Қылмыс әлемінің серкесі 22 жылға сотталды

1
203

Қазақстан түрмелерінен қаржы жинап, сотталғандардың тыныштығын бұзып келген қылмыскер Шымкентте сотталды деп хабарлайды Отырар арнасы.

Қылмыс әлемінде Бонд лақап аты бар Стуруа Бондоға үкімді оңтүстіктің соты кесті.

Бондо Стуруа лақап атымен танылған халықаралық ұрыға үкім Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотта оқылды. Сотқа төрағалық еткен Әбинұр Қарабаев қазақстандық Бонд есімімен белгілі болған күдіктіні аты-шулы әккі адам деп есептейді. Ол екі жыл бұрын Мәскеуде қолға түскен.

Кейіннен Қазақстанға жер аударылып, Шымкенттегі тергеу изоляторына қамалған. Оған еліміздегі қылмыстық ұйымға басшылық жасап, халықаралық қылмыстық серіктестерін қаржыландырған деген айып тағылады.

Ашық түрде өткен отырыс орыс тілінде өтті. Прокурордың айтуынша, Бонд Қазақстандағы қылмыстық серіктестікке басшылық еткен. Халықаралық қылмыстық бірлестікті қаржыландырып отырған. Онымен қоймай, еліміздегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан қылмыстық авторитеттерді осы ұйымға тартқан. Мемлекеттік айыптаушы оның көмекшісіне 7 жыл, ал түрмедегілердің үстінен қарап жүрген Бондоға 25 жыл беруді сұрады.

«Сот ісін қарау барысында сотталушылардың туыстарынан үш рет Бондоның қаржы алғаны анықталды. Сосын өздерінше конференция ұймыдастыратындары да анық болған. Тараздағы түзеу мекемесі мен Алматыдағы түрмелердің үстінен қараушылардың мәселесі бойынша жиналыс ұйымдастырған», – деді ОҚО қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Әбинұр Қарабаев.

Бондо бұған дейін Қазақстан заңымен 4 рет сотталған. Кәмелетке толмаған кезінде де сотты болған көрінеді. Негізі Грузия елінің тумасы 1995 жылдан бері Қазақстанда жүрген.

Оның Андрей Ли деген көмекшісі де мәз емес. Ол осы уақытқа дейін үш рет сотты болған. Соңғысында көлік ұрлап, адамға дене жарақатын салып, қару асынғаны үшін ұсталып, қамалған. Осы Андрей Ли арқылы Бондо түрмелердегі проблемаларды шешіп бергені үшін қаржы жинап отырған. Сотталғандардың тыныш өмірі үшін туыстарынан да ақша алып келген.

Сот процесі біткенен кейін судьяны тоқтатқан сотталушылар шағымдарын айтып қалды. Айтуларынша, түзеу мекемелері былыққа батқан.

Түрмеде жазасын өтеп отырған Андрей Лидің бұған дейін 5 жыл 4 айға сотталған жазасына енді тағы 7 жыл қосылды.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз