ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ШЕЖІРЕШІСІ

1
428

Ақорда секілді қасиетті мекеннің шырақшысы тәрізді – Тәуелсіз елдің шежірешісі, абыз Махаң, абзал Махаң – ұлтжанды, елшіл, мемлекетшіл Махмұт Қасымбековтей тұлғалар барда Елбасының да, елдің де мерейі үстем бола бермек.

mahmut_kasymbekov_ru

Махмұт Қасымбеков 1952 жылы 2 тамызда Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, математика пәнінің мұғалімі, экономист, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолын 1969 жылы Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте бастады. 1974 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының математика факультетін, 1985 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономикалық факультетін, 1990 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
1973-1976 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты комсомол комитеті хатшысының орынбасары, кейіннен хатшысы болып істеді.
1976-1983 жылдары Фрунзе аудандық, Алматы қалалық және облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы, республика комсомолы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді.
1983-1990 жылдары Алматы облыстық және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде еңбек етті.
1990 жылдан – Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппараты, кейіннен Мемлекет басшысының Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі.
1996 жылдың наурызынан – Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің меңгерушісі, ал кейіннен бастығы қызметін атқаруда.
Махмұт Қасымбеков 100-ден астам ғылыми мақалалар жариялаған, ол 25-ке тарта кітаптардың авторы, телавторы және құрастырушысы. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», ІІІ дәрежелі «Барыс», «Құрмет» ордендерімен, бiрнеше медальмен марапатталған. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ең жақын үзеңгілес серігі Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков туралы көп адам біле бермеуі де мүмкін. Өйткені бұл кісі жылт-жылт етіп теледидарға көп шыға бермейді. Баспасөзге де судыратып сұхбат беретіндердің сұрыбынан емес. Олай болатын да жөні бар: Қазақстан Президенті Кеңсесінің бастығы сөзден гөрі істің адамы; жылтырап көрінгеннен гөрі өз жұмысын жарқырата жүргізгенді қолай көреді; артық дабыра мен дақпыртты жақтыра бермейтіндігі бірден аңғарылады, сонысымен де мемлекеттік қызметкерлер арасында өте құрметті, айрықша сыйлы.
Махмұт Базарқұлұлы Елбасының сөздерінен құралған 16 томдық еңбектің жарық көруін қамтамасыз еткен кісі, жал­пы жиынтығы отызға тарта кітаптың авто­ры. Президенттің жеке архиві мен мұра­жайын құруға сіңірген еңбегі тіпті ерен. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы – Қазақстан Республикасының жаңа тарихы деуге де болады. Махмұт Қасымбеков Ел­ба­сының ғана емес, сонымен бірге біздің Тәуелсіз еліміздің жаңа, төл шежіресін өз қолымен түзуші адам десек те болады.
Бұл күнде бізге оп-оңай сияқты болып көрінетін 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың бас кезін еске алайықшы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сайланған 1989 жылдың маусымында жағдай өте күрделі болатын. Бұл кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев комму­нистік партия заманға сай өзгеруге қабі­летті деген ұстанымда болды. Сол тұстағы жоғары дәрежелі талай жиналысқа журналист ретінде қатысқанда өзіміз де көрдік. Шынын айту керек, Горбачев бастаған қайта құру бастамасына көптеген кеңес адамдары сияқты бәріміз де сөзсіз иландық. 1989 жылдың 18 тамызында қалалық және аудандық партия комитеттері бірінші хатшыларының республикалық кеңесі өтті. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы «Шын мәнінде, қайта құру жылдарында кадр­лар құрамын тереңнен «қайта сілкі­леп», тоқырау кезеңін жанына жақын көргендерден арылуға қол жеткізілді. Алайда адамдар кеткенімен, дәстүрлер қалатыны белгілі» деген мазмұнда сөз сөйлеген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамдық өмірді демократияландыруға баса көңіл бөлді. Орталықтың әкімшіл-әміршіл тәсілдерінен бас тартуға ұмтылды. Ол республика партия ұйымдарын өз бетінше жұмыс істеуге бағыттағысы келді. Осы негізде партия комитеттерінің жетек­шілерін баламалы негізде құпия және тіке­лей дауыс беру арқылы сайлау тетігін іске қосты. Бұрын баламалы сайлау дегенді көзге елестетудің өзі қиын еді. Енді екі және одан да көп үміткерден 141 қалалық және аудандық комитеттер хатшылары, оның ішінде 59 бірінші хатшы сайланды. Осындай баламалы негізде Гурьев, Қарағанды, Көкшетау және Шымкент облыстық партия коми­теттерінің бірінші хатшылары сайланды. Соның арқасында облыстық комитеттер 70 пайызға, қалалық және аудандық комитеттер 80 пайызға жаңарды. «Аппа­рат қажет, бірақ ол жаңар­ған, өз қызметін жан-жақты орындауға қабілетті аппарат болуы тиіс» деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы.
Назарбаев тап осы тұста басқару ісін жетілдірмей өзі ойға алған реформаларды жүзеге асырудың қиындығын сезінді. Елді тығырықтан шығарудың жолын таңдау қажет болды. Демократия мен нарықтық экономикаға тең келер жолдың жоқтығын терең түсінді. Қоғамды жаңғырту арқылы алға жүру, ал экономикада – нарықтық бағытқа түсу Н. Назарбаевтың табанды­лықпен таңдаған жолы болды.
Нарықтық экономикаға саналы түрде қарсы шығушылар көптеп табылды. КСРО-ның көбесі сөгіліп, іргесі шайқалған 1991 жылдың 19-21 тамызында «Тамыз бүлігі» бұрқ ете түсті. Бұл төңкеріс комму­нис­тік партияның онсыз да қамшының сабындай қысқа қалған ғұмырын қиып түсті. Көп ұзамай КСРО ыдырап шыға келді. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бас­қарудың қағидатты жаңа құрылым­дарын құрудың қажеттігін дер кезінде түсінді. Бұрын мүлдем болып көрмеген жаңа жағдайда жұмыс істей алатын жас басшы­лар мен атқарушы кадрлар шоғырын қа­лыптастыру керектігін айқын ұқты. Мұндай құрылымды өмірдің өзі ұсынды. Ол – президенттік институт еді. КСРО-да президенттік институт 1990 жылдың наурызында КСРО президенті лауазымына Михаил Горбачевтің сайлануымен пайда болған еді. Мұндай институттар одақтас республикаларда да құрыла бастады. Бұл бір жағынан ел егемендігіне қарай жасалған алғашқы маңызды қадам болса, екінші жағынан Орталықтан және партиялық қыспақтан құтылудың бір жолы іспеттес еді. Президенттік институт мемлекетті басқарудың жаңа құрылымының негізін қалады. Мемлекеттің саяси жүйесін рефор­малауға мүмкіндік берді. Прези­денттік институттың қалыптасуы оңайлықпен бола қойған жоқ. Қазақстандағы прези­денттік институттың бастауы КСРО-ның соңғы тұяқ серпуімен сәйкес келді. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстанда президенттік институт құрылып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мәжілісінде Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып сайланды. Одан кейінгі кезең Президент лауазымын енгізу тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуына шешуші ықпал жасап, КСРО ыдыраған соң мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз еткен аса маңызды оқиға болғанын көрсетті. Сол тұста Мемлекет басшысы Президенттік кеңес деген жаңа құрылым құрды. Прези­дент жанындағы алқалы саяси-консуль­тативтік орган өте тиімді жұмыс істеді. Президенттік кеңес мемлекеттік құрылыс, демократиялық және нарықтық рефор­малар жүргізу бойынша сарапта­малық-талдамалық қызмет көрсетті. Оңтайлы да ұтымды ұсыныстар жасады. Басшылығына Н.Әбіқаев, оның бірінші орынбасар­лығына В.Ни тағайындалған, бөлім меңгерушілері Қ.Сүлейменов, Ғ.Шалах­метов, М.Бабуш­кин, Т.Сауранбеков, Г.Бер­дюгин және басқалар болған Мемлекет басшысы­ның Кеңсесі (кейін­нен Президент пен Ми­нистр­лер Каби­нетінің Аппараты, бүгінде – Президент Әкімшілігі) құрылымы да «аттың жа­лында, түйенің қомында» дегендей, жүре, тез, төте түрде қалыптасты. Ол кезде аппарат құрамында қазіргідей Хаттама және Президенттің баспасөз қызметі сияқты функцияларды орындай­тын құрылымдар атымен болған жоқ. Прези­денттің қызметін ұйымдастыру­шылық-хаттамалық және ақпараттық қам­тамасыз ету жұмыстары Махмұт Қасым­беков жетекшілік ететін жалпы сектор қызмет­керлерінің иығына түсті.
Президенттің сәл кейінірек айтатын бір сөзі бар: – «Бұрын-соңды біз мұндай мемлекет құру ісін өз бетімізше жүргізіп көрдік пе? Бәрі біз үшін шешіліп, кесіліп, даярланып қойылатын…». Расында, Тәуелсіздіктің даңғыл жолына түсу, дербес шешімдер қабылдап, елдік, мемлекеттік мұраттарды айқындау, осы жолда жан­қиярлықпен жұмыс істейтін мамандар мен адамдарды табу оңайға түскен жоқ. Ең өткір проблемалардың қатарында – кадр тапшылығы тұрды. Президент ә дегенде талай тың бастама көтерді. Жекешелендіру бағдарламасын ұсынғанда оның идеясын бөлісетін, тіпті түсінетін адамдар санаулы ғана болды. Жұрттың бәрі күнкөріс қамы­мен жүрген шақта мемлекеттік билікке келгісі келетіндер табыла қоймады. Көп­теген кәсіби мамандар мұндай жұмыс­қа келгісі келмеді. Сондай сын сағатта Махмұт Базарқұлұлы секілді өз ісін жетік меңгерген, тапсырылған істі тап-тұйнақтай етіп атқаратын, мәттақам мамандар саны он саусақтан ары аспайтын.
1990 жылдың сәуірі мен 1991 жылдың тамызы аралығында республикада Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің аппараты мен Қазақ КСР Президентінің аппараты дейтін екі аппарат қатар жұмыс істеді. Екі аппарат екі түрлі бағытта болды. Компартияшылдар жаңа жағдайда жұмыс істеуді жат көрді. Олар Президент аппа­ратындағыларға ала көзбен қарап, «біздің күніміз қайта туады» деген түрде көкірек керетін. Махаңның бір естелігінде былай деп еске алатыны бар: – «Президент Аппаратының қызметкері ретінде мен кадр тапшылығы проблемасымен бетпе-бет қалып отырдым. Күндердің бір күнінде өзім басқаратын секторға Алматы облыс­тық партия комитетінде істейтін, өзім мықты кәсіби маман ретінде білетін тәжірибелі аппаратшы және тамаша сөз зергерін жұмысқа шақыруға шешім қабыл­дадым. Қандай да бір қызметкерге «құда түскен» жағдайда этикет әуелі оның бас­тығының келісімін алғанды жөн са­най­ды. Ойымда еш нәрсе жоқ, сол кездегі Алматы обкомының хатшысымен байланысқа шығып, мен де солай жасадым. Менің өтінішіме қайтарған оның жауабы есімнен тандыра жаздады. «Немене, сендер әлі өздеріңнің «президенттік» ойында­рыңды ойнап болған жоқсыңдар ма?.. Сен маған хабарласып отырған бірінші адам емессің, Президенттің жігіттері маған телефон шалып, біресе ананы, біресе мынаны сұрайды. Оқасы жоқ, жақында біз сендерді қуып таратамыз. Ал құнды қызметкер­лерімізді сендерге бермейміз» болды оның айтқандары. Бұл кісіні мен бұрыннан танушы едім. Сондықтан да болар, одан мұндай жауап есту шын мәнінде, өзегімді өртеді. Сөйтіп, біздің ескіден келе жатқан өзара құрметімізге сызат түсті. Сөйтіп, мен Президент Аппараты басшысының бірінші орынбасары Владимир Ниге қайырылдым. Менің аргументтерімді тыңдап алған Влади­мир Васильевич пышақпен кескен­дей етіп былай деді: «Бұл жерде қандай әңгіме болуы мүмкін? Өзіңізге пайдасы тиеді-ау дегендердің барлығын ала беріңіз». Егер осындай кадрлар үшін таластағы қалжыңға бергісіз «көкпар» (батыста мұны «ақылды бастар үшін күрес» деп атайды) Президент командасына, еш артық айтқан­дық емес, әрбір сауатты маман мен әрбір білікті қызметкердің келуіне септігін тигіз­ді. Қосарланған саяси билік жағдайын­дағы мұндай күрес бүкіл кеңес қоғамына тән еді».
1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонының жабылуы, 1991 жылдың 2 қазанында ғарышқа қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ұшуы мен 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Президентінің алғаш рет өткізілген бүкілхалықтық сайлауы тәуел­сіздік жолындағы ерекше бір белес болды. Сол сайлауда абсолютті көпшілік дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып сайланғаны белгілі. 16 желтоқсанда Қа­зақстан Республикасы өзінің Тәуелсіз­ді­гіне қол жеткізді. 1991 жылдың 10 желтоқ­са­нындағы өзінің инаугурациялық сөзін­де Нұрсұлтан Әбішұлы жас мемлекеттің алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттер ауқымын нақты айқындап берді. Алда қыруар жұмыс, қатпар-қатпар тірлік тосып тұр еді. 1990 -1991 жылдары еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзінде Қазақстанның институттық негіздерін қалыптастырып, болашақ егемендігіміздің іргетасын қалады. 1990 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Декларация елдің толық мемлекеттік тәуелсіздігі жолындағы мемлекеттік-құқықтық жүйесін одан әрі дамытуды қамтамасыз еткен жас мемле­кеттің алғашқы негіз қалаушы заңнамалық актісі болды. Оның үстіне, құжат мемле­кеттік билікті заңнамалық, атқарушылық және сот жүйелеріне бөлу қағидатын бекітті. Осы орайда Жоғарғы Кеңес заң шығарушы биліктің айрықша артықшылы­ғын алса, Президент Мемлекет басшысы ретінде – бұйрықты-атқарушылық билік­ке, Жоғарғы сот билігіне ие болды. Кім қайда барарын білмей, әр ел әр тарапқа дағдарған тұста Президент «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасын жа­риялады. Қазақ елін өршіл рухта дамы­ту­дың шешуші бағыттарын белгілеген стра­тегиялық бағдарлама өзінің өміршеңдігін іс жүзінде дәлелдеді.
Елбасының Кеңсесін басқару секілді аса маңызды жұмысты Махмұт Қасымбеков қамшы салдырмай атқарды. Махмұт Базарқұлұлына Мемлекет басшысының күнбе-күнгі қат-қабат жұмыстарын жүйелі түрде реттеу, күн сайын алдына кіріп, ұлт Көшбасшысының үлгісі-өнегесін көру, небір тарихи маңызды шешімдердің қа­был­дануына куәгер болу бақыты бұйы­рыпты. Мемлекет тарихының қалай жасалатынын күнбе-күн нақты бақылауға мүмкіндік алғанын былай қойғанда, тіпті сол тарихқа өзі де тікелей куәгер ретінде қатысып келеді. «Менің қызметім сондай. Сыртқа шығатын, шетте жүретін жұмыс емес. Жұрт алдында суырылып сөйлеп жату да біздің міндеттің сипатына келе бермейді. Мен ата-бабаларымыздың көшпелі өмір сүргені, соған байланысты қағазға жазылған құжаттар көп сақтал­мағаны, мұның өзі елдің тарихын жазуға қиындық келтіретіні жөнінде көп ойланған едім. Сондықтан да өз билігіміз өз қо­лымызға тигенде мемлекеттілігіміздің деректі жазбаша тарихын қалыптастыру жө­ніндегі жұмысты ұйымдастыру қа­жеттігін анық сезіндім.
Ат жалын тартып мінген жылдарым егемендіктің елең-алаң шағына, тәуелсіз­діктің таңсәрі шағына тұстас келгені, осы кезеңде жас мемлекетіміздің қаз басып, қалыптасуына хал-қадірімше араласқаным, тәуелсіз Қазақстан атты ғимараттың бір кірпіші болып қалануға ұмтылғаным, сол жұмысты халқымыздың бағына біткен дара да дана тұлғаның – еліміздің Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың тікелей басшылығымен, үйрене жүріп, та­ғылым ала жүріп атқару мүмкіндігі маң­дайыма бұйырғаны – баға жетпес бақытым. Мен сол бақыттың бағасын білдім дей аламын» деп толғанады Махаң.
Махмұт Қасымбеков – Елбасының сенімді серіктері қатарында келе жатқан көрнекті қайраткер, белді ғалым, қарымды қаламгер, мейлінше мемлекетшіл тұлға, елшіл азамат. Ол ұзақ жыл мемлекет басшысының тікелей қарамағында қызмет атқарып, президенттік институтты зерт­теумен кәсіби тұрғыда айналысып келеді. Оның ғылыми және шығармашылық қорында президенттік институтқа, Н.Ә.Назарбаевтың саяси қызметіне ар­нал­ған ғылыми монографиялар, оқу құрал­дары, көп томдық басылымдар, публицис­тикалық жинақтар, көптеген мақалалары бар.
Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабы оқырман назарын бірден жаулап алды. Бұл кітап халықаралық танымалдыққа тез ие болды. Бірнеше тілге аударылды. Әлем халқы Қазақстан Пре­зидентінің болмыс-бітімін, оның жан дүниесін, адамдық қалыбын танып, білгісі келеді. Осы орайда Махмұт Базарқұлұлы: – Мен ол кісінің жай адам еместігін, шын мәнінде, ұлы тұлға екенін өз көзіммен көріп келемін. Көптеген жылдар бойы Президент Кеңсесін басқарғандықтан, соған байла­нысты Елбасының алдына жиі кіретін­діктен, ол кісінің айтқан әңгімелерін көкірекке түйе жүрдім, жүйелі жазба жасап отырдым. Ақыр аяғында оларды жинақтап, жүйелеп, қалың жұртшылыққа жеткізуді парыз санадым. Президент үлгісінен үйренетін жайлар өте көп екеніне менің кітабымдағы нақты мысалдар дәлел болады деп ойлаймын. Осы жылдар ішінде мен Елбасының адамдық қасиеттерін жақын тани алдым. Ол кісінің де жан дүниесінде алай-дүлей бұрқаныстар болып жататы­нын, тәуелсіздіктің тағдыры үшін қандай­лық сынақтарға түсетінін, қиналатынын, қуанатынын көрдім. Президент өзінің көре­гендік саясатымен Қазақстанды ырысы артық, ынтымағы жарасқан елге айналдырды. Халықаралық саясатта үлкен жеңістерге қол жеткізді. Қазір қарап отыр­саңыз, КСРО-ның бұрынғы республи­каларының Қазақстаннан басқа бірде-бірінің көршілермен шекара мәселесі толық шешілмеген екен. Ал Қазақстан бұрынғы одақтас республикалармен ғана емес, Қытаймен де шекарасын дау-шарсыз шегендеп алды. Ресеймен шекара бекіту де оңайға түскен жоқ. Осының бәрінде Нұрсұлтан Әбішұлының даналық дипло­матиясы жатыр. Елбасымыздың Астананы салуы өз бетінше бөлек ерлік. Президенттің жаңа қала тұрғызу жолындағы ізденістері, қиналыстары, ондағы әр құрылысқа қуануы да көз алдымда өтті. Мемлекеттің болашағын айқындайтын осындай ұлы істердің қалай атқарылатынын да оқырманға айтып бергім келді.
Менің бұл кітабым Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін жасаған теңдесі жоқ ерлігін халыққа шынайы жеткізудің тағы бір талпынысы, – деп ақтарыла сыр шертеді.
– Мемлекеттік қызметте, Елбасының жанында жүріп осындай кітап жазғаныма кей адам таңданыспен қарайды. Ал дұры­сында мұндай кітапты біз жазбағанда кім жазуы керек? Мен Елбасының қарама­ғында 1990 жылдың 4 сәуірінен бері жұмыс істеп келемін. Әуел баста Президент Аппа­ратын құру жайында шешім қабылданғанда қатты қиналғанбыз. Оған дейін біздің барлық тапсырмамыз Мәскеуден келетін, біз соларды орындаумен отыратынбыз. Керек қағаздарды Қазақстан жағдайына бейімдеп қана жазатынбыз. Президенттік инс­титутты енгізу арқылы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы елді дербес мемлекет болуға дайын­дай бастады. Сол тұста басшымыз­дың іскерлік қасиеттеріне талай рет куә болғанбыз. Одан бері талай су ақты, аппа­ратта да көп адам жұмыс істеді. Талайлар келді, талайлар кетті. Тәуелсіздіктің алғаш­қы күндерінен аппаратта жұмыс істеп жүргендерден қазіргі Әкімшілікте мен-ақ қалған сияқтымын. Басқалар түрлі жұмыс­тар­ға ауысты. Содан бері тапжылмай бір жұмыста отырмын, – дейді Махмұт Базар­құлұлы.
Махмұт Қасымбековтің Қазақстан Тәуелсіздігі үшін ұзақ жыл сіңірген еңбегін ес­керген Елбасы оны жанынан бір елі алыс жі­бермейді. Жақында ғана бір топ мем­лекеттік қызметкердің зейнет жасын ұзарт­қанда Мемлекет басшысы Махаңа тағы да айрықша ықылас көрсетті. Қанша­ма жыл бірге жүргенде Елбасымызды жақыннан тану, оның адамдық қасиеттерін көру, со­лар­ды хаттап, қағазға түсіру оңай шаруа емес.
– Қай-қайсымыздың да өзіміз көптен бері жақсы білеміз-ау дейтін жандарды кейде ойламаған жерден жаңа бір қырынан ашып жататынымыз бар ғой. Бұған әдетте олардың оқыста айтатын уытты сөздері, шуақты әзілдері мен қалжың-қағытпалары да себеп болады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы да осыны айтуға болар еді. Алайда күнделікті ресми қарым-қатынастың қарбаласында ол кісінің де ең алдымен өзіміз сияқты адам екенін көңіл­ден таса қалдыратын сияқтымыз. Әйтпесе адамға тән нәрсенің бәрі оған да жат емес. Сәтімен айтылған әзіл-қалжыңға ол да жаны жадырай күледі. Астарлы әзіл-қал­жыңды өзі де жасындай жарқылдатып айтады. Сондайда ішкі жан дүниесі де жар­қырап ашыла түсетіндей көрінеді бізге. Осыны ескерген мен Президенттің өмірін­де кездескен эпизодтардан шағын топтама әзірлеп едім. Олардың бірқатарын Мем­лекет басшысының қызметіне қатысты кітаптар мен мақалалардан жинадым. Қайсыбірін жұмыс барысында өз аузынан естідім. Енді біреулерін бейресми жағдайда жанында болып, сондай сәттерді көзімен көргендер айтып берді, – дейді Махаң өзі­нің шығармашылық жолына шабыт берген ұлт Көшбасшысы туралы кеңінен тол­ғанып.
Елбасының өлең шығаратын тамаша қасиеті бар екенін біреу біледі, біреу білмейді. Махмұт Базарқұлұлы қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтің Елбасын жыл сайын Жаңа жыл мейрамы­мен құттықтап тұратын дағдысын былайша хаттапты: «Тұм-ағаң, әрине, құттықтауын өлеңмен жолдайды. 2008 жылдың қарсаңында да осылай болды. Өлең Тұм-ағаңның өзінің пейілі мен жүрегіндей өте жылы екен. «Нұрсұлтан бауырыма. Жаңажылдық жыр» деп аталатын сол өлеңнің төрт шумағы мынадай еді:

Өстің ғой тұнықтарда ат суғарып,

Өзіңді аялаумен өтсін халық.

Ылайық сенің биік мәртебеңе

Жаңа жыл жаңа бақыт жетсін алып.

Жақ­сы­ны, жаманды да көрді басың,

Іздеген батырымсың шөл жуасын.

Өзіңнің аман жүрген әр күніңе,

Мынау бір жалпақ жат­қан ел қуансын.

Келеді алға тартып алтын арба,

Сәт сайын қарқын қосып қарқын­дарға.

Сен барсың, асыл інім, жан бауы­рым,

Нұрсұлтаным дейтұғын халқың барда.

Тапсам деп қазағымның қалай ба­бын,

Жайнадың, жазғы таңдай арайландың.

…Жаңа жыл кірген кезде өз үйіңе,

Бізді де бірге кірді деп ойлағын.

Сәлеммен, Тұ­манбай бауырың. 22.ХІІ.2007.

Хатты сол күнгі поштамен бірге Нұрсұлтан Әбіш­ұлына бердік. Бір-екі сағаттан кейін Президенттен қайтқан поштаны қарап отырсам, арасынан Елбасының Тұм-ағаңа жолдаған жауабы ұшырасты. Ол хатты оқып қана қоймай, ақынның құттықтауына екі шумақ өлеңмен жауап қайтаруды жөн көріпті. Мемлекеттік елтаңбамыз басылған өзінің қызметтік ресми, сарғыш, мөртаң­балы парағына қара сиямен былай деп жазыпты:

Қазағымның тапсам деп қалай бабын,

Мен жүрмін тәуелсіз ел ойлап қамын.

Сен жырлай бер қазақтың бақ, ыры­сын,

Жылдан-жылға аман боп, Тұман­байым!

Жақсыны, жаманды да көрді басым,

Сондықтан асымаймын, тасымай­мын.

Тұманбайлар ісімді қолдап жүрсе,

Бастай берем халқымды, жасымаймын.

Хаты­ның соңына «Ақын емес – Н.Назар­баев» деп қолын қойыпты. Әрине, мұны мінсіз өлең деу жөн бола да қоймас. «Ақын емеспін» деп қол қойғаны да содан ғой. Бірақ ең бастысы, «екі ауыз өлең шығар­майтын қазақ болмайды» деген халықтық қағиданы ұстанып, Нұрсұлтан Әбішұлы өзін толғандырған ақынның өлеңіне өлең­мен жауап бере білген. Бұл екі шу­мақтан азамат жанының шуағы мен нұры есіп тұр. Байыптай қарасақ, осының өзі елдік дәстүрдің ерен бір көрінісі ғой. Хатты сол күні-ақ Алматыда тұратын ақынның мекенжайына жөнелттік. Хат барған соң, Тұм-ағаң Президент кеңсесіне телефон соғып, Елбасының ізетіне өзінің қатты риза болғанын білдіріп, рақметін жеткізді. Жүрегі нәзік жан ғой, тебіреністен табан астында туған тағы да бірер шумақ өлеңін телефон арқылы маған жаздыртып, Нұрсұлтан Әбішұлына табыстауды сұрады. Әрине, ардақты ағамыздың ол өтінішін қуана орындадық. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлының бойында шығармашылыққа бейімділіктің сонау жас кезінен-ақ бар екенін айта кету керек».
Махмұт Базарқұлұлы ештеңені жанынан шығарып қоспайды, қиял қуып кетпейді, барды бар, нарды нар күйінде көрсетеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолын кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде дәріптейді. Дәріптеуі – шынайы.
«Нұрсұлтан Әбішұлы өз елімізде жеке басын айрықша дәріптеуге ұдайы қарсы болып келе жатқанын көріп жүрмін. Мәселен, елді мекендерге, көшелер мен мектептерге есімін беруге келісімін бермей келе жатқандығы туралы бұдан бұрынырақ бір мақаламда жаздым да. Жұртшылықтан түскен ұсыныс хаттардың бәріне де Нұрсұл­тан Әбішұлының тікелей тапсыруы­мен осындай жауап беруге мәжбүрміз. Тек биыл ашылатын халықаралық универ­ситетке ғана есімін беруге келісімін берді. Оның өзінде де Мемлекет басшысының атымен аталса, университет бүгінгі заман талабына сай келетін жоғары оқу орнына тезірек айналар ма еді деген оймен ғана келісті. Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлы­ның бір үлкен мәжіліс кезінде, тіпті: «Ка­би­неттерге менің үлкен портретімді іліп қоюға үзілді-кесілді қарсымын. Егер сол адам мені жақсы көреді екен, ендеше, порт­ретті үйіне апарып іліп қойсын» деп ашуланғаны бар. … Қаласа, тіпті жатын бөлмесіне де ілуіне болады, – деді сосын сөзіне ащы мысқыл араластыра. Сөз түсінетіндерге осының өзі де жеткілікті болса керек» деп жазады Махмұт Базарқұлұлы.
Кеңсе бастығы ұқыпты, жауапты, мұқият, тәртіпті, талапты адам болуы шарт. Махмұт Қасымбековтің бір бойында осынау абзал қасиеттердің бәрі бар. Соның бәрінің бастауында – сірә, бір кездері тақымы терден құрғамаған, елім, жерім деп күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген шұбырт­палы Ағыбай секілді батыр бабасынан қалған елшілдік қасиет жатса керек! Сондай текті тұқымның түлегі, асылдың тұяғы, алтынның сынығы іспеттес аза­маттың есімін Елбасы тектен-тек еле­мегенін байқаймыз.
Ақорда секілді қасиетті мекеннің шырақшысы тәрізді – Тәуелсіз елдің шежірешісі, абыз Махаң, абзал Махаң – ұлтжанды, елшіл, мемлекетшіл Махмұт Қасымбековтей тұлғалар барда Елбасының да, елдің де мерейі үстем бола бермек.

Нұртөре ЖҮСІП

qazaquni.kz

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз