп шаң жуытар емес.
«Мұнда басты қателік таңбалаушыдан кеткен. Аталған тауардың жарамдылық мерзімі бітпеген. Ол ірімшікті 2 айға дейін қолдануға болатынын өндірушінің қаптамасында анық жазылып тұр. Ал, бетіндегі «Магнум» дүкенінің қос жапсармасы саудагерлер мен тұтынушылар бағасын білу үшін ілінген. Яғни, таңбалаушы тауарды тексеріп өткендігінің белгісі мен бағасын жазып ілген кезде тағамның нақты уақытын көрсетпей кеткен. Сондықтан да ол қызметкердің салғырттығы. Біз осы ісі үшін таңбалаушыны ішкі ереже сай жазалайтын боламыз», – дейді ірі супермаркеттер желісінің біріне жетекшілік ететін Лариса Астемирова.
Десе де зерек студенттің суретінен соң барлық дүкендерде тағамдардың сақтау және сату уақыттары қайта тексеріліп жатыр.