WhatsApp мессенджері және әлеуметтік желілер арқылы ажалды тұмау туралы таратылған жалған ақпарат бойынша Қазақстанда тексеру жүргізіліп жатыр.
«Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тұмауға қатысты үрей туғызатын ақпарат тарап жатыр. Ол шындыққа жанаспайды. Бұл ақпараттың Алматыны айтпағанның өзінде Қазақстанға қатысы бары-жоғы әзірге белгісіз. Алайда, ҚР Ішкі істер министрлігі бұл дерек бойынша орталықтандырылған түрде тексеру жүргізіп жатыр», – деді Алматы қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
ҚР Қылмыстық Кодексінің жаңа редакциясына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы қасақана жалған ақпаратты тарату бойынша 5 мың айлық-есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Өткен жылы әр түрлі бағытта жалған ақпарат таратқан 10 адам анықталды. Мұндай ақпараттар адамдар арасында үрей туғызатыны анық. Сондықтан мұндай жағдайда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты, әлеуметтік желі арқылы ақпарат жазатын азаматтарды әр сөзі үшін жауапты болуға шақырамыз», – деді С. Әзірбек.
Айта кетелік, WhatsApp мессенджерінде шошқа тұмауы туралы дыбыстық хабарлама таратқан әйел тұмау індетінің таралып жатқаны және шошқа тұмауынан 39 адамның көз жұмғаны жайлы айтады. Ал бұл оқиғаның қай жерде орын алғаны айтылмаған.