Әбілһаят іздеген айбоз ақын

1
204

Есенғали Раушанов өнернамасы туралы баян

Кейде қыран самғар биікте құйын көтерген ескі-құсқы, көр-жерлер де ұшып жүреді. Ақ жібекке жамаған құрым киіз тәрізді немесе аунай-аунай, сүйкене-сүйкене паршасы шыққан буыршынның жабуындай жалбыраған жайдақ өлеңдердің несін айтасың, қазір құдайы беріп тұр. Суқаның сүймесе де, саңлақ өнерпаздың салқам бейнесі асқақтай көрінуі үшін сұрқай ортаның да артықтығы жоқ сияқты. Алла тағалаң осылай жаратса амал не?

Пайғамбарымыз Мұхаммед жастық шақты жалпы адам өмірінен бөліп, оған ерекше мән беріп, ауызда тіс, белде күш болатын балғын өмір – адамға берілген баға жетпес нығмет екенін өз үмбеттеріне айтудай-ақ айтып кетті. Сол үшін адам баласынан қиямет күні жастық шақ үшін бөлек есеп алынады. Осы орайда, жасы ұлғайған кезінен гөрі балауса шағында көп еңбек тудырып кететін ақындар болады. Солардың бірі – Есенғали Раушанов.

Қалай дегенмен де, ол шәкірттік дәуірді басынан өткермей-ақ, елік­темей-солықтамай іштей түлеп келіп, өлең аламанына бірден түре тиіскендей көрінеді.

Сақтиян доптай зымыраған уақыт шіркінге дауа бар ма? Самайға ақ кірген соң ақылға айла қосылады. Жастық шақты әумесерлікпен, әң­гүдіктікпен рәсуа етіп алғасын, есейген санаң талай өкінішіңе үкім шығарады, налытады. Бәз біреу­лер енді-енді қолына қалам алып, бірдеме түрткен болады.

Анаңның сені тапқандығы бебеулеген толғағынан бастап, өзің о дүниеге аттанар кездегі зар-за­рыңның арасында қаншама зіл­мауыр хикметтер жатыр.

Қасқитқанда, соның бәрін Есенғали 17 мен 25 жас аралығында жазып кетіпті.

…Өлең ғып өзі туған белес, қырды,

Оңаша өз ойымен кеңес құрды.

Өтірік мақтаған жоқ ол ешкімді,

Көпіртіп даттаған жоқ ол ешкімді.

Көрсе де ауыр күнді, қиын жылды,

Саудаға салмай өсті сүйіп жырды.

Өмірде кейін жүрді ол осылай,

Өмірде ол осылай биік жүрді.

Міне, балауса ақын елде жүріп өлең қаузаған албырт шағын осылай бе­дерлейді. Асау ат та қажырлы адамның қолынан, көзінен, тақы­мынан сескенеді. Сол тәрізді адуын өнерді ұстап тұру үшін қайсар мінез, берік иман, бет қаратпас айбын керек. Әйтпесе, сөзің өтпеген, қолың жетпеген арман адамды жеп қояды. Асылы, өмір бойы үрей мен үміттің арасында күн кешіп, өзін қай­раулы қанжардай қылпылдатып ұста­ған адамнан ғана бірдеме күтуге болар.

… Кендебай болып терледім,

Керқұла ат болдым желерде,

Кереге мола өрнегін

Көшіремін деп өлеңге.

Ұшырып алған құсыма

Табыс деп жылап иеңмен,

Кегжиіп өткен тұсыма

Кесілгір басты ием мен.

Бөлсем де ол кез, бұл кез деп,

Бір өлең жазу – мұратым

Күндердің күні күмбез боп

Күңгірлеп сөйлеп тұратын…

немесе:

…Үлкеннің сөзін нұсқаға ап,

Бір рет жонып, үш қарап,

Сартасты кесіп, сазды ойып,

Қиюын тауып, қыш қалап,

Тізілдіріп тізбелеп,

Үзілдіріп үзбелеп,

Маңғыстауда – мың қыстау

Қайырлы болсын сізге деп,

Осындай оңды мұра қалдырған

Құла майдан дүздерде,

Кісілігі керек сол бір шалдардың

Ісмерсіп жүрген мына біздерге.

Жаттың ойын желкен ғып,

Қаншама рет өртендік.

Маңғыстаудың ойында

Қарайды бізге мүсіркеп

Мықтылық пенен көркемдік.

Иә, Есенғали ғайып – жалған құрды­мына шым батқан өткен дәуірлердің жоқшысы. Оның өлеңдерін оқығанда кетілген қорған қабырғалары, қап-қара ыс басқан кәрі үңгірлер баяғы жасаң қалпына келіп, жермен-жексен болған сәукеле мұнаралар қайта бой түзеп, сән-салтанат құрғандай көрінеді.

Қыналы моласы мен құмайтты даласы қайта түлеп, Маңғыстаудай Отаны үшін шыбын жанын садаға қылған баһадүрлер, аруақты ерлер, жуан қо­ныш батырлар көрлерін қопарып, тар лақатты қақырата сөгіп, қайта сапқа тұрғандай болады. Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің. Қаншама ілік іздеп, сынап қарасаңыз да саңылау таптырмас шебер жымдасу, тылсым жарасу, жұмбақ қауышу…

…Жел, жел есті, жел есті,

Төменде төбе билер кеңесті,

Ел мен жерің тең өсті.

Бүгінгі күн болғанда,

Тіл таба алмай Елменен,

Тілдесе алмай Жерменен,

Тірі өлік боп біз жүрсек,

Бұл тегімнің осалдығынан емес-ті, –

десе, тағы бірде:

– Ех, өнер, қазақы өнер, есіл өнер,

Алса ғой түзу бағыт көшің егер,

Тұтқасын ұстар ең-ау дүниенің

Әзірге жетімсің сен, кешіре гөр.

Шабылдың төреге еріп ер арқалап,

Сабылдың қожаға еріп тері арқалап.

Еділдей еркін ағып кете алмадың,

Еділдей екпіні бар өнер-талап, –

деп, сормаңдайлығымызды, алауыз­дығымызды, тарихтан сабақ алмайтын ке­щелі­гімізді бетімізге шыжғырып баса­ды. Оның жырлары саналы ғұмыр иесін бір сілкімей, өрттей шарпымай, шыбырт­қыламай қалған емес.

Сөзден дауыл тұрғызып, найзағай ойнататын Есенғали өлеңдерін елдің саң­лағы да, саясаткері де, саудагері де, сыншысы да… бәрі оқиды. Бірақ, үндемейді. Бір де біреуі: «Өлеңің – өрт, жырың жалын екен. Сендей ұл тапқан анаңнан садаға кетейін!», – демейді.

Бірақ, шандоз шайыр бұған пыс­қырып та қарамайды. Өйткені, ол өз өресін, өз бағасын білетін талант.

Есенғали әманда Э.Хемингуэйдің: «Құлқынымды көздеп кітап жазсам, мені қар­ғыс атсын!», – деген антын ұстанатын сияқты.

Сондықтан да болар, оның өнерна­масынан толғақсыз туған жадағай арнау өлеңдер мен мерекелік одаларды кездес­тіре алмайсыз.

Құран мен сүннеттен қапысыз сусындап, арғы-бергі әдеби дүниелерді, мағұрып пен машыраптың бай мұра­ларын адақтап шыққан сұңғыла ақын өзбек, парсы, араб, ағылшын тілдерін бір адамдай меңгерген. Осының бәрі бүгінгі поэзияның өресіне ашынудан, қанағаттанбаудан туған ізденіс еді.

Алтын балық, ақпа балық,

Қармағымды қаппа, балық,

Сен көп болса үш тілегімді

орын­дайсың,

Ал, менде үш мың тілек жатқаны анық.

* * *

Ортақ емес бір керме,

Қоспа кілең шобырға.

…Бөлек шаба білгенге

Бөлек болсын орын да.

Есенғалидың мойнын бір жағына бұрып шабатын сәнқой аттай, қаптаған өлеңшілерді менсінбей, асқақ жүретіні сондықтан … «Өнерпаз болсаң – өр бол» демейтін бе еді, Біржан сал …

Оның табиғаты испан суретшісі Пабло Пикассоға келіңкірейді. Жарат­қан Ием әйгілі қыл қалам иесіне қиқар мінезді де аямай бергенге ұқсайды. Күліп-ойнап отырып, әп-сәтте нілдей бұзылып, тас-талқан боп ашуланып, аспанға пистолет атып, артынша анекдот айтып, түк болмағандай жайбарақат жүре беретін адамды кім көрген!

Міне, осындай алақұйын мінез Есен­ғалидың бойынан да көрініс тап­қаны тегін емес.

Алайда, адуын дарындардың бұ­ла­лығы, еркіндігі кешегі кеңестік тәртіппен өсіп-өнген, сызып берген шеңберден қия баспайтын құныс мойындарға ұнамайтыны анық. Ішіне шынашақ айналмайтын, ашық бой талас­тыра алмайтын торшолақтарды талантты жан сүйретпеге салып, пұ­шай­ман қылады. Әлгілер ол қонған жұртты шиырлап жүр­генде, анау қоныс аударып, тағы бір соныға шатырын тігеді. Есенғали осынау қалам сіл­темесімен оқырманның ғана емес, елік­теушілердің де шақшадай басын шарадай қылып қойды.

Енді мына бір өлең жолдарын оқып қарайықшы:

Тілім-тілім,

бұжыр-бұжыр денесі,

Сордай боп-боз сойыл жарған төбесі,

Борбас үлек-атасы,

Бопық мая-енесі,

төс табаны отты басса күймеген,

Тасты басса – қамырдайын илеген,

Қатар қойып отыз інген қайытқан,

Қатар қойып отыз шана сүйреген

Үлек жоғалттым,

Кім көрді?

… Өтіп бері уілдеген бораннан,

Қышыр-қышыр үн келетін қорамнан.

Мен түйе іздеп жүргенім жоқ, ағайын,

Ашуымды іздеп жүрмін жоғалған.

Көз жазыппын қайратымнан, ғұрпымнан,

Сене көрме, мен емеспін бұл тұрған.

Іш сарайым – жап-жалаңаш, жүп-жүдеу.

Шыққан тоқты секілдімін қыр­қымнан.

* * *

… Тұсаулы тұр боз шолақ.

Ойқы-шойқы, орда-шорда бітімі,

Кетіпті әбден жануардың ыпыны.

Бұл – кешегі бір күндерде,

Үш қиянның еліне

Шапса, бәйге бермеген

Есіл біздің Көкжұлынның тұқымы.

* * *

… Соңы бар ұйқтатпаған ұлысымды,

Сол гәптен аңғарарсыз ұлы сырды.

Біздің дау – түбін қусаң жеткізбейтін

Түлкінің бозға салған жымы сынды.

Міне, осынау үзік-үзік өлеңдердің ішкі мәніне, шүңейт иіріміне жай оқырман түгіл, кейбір сыншыларың да бойлай алмайды. Бұл тұспал, ишараларды тек зерек сана, ұшқыр ой, терең түйсік арқылы ғана ұға аласың. Бейне бір әкесінің ақи­рет алдында баласына сыбырлап айтатын ақырғы аманатындай, жан сырындай сезіледі, түкпіріңдегі нәзік қылыңды шертіп өтеді.

Есенғали лирикаға эпикалық фон бере жырлаудың шебері. Ол тұ­ла бойыңды түгел баурайтын, қаның­ды қыздырып, миға шабатын фило­софиялық сурет салу­ға жеткен шайыр.

Сөздің ұғымдық – символдық, мифтік-магиялық, саздық-гармониялық шоғырын іздеп тауып, жұтындыра пайдаланады. Ол қолдана-қолдана жауыр болған көрбала, бұралқы теңеулерге өлсе де жоламайды.

Тағы бір ескеретін жайт, қазақ ақын­дары ішіндегі түйе жайлы ең көп жырлаған да Есенғали болар. Шабына бөгде қолды жолатпайтын, тек өзі иісін алған адамға ғана саудыратын, төрт аяқтыда біреу шөгертпесе еркекті қажет етпейтін, өркешіндегі үйме май конденсатор қызметін атқарып, шілдеде апталап су ішпейтін осы бір ғажайып жануар – аруаналар, бураларға келгенде ақын қаламы есіле түседі. Ойсылқара табиғатын өмір бойы түйе баққан түйекеш те одан артық біл­мейтін болар.

Түс түйе боп енеден туған ірі,

Желкілдейді желкеде шуда жүні.

Шайыры ағып, аузынан көбігі атып,

Жатқызбайды күні-түн буралығы.

Басқа біреу болса құсығы, я жыны дер еді, Есенғали шайыры дейді. Ата-бабамыздың ежелден көлігі мен сауы­н­ы болған, көнінен жебе өтпейтін сауыт сай­лап, терісінен таспа тіліп, дырау өріп, қару қылған қайран жануарға Есен­­ғали жырдан еңселі ескерткіш сом­дапты.

Ал нағыз ақындық шабыттың хошынан туған «Сарыөзен», «Ғайша бибі» поэмаларының жөні тіптен бөлек. Осы поэмалардағы мейлінше оралымды, мейлінше шалымды, балы мен зәрі, сұңғыла ойы мен сырбаз мінезі қатар өріліп отыратын, теңдік бермей тайпалып, шығандап кеткен аяқ алысқа Абайдың өзі сүйсіне қарағандай-ау!

… Адам боп туып өстің бе?

Осы бір шыңға жет, ерім.

Жетінші белгі…

ешкім де

Айтпайды оның не екенін.

Кенелтер нұрға кең қырды,

Түнектен кейін арай бар.

Табам деп соңғы белгімді,

Тарлауыт асты талайлар.

Шындық па ол?

Әлде жалған ба?

Бір бұлдыр зат бар тұмандай,

Өледі адам арманда,

Не екенін оның біле алмай.

Ақын қашанда мүмкіндігінің шегін білдірмейді. Оқырманын қалың жы­нысқа жетелеп әкеледі де, шығар жолды өзің тап деп, бейне бір елестей жоқ болып кетеді.

Оның өлеңдерінде «Әбілһаят» сөзі әлденеше рет қайталанады. Бұл бүкіл адамзат аңсаған мәңгі өлтірмейтін қасиетті су ғой. Затына дарынды адамға дауа жоқ қой, Есенғали қаламының Құдай берген киесі мынада: ол аңыз-әфсананы тылсым Әбілһаят зәмзамына қайта-қайта суарып, мифологиялық суретке жан кіргізеді. Өзі Есенғали болса, өлшемей сөз айта ма?

Байқаған, аңдаған адамға осынау сықпа құрттай сығымдалған, құмырс­қа бейнеттен туған қайсар жырлардың астарында талай сырлар бұғып жатыр.

«Қазақ ауылы» деген өлеңдегі ақ пен қызыл қатар қырған халқымыздың қасіретін тебіренбей оқу мүмкін емес.

…Қоқайма бөрік алды үйді кілең,

Барқ етті – бәйбішеге тиді білем.

Шуылдап тағы бір үн шығып жатты

Қамысты айырғандай сүйрігінен…

Қалай дегенмен де, Есенғали мә­дениетті ақын. Ол зорлықты қазба­лап жатпайды, сол инаят істі сөз құ­ді­реті арқылы санаңа тұспалдап жет­кі­зеді. Шеберлік деген осындай-ақ болар!

Деген жоқ біреуі де «бүлік бұл іс»,

Жал­тылдап ойнап берді қырық қылыш.

…Қолатта ауыл қалды ойран болып,

Құм қалды ішке сырын бүгіп тыныш.

Талай баршындардың шашы тал­дап жұлынды, «сүндетсіз» жауыз­дардың тырнағына ілінді, абы­ройы рәсуа боп бүлінді… Шабыл­ған бастың шаптырған қаны мен омы­рауын қылыш қақ айырған ананың төсінен сүт ытқыған сәтін оқы­ға­ныңда зығырданың қайнайды, ақ пен қызылын қоса қырғың келеді. Мең­дуана жегендей мең-зең күйге түсесің.

Кешегі төңкеріс заманы халқымыз үшін нағыз қанқұйлы кезең болғанын ақын осы өлеңдері арқылы ұмытшақ санамызға тағы да шегелей кетеді.

…Кең аспанның әр жеріне шоқ түсіп,

Төбемде тұр көзі жанып көп мысық.

…Шолақ құнан, шолақ дүние, шолақ сай,

Айқайлағың келеді бір кек қысып.

Пай-пай, шоқ түскір, қызыл тіл-ай!

Бәріміздің де тұттығып айта алмай жүр­геніміз осы гәп қой!

Іңірде көпіршіген көп жұлдызды қақ жарып бара жатқан корабльдей, сөз жоқ, Есенғали қазақ поэзия­сы­ның планкасын әлемдік дәрежеге көтерген үздік ақын.

Кейбір сыншылар: «Біз өзіміз ақын өмір сүрген уақыттың ішінде жүргендіктен, оның орнын анықтай алмаймыз» деп күмілжиді. Не күміл­житіні бар?

Күмілжімейік деп осы сөздерді жазып-жазып тастаған жайымыз бар!

 Жұмабай ҚҰЛИЕВ.

 АЛМАТЫ.

«Егемен Қазақстан»

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз