Үйді тонауға келген ұрыларды шаңырақтың келіні ұрып жықты

1
233

Алматы облысында үй тонауға келген бес жігіттің екеуі әйелден таяқ жеп, ауруханаға түсті. Басынан ауыр жарақат алған күдіктілерді жәбірленушінің келіні ұрып жыққан.

алматы обл

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Десе де бастан-аяқ қаруланған қарақшылар бес адамды жарақаттап, 12 мың доллар мен алтын бұйымдарын алып кетіпті. Осы оқиғадан кейін бүкіл Комсомол ауылының тұрғындары түн ұйқысынан қағылған. Жалпы, соңғы уақытта мұнда ұрлық-қарлық пен қарақшылық жиілеп кетті дейді олар.

Осыдан бір апта бұрын болған оқиға бүтін бір ауылдың зәре-құтын қашырды. Басынан бақайшығына дейін қаруланған бес жігіт Бабаевтардың үйіне қарақшылық шабуыл жасаған. Соқталдай жігіттер терезе арқылы кіріп, шырт ұйқыда жатқандарды түгелдей соққыға жығыпты. Астаң-кестеңі шыққан үйде жан-жаққа шашыраған қан іздері әлі жатыр.

“Матрастың астында 15 мың доллар ақша жатқан. Барлығын дерлік алып кетті. Екі күн бұрын ғана көлігімді ауыстырғам. Алған адам үстіне 17 мың доллар қосып берген еді. Мұны білетін адам жасады”, – дейді жәбірленуші Жагу Бабаев.

Қарақшылар ешкімді аямаған. Тіпті ақшаны таппаса кішкентай екі баланы өлтіруден тайынбас еді дейді жәбірленуші. Бірақ көрші үйде тұратын келіні келіп, барлығы аман қалды. Атасының айқайынан шошып оянған ол жұмыр ағашпен екі күдіктіні ұрып жығып, полицейлерге ұстап берген. Қалған үшеуі қашып үлгеріпті.

“Күйеуім үйге кіріп келгенде оны басынан темірмен ұрып, кеудесіне пышақ сұқты. Артынан мен кіріп келіп оны ұрдым, бірден сұлап түсті. Екінші бөлмеге кірсем, абысыным мен анамды байлап қойыпты. Ол жерден екеуін ұрып жықтым. Сосын белдігімді шешіп, аяқ-қолдарын байлап қойдым”, – дейді жәбірленуші Зина Исаева.

Қазір ұсталған екі күдікті аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ауыр соққыдан бас сүйегі қақ айырылған. Енді сақшылар соқталдай жігіттерді сұлатып түсірген келіншекті де жауапқа тартуымыз мүмкін дейді.

“Қазіргі уақытта қажетті қорғанысты асыра пайдаланған жәбірленушілерге қатысты жауапкершілікке тарту мәселесі шешіліп жатыр. Көп мөлшерде ақша ұрлаған үшінші тұлға оқиға орнынан қашып кетіп, қазір іздестірілуде”,  – деді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы Жанар Төлегенқызы.

Осыдан кейін бүтін бір ауылдың түн ұйқысы төрт бөлінген. Себебі Комсомолда осы тектес ұрлық-қарлық жиілеп кетті дейді тұрғындар.

“Айына 3-4 үй тоналады. Бірақ әлі күнге ешқайсысы ашылған жоқ. Өйткені Іле ауданының тәртіп сақшылары мүлдем жұмыс істемейді”, – деді Комсомол ауылының тұрғыны Махмұд Сүлеев.

Қазір қарақшылардың қолынан аман алған отбасы өз үйлеріне кіруге үрейленеді. Ал сақшылар сол күні-ақ саусақ іздерін алып, ауылды торыған ұрылардың артына түсіпті. Әзірге нәтижесіз. Сондықтан аруханаға түскен екі күдікті есін жиған соң ғана сыбайластарының кім екені анықталуы мүмкін.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз