Бүгін Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» саяси партиясының кезектен тыс XVII съезінде Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Оған республикаға белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен өнер иелері енді.
Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаттарының саны 98 адамды құрайды. Алайда, партиялар осы санға қосымша 30 пайызға үміткерлер тізімін арттырып, бекіте алады. Соған байланысты партиялық тізімде 127 адам қамтылған, бұл кандидаттардың тізімі «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінде алдын ала мақұлданған.
Үміткерлер арасында бесінші шақырылымның бірқатар депутаттары, бірқатар облыс әкімдері, министрлер мен Үкімет мүшелері, спортшылар мен әншілер де бар.
Мәселен, партиялық тізім бойынша белгілі боксшы Геннадий Головкин мен әлем және олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Илья Ильин енді. Сонымен қатар, еліміздің танымал әншілері Қайрат Нұртас пен Жанар Доғалова, Айман Мұсақожаевалар өтті. Бірқатар министрлер мен әкімдер, ұлттық компания басшылары да партиялық тізімге енген. Мәселен, министрлер арасында Арыстан Мұхамедиұлы, Бақыт Сұлтанов, Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулиндер де бар. Облыс әкімдері, солардың ішінде Бердібек Сапарбаев, Сергей Кулагин, Алик Айдарбаев, Амандық Баталов, Даниал Ахметовтер енді.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК президенті Ахметжан Есімов, актер Нұрлан Әлімжанов та бұл тізімнің ішінде бар болып шықты.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы