Өнер өкілдері сахнаны саясатқа айырбастауға дайын ба?

8
128

Депутат болуға әркімнің-ақ бар таласы. Әнші Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова, актер Нұрлан Әлімжанов Мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізіміне енді. Өнер өкілдері сахнаны саясатқа айырбастауға дайын ба?

Бұл туралы 24 арна хабарлайды.

Кеше қалың бұқара Тәуелсіздік сарайына таңертеңнен ағылды. Сағат 11:00-ге белгіленген жиынға жұртшылық бір сағат ерте жиналды. Шенді-шекпенді, әнші, спортшы, түрлі саланың тізгінін ұстаған мамандардың басын бір мүдде, бір мақсат, бір партия тоғыстырған.

Көрермен тек сахнадан көруге дағдыланған Қайрат Нұртас та саяси алаңнан табылды. Қашан да сәнденіп, талғаммен киінетін әнші бүгін классикаға басымдық берген. Депутат болудан дәмесі бар. Халық қолдаса, әншілікті қойып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға білек сыбана кірісетінін жеткізді.

«Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, қаншама кеш бердім. Сондықтан ауылдар мен аудандарда не болып жатқанын өз көзіммен көріп жүрмін. Өнер саласында сахнаға шыға алмай жүрген бауырларымыз бар. Солардың барлығына қолдау көрсетемін деген ойдамын», – дейді Қайрат Нұртас.

Депутат орындығына отыруға ниетті өнер өкілдері Қайрат Нұртаспен шектелмейді. Гүрзі жұдырықты Головкин мен Сәпиев, әнші Жанар Дұғалова мен актер Нұрлан Әлімжанов та тізімді толықтырып тұр. Пір тұтатын азаматтарды Мәжілістен көргісі келетін жастардың қарасы қазірден көп.

«Мен Нұрлан Әлімжанов сияқты ағаларымызға дауыс беретін едім. Өйткені ол кісінің кино әлеміндегі шығармашылығы да, қоғамдық өмірде ұстап жүрген өзінің рөлі де маған ұнайды», -дейді студент Теміржан Ізтілеуов.

Елбасы рөлін сомдап көпшілік көңілінен шыққан Нұрлан Әлімжановтың әлі депутат болуға жете ме? Актер халықтан қолдау көріп, саясат тұлпарын тізгіндесе өнер саласына өзгеріс әкелуге тырысатынын жеткізді. Қайрат Нұртас секілді сахнадан түбегейлі кетпей, қос шылбырды қатар ұстаймын деп отыр.

«Бірінші қадамды өнер жағынан бастаймын. Әрі қарай саясаткер болу мақсаты бар. Әрине өзіңнің білетін дүниеңнен бастайсың ғой», – дейді  актер Нұрлан Әлімжанов.

Осылайша өнер өкілдері саясат сахнасына жіпсіз байлануы мүмкін бе? Халық таңдауы кімге түседі? Бұл – алдағы сайлауда жауабы табылатын сұрақтар.

Дереккөз: 24.kz

8 ПІКІРЛЕР

  1. Менімше қазір əңшілер мен спортсмендерге ерте сиякты саясатқа бет бұрғандары немесе біреуін тандап сол бағытпен жүру керек.

  2. Қайрат пен Жанарға қарағанда Нұрланның мүмкін депутат болатынына сенім артамын.

  3. Аслан сіздің пікіріңізбен келісемін. Сайланып жатқан әнші ме, спортшы ма маңызды емес, ең бастысы таза ниетті болсын. Халыққа адал қызмет етсін!

  4. Егер саханы саясатқа айырбастауға дайын тұрса, онда неге сайланбасқа?

  5. Сайлауға үміткер болып жатқан азаматтар халыққа қызмет етемін деген ниет білдіріп отыр. Алдағы уақытта бұл азаматтар депутат болып жатса, умітімізді ақтайды деген ойдамын.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз