Алмалы сай ақиқаты немесе Кенесары ханның басы Қара қоныста алынған ба?

1
303

Авторлар өмірі де, өлімі де шырғалаңға толы ірі тарихи тұлғаны терең зерттеп, бейнелеуге батыл қадам жасап отыр. Тұлға мен заманның, тұлға мен халықтың, дәуір мен тағдырдың қарым-қатынасын айшықты ойлар мен нақты ғылыми дәлелдер арқылы көркем түрде көрсетіп, қазақ ұлтының тарихи болашағына толғанып ой жібереді.

Елі үшін қылша мойны талша кесілген Хан Кененің  тағдырда кеткен талайының орнын толтыра алмаса да, дайын дүниенің ішіндегі тарихтың құпия әлемінің белгісіз һәм маңызды тұстарын танып-білуде қазақ жұртшылығы немқұрайдылық танытпайды деп білеміз!..

жалғасы…

Қырғыздың тақау жылдары жөңдеу жұмысын көре қоймаған безеубет тас жолында көлігіміз бір кібіртектеп, бір алға басып, ырғатыла-жырғатыла Алмалыға қарай аяңдап келеді. Біресе күн күркіреп, шақпақ шағып, жауын сіркіресе, сүт пісірім уақыт өтпей қалың бұлт сейіліп, күн шайдай ашыла қалады. Қырғыздың құбылмалы күн-райын көріп: «Алмалыға алқына жеткенмен, Хан Кененің сүйегі табылды деген орындарды көрерде жауын жауып кетпесе екен», – деп ішімізден мазасыздана бастадық.

Шүбақ байке ойымызды оқып қойғандай:

– Біздің айылдарға жауын нөсерлеп жауарында, анау – Беріктас тауының ұшар басын бұлт торлайды. Беріктастың ұшар басын бұлт шалмай, аспанда қара бұлт қаптаса да, айыл қырғызы түзде бейғам шаруасымен шұғылдана береді, – деп, теріскей тұстағы көлбеңдеген тау жотасын нұсқады.

Он бір жылға жақтан қарағанда ұзыннан ұзақ созылып жатқан жықпыл-жықпылды Беріктас жотасы Абылай ханның дәуірінде қазақ-қырғыздың шекарасы болып бекіген. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың би-болыстарының белсенділігінің арқасында Беріктастың бір сілемі саналатын Кекілік-Сеңгірден Шу өзеніне дейінгі алқапқа іргеміз кеңейді. Сөйтіп, Қордай ауданына қарасты бүгінгі Қаракемер, Қарасай өңірі Шапырашты тайпасына құтты қоныс болды.

Осы Беріктас тауы күншығыстан жота болып түзіліп күнбатысқа қарай көктұмсықтанып барып бітеді. Бейне Тәңірінің өзі арғыбеттегі қалың елге таудан қамал тұрғызып, қамсау жасағандай. Қазақ жерінің бір пұшпағы саналатын Беріктас тауына ұзақтан телміре көз қиығымызды тастадық. Самиян даланың самалы еркелей есіп тұр. Кеңсіріктен саф ауаны ішімізге тарта терең тыныс алдық. Беріктастың шыңдарын күн нұры аймалай шуаққа бөлеп жатқанын көріп, төбемізде күн күркіреп тұрғанымен, жауыннан күдігіміз сейілді.

Бізді біршама уақыттан бері Алмалыда Хан Кененің сүйегі жерленіп, жерленбегені қатты толғандырып жүрген-тін. Жалпы, Хан Кененің өліміне қатысты тарихи деректердің ақиқатынан гөрі, тарқатылмаған ауы мен бауы көп. Жүз рет естігенше, бір көрген артық демекші, мінеки, Тәңір-Тағала жар болып, Алмалы сайды өз көзімізбен көруге келе жатырмыз. Санамызды сансыратқан сан сауалдың жауабына қанық болармыз деген үкілі үміт бізді асықтыра Алмалыға қарай жетелеуде.

Алмалыда алғаш рет археологиялық қазба жұмысы 1994 жылы жүргізілген. Марқұм Манаш Қозыбаев бастаған зерттеушілер Бішкектегі Қырғызстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы, Тарих институтының директоры С. Данияров және осы институттың археолог-зерттеушісі Д. Винник қатарлы мамандармен кеңесе келе, Хан Кененің сүйегін осы Алмалы айылынан іздеуге шешім қабылдаған. Іздеуші топтың Алмалыға келуіне Тоқмақ облысы, Шу ауданындағы ашық аспан астындағы археологиялық мұражайының директоры Е. Төрехановтың «Хан Кененің сүйегі Алмалы айылында жатыр» деп, нық сеніммен айтқан дерегі түрткі болған. Алмалыға келгенде Алпамыс атты 85 жастағы ақсақал «Хан Кененің сүйегі Кіші Алмалыда жатыр» деп, Алмалыдан оңтүстікке қарай 7-8 шақырым жердегі тау бөктеріне алып барып, бірнеше долана ағашының түбін көрсеткен. Долана ағаштарының түбіне қазба жұмыстары жүргізілгенмен, ешбір адам сүйегі табылмаған. Ізденушілер осылайша сарсаңға түсіп, шарасыз күй кешіп тұрғанда, Алпамыс ақсақалдың 35 жастар шамасындағы ұлы келіп, Хан Кененің сүйегі батыс тұстағы басқа бір долана ағашының түбіне жерленгендігін алға тартқан. Өкінішке қарай, ол жерге де қазба жұмыстары жүргізілгенмен, адам сүйегі табыла қоймаған. Осы кезде, 1847 жылғы қазақ-қырғыз соғысына қатысқан Дайырбектің шөпшегі Амангелді Хан Кененің сүйегі Алмалы сайдың оңтүстігіндегі Арша башы деген жылғада жерленгендігін жеткізеді. Ол бұл деректі айылдың көне-көз қарияларынан естіген екен. Алайда, Арша башыдан да адам сүйегі табылмапты. Сөйтіп, амалы таусылып, дымы құрыған экспедициялық топ Хан Кененің сүйегін іздеуді тоқтатуға мәжбүр болған (1).

Тарихи деректерде Алмалы немесе Алмалы сай атауы алғаш рет қырғыз тарихшысы Б. Солтонаевтың еңбегінде ұшырасады. Соңғы соғыстың алдында Дулаттың Ботбайының он екі мың қолы майдан даласын тастап шығып, мың қаралы ғана сарбазымен Хан Кене қоршауда қалады. Шегіне ұрыс саламын деп жүріп, Хан Кененің қолы Мықанның қара сазындағы ұйыққа тіреліп, саз-балшықтан сау шыққандары бытырай жан-жаққа қашқанмен, аңдып тұрған ат-жарағы тың қырғыз қолы көп қазақты қолға түсіреді. Б. Солтанаев Хан Кене мен Наурызбай батырдың тұтқындалуын былайша жеткізеді: «Тынай кыргызынан Дайырбек, Калча дегендер таң атарда Норузбайды кармаган. Жана тынай кыргызынан Кармыштың балдары Текиликтин тоосунда Кене ханды шашкеде кармаган. Кененсары мен Норузбай: «Башыңарга ээ боло турган кыргыз болсоңор 12 киши экенсиңер, баарыңарга тойгондой дилде берейин, бизди элибизге алып баргыла», — дегенде болбостан алып келип, Токмоктун тоосу Алмалының оозуна уч күн багып туруп анан соң Жантайга кабар берген» (2).

Б. Солтонаевтың «Кызыл кыргыз тарыхы» атты еңбегінде Хан Кененің қазасы хақында тұщымды мәліметтерді алға тартқанымен, «қырғыздардың Хан Кенені Кекілік-Сеңгірде қолға түсіріп, Алмалыға апарып тұтқындап, ұстап отырды» деген дерегінің басқа мәліметтерге қайшы тұсы көп. К. Степняк (Ә. Бөкейханов) Хан Кене Кекілік-Сеңгірде емес, Алмалыда қолға түсті десе (3), Х. Досмұхамбетов те өз шығармасында: «Кенесары мен Наурызбай да қашқан. Қырғыздар қуып, Шудың күн шығыс жағындағы Кекіліктен, он-он бес шақырым жердегі Алмалы сай, яки Су Алман деген жерде аты тұрып қалған Кенесарыны ұстап алған. Наурызбай да сол шамада Кенесарыдан бөлек ұсталған» (4)– дейді. Қырғыз жазушысы Ж. Токтоналиев «Хан Орман» атты туындысында Кенесары хан мен Наурызбай төрені Мықанның қара сазында қолға түсті десе (5), ал, ханды қолға түсірген Дайырбектің шөпшегі Амангелді бабаларының Хан Кенені Қарабұлақта (Кегеті жақта) қолға түсіргенін айтады (6).

Б. Солтонаевтың қырғыздар Хан Кенені Кекілік-Сеңгірде қолға түсіріп, Алмалыға апарып тұтқындап, ұстап отырды деген мәліметінің қисынға сай келмейтіні, Кекілік-Сеңгір тауы Шу өзенінің оң қапталында болса, ал, қазақ қолын ұйыққа батырған Мықанның қара сазы деген жер Шу өзенінің сол жағалауында орналасқан. Демек, соңғы соғыс болған жер Шудың сол қапталы болса, Хан Кененің Шу өзенінің оң жағалауындағы Кекілік-Сеңгірде қолға түскені түсініксіз. Соңғы шайқастың Шу өзені қатты тасып, өткел бермейтін сәуір айында болғанын ескерсек, Шудан ары-бері өтудің оңай емес екенін аңғаруға болады. Әрі-беріден соң, мейлі, Кенесары ханды Кекілік-Сеңгірде қолға түсірді дегеннің өзінде, қырғыздар Хан Кенені тұтқындаған Кекілік-Сеңгірден Шудың арғы бетіндегі төтесінен санағанда 25-30 шақырымдай арақашықтықта жатқан Алмалыға апарып әуреге түспесі тағы белгілі. Егер, Б. Солтонаев бұл жерде Кекілік-Сеңгірден 20 шақырымдай қашықтықтағы Шу өзенінің теріскейіндегі Алмалы сайды (бүгінгі Қордай ауданындағы Қарасай ауылы) айтқан болса, онда бұл қисынға қайшы келмейді. Дегенмен, бұл мәселені дерексіз, тек қисынға салып, топшыласақ, Хан Кененің сүйегі қырғыздың Алмалы сайында емес, Қордайдың Алмалысы, қазіргі Қарасайда жерленген болып шығады.

Қазақтың Шапырашты тайпасының қонысы саналатын Алмалыда Хан Кененің сүйегі жерленгені жөнінде нақты тарихи деректер болмағанмен, ханның қазасы Шудың теріскей бетінде болды деген мәліметтер жоқ емес. Мысалы, орыс саяхатшысы М.П. Венюков: «Кенесары ханның басы Шу өзенінің жағасындағы Қара-қоныста алынған» (7) – дегенді алға тартады. Ал, Қара-қонысымыз, қазіргі Кекілік-Сеңгірдің етегіндегі Қаракемермен жапсарлас жатқан өңір.

Патша үкіметі Орта Азияны отарлау үшін сауда-саттық кейіптегі тыңшылық экспедициялық топтарды Ташкент, Қоқан, Бұхара, Самарқан, Хиуа қалаларына дүркін-дүркін жіберіп отырғандығы мұрағаттық тарихи құжаттардан бізге белгілі. Экспедициялық топ өз саяхатын аяқтағаннан кейін, тыңшылар сыртқы істер ведомствосына мәжбүрлі түрде қорытынды-есеп беріп отырған.

Мұрағаттардағы осындай қорытынды-есептерді талдай келіп түсінгеніміз, тыңшылардың көбісінің жоғары білімі бар зерттеушілер емес екенін аңғардық. Өйткені, қорытынды-есептердің басым көпшілігінің берген ақпары қасаң, ғылыми негізі әлсіз болып келеді.

М.П Венюковтың «Очерки за Илиского края» атты қорытынды-есебіндегі Хан Кенеге қатысты бұл дерек те, ғылыми тұрғыдан талданбай берілген мәлімдемеге ұқсайды. Бұл деректі қуаттайтын қосымша дәлелдер табылмайынша, «Кенесары ханның басы Қара қоныста алынды» дегенге, илану тым қиын. Себебі, Хан Кененің Шу өзенінің оң қапталында емес, сол жағалауында өлтірілгенін дәлелдейтін деректердің ғылымилығы басым.

Бұдан басқа Хан Кененің сүйегі Шудың оң жағалауында жерленген болуы мүмкін деген дерек 2007 жылы Кабардин-Балкар Республикасы, Нальчик қаласының тұрғыны Шахмұрзаев Юрийдің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған ұшбу хатында айтылады. Қап тауынан жеткен хаттың қысқаша мазмұнына тоқталар болсақ.

«Құрметті Президент! Осыдан бірнеше жыл бұрын «Мир» телеарнасында даңқты Қазақ ханы Кенесарының мүрдесінің табылғанын естіп, Астанада Хан Кенеге ескерткіш қойылғанын көрдім.

Біздің отбасымыз орталық биліктің Кавказ халықтарына жүргізген депортациялау саясатының құрбаны болып, 1944-1957 жылдары Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қара қоныс елді-мекенінде өмір сүрді. 1952 жылы әкем Сайд Шахмұрзаев (Қабардин-Балкар Республикасының халық ақыны және еңбек сіңірген мұғалімі) екеуміз Шу өзенінің оң қапталында орналасқан Михайлов селосының маңынан бірнеше (5-6) пирамида тәрізді құлыптас қойылған мүрдені кездестірдік. Әкем араб және түрік әдебиеті мен мәдениетінен хабардар жан еді. Мүрде орналасқан жердің оңтүстік батысынан араб жазуы бар ірі тасты көрдік. Әкем тастағы араб жазуын «Кенесарин» деп оқыды. Қазақтар бұл моланы «Әулие» деп атайтын. Жергілікті тұрғындар осы Михайловтың төңірегінде Қазақ ханының қолы қырғынға ұшырағанын айтып отыратын.

Қадірменді Президент! Егер, әкем екеуміз көрген ол жерде Кенесары ханның сүйегі жатқан болса, мен ол жерді дәл көрсетіп бере алатыныма бек сенімдімін.

Қонақжай қазақ халқы мен осы мемлекеттің басшысына құрметпен Юрий Шахмұрзаев Сайдұлы, 1932 жылы туылған. «Ресей Федерациясының еңбек сіңірген милиараторы».

Мекен-жайым: Кабардин-Балкар Республикасы, Нальчик қаласы, Ленин даңғылы №41, пәтер 73, тел: 42-46-85» (аударған: М. И).

Юрий Шахмұрзаевтың білгенін айтып, Хан Кененің сүйегін табуға көмек бермек болған ақжарма пейіліне мың да бір рахмет. Балғар бауырымыздың ұшбү хаты кенесарытанушылар үшін тың дерек екені күмәнсіз шындық. Хатпен танысқаннан кейін, Қордай ауданының оңтүстік шығысында орналасқан ауылдардағы көне зираттарды зерттеп көруге барып қайттық. Юрий Шахмұрзаев нұсқаған Михайлов ауылының маңайындағы көне зираттан араб жазуы бар құлыптастарды бір қарап шықтық. Өкінішке орай, «Кенесарин» деген жазуы бар пирамида тәрізді тасты таба алмадық. Бәлкім, балғар бауырымыз құлыптасты көргеніне жарты ғасырдан астап уақыт өтіп кеткендіктен, жастық шағында көргенін есіне толық түсіре алмай, шатасқан болар деп, осы төңіректегі Қаракемер, Қара-қоныс ауылдарындағы араб жазуы бар көне сағанатастарды да бір шолып өттік. Алайда, шарқ ұрып ізденгенімізбен, «Кенесарин» деп қашалып бедерленген, құлыптас алдымыздан шыға қоймады.

Балкар бауырымыздың «әкем тастағы жазуды «Кенесарин» деп оқыды» дегеннен кейін, «араб тілінің мамандарынан «Кенесары» сөзі «Кенесарин» болып жазылып кетуі мүмкін бе?» деп сұрап көрдік. Өкініштісі, «Кенесары» сөзі харакасіз жазылса, «Кенесарин» болып оқылуы мүмкін, бірақ, «Кенесарин» деген есімсөздің соңғы «ин» жалғауы харакамен берілетіндіктен, тастағы «Кенесарин» деген жазудың «Кенесары» болуы мүмкін емес.

Юрий Шахмұрзаев Елбасыға жазған ұшбу хатында «Кенесарин» деген жазуы бар құлыптастың дәл Хан Кенеге арналып қойылғанын нық сеніммен емес, тек, долбарлап айтқандықтан, хаттағы тың дерекке шүбәланып, әлі де зерттеуді қажет ететін дүние деген қорытындыға келіп, мәселенің анық-қанығына жетуді алдағы күндердің еншісіне қалдырдық.

Жалпы, Шу өзенінің қырғыз жағы саналатын сол қапталдағы топонимикалық атаулар оң жағалаудағы Беріктас тауының қойнауында да кездеседі. Мысалы, Шамшы – бізде Самсы, Алмалы сай – Алмалы, Су алман – Сауылман, Он бір жылға – Он бір жыра, Борды – Борлы, Қызыл су – Қызыл сай, Қарақыстақ Шүңгір – Қарақыстақ, Кашкелең – Қаскелең деп қайталанады. Бұл атаулардың неліктен Шу өзенінің екі қапталында да кездесетіні зерттеушілерге әлі түсініксіз. Бұл ұқсас атаулар Хан Кененің соңғы жорығы һәм қазасын анықтауда зерттеушілерді әбігерге түсірді. Қарапайым қырғыздар «бұрын ата-бабаларымыз Шудың теріскейі мен күнгейін де жаз жайлау, қыс қыстау етіп, көшіп-қонып жүрген. Жер атауларының ұқсастығының мәні осында жатыр», дейді. Бірақ, ғылыми талдау жасауға ауыз-екі айтылған ақпарлар жеткіліксіз саналғандықтан, бұл әлі сырын ішіне бүккен жұмбақ мәселе күйінде қалып отыр.

Көрнекті тарихшы Е. Бекмаханов Машһүр Жүсіптің қолжазбасына сүйене отырып: «Хан Кененің қырғыздармен соңғы соғысы Кекілік-Сеңгірдің етегіндегі Майтөбеде болды» (8) – деп, көрсетеді. Белгілі ғалым Ж.Қасымбаев өзінің ғылыми монографиясында қазақ-қырғыз соғысының соңғы майдан даласы Кекілік-Сеңгір тауының бөктеріндегі Майтөбенің болғанын атап өтеді(9) — Қырғыз тарихшысы Б. Джамгерчинов те өз шығармасында қырғыздар Кенесары ханның қолын Кекілік-Сеңгір, Майтөбеде талқандаған деп біледі (10).

Төлеухан Ілиясұлының «Хан Кененің қазасы» атты фольклорлық дерекке негізделіп жазылған мақаласында да қазақ-қырғыздың шешуші ұрысы Кекілік-Сеңгірде болғандығы баяндалады. Бірақ, Төлеухан Ілиясұлы қазақ сарбаздары қоршауда қалғанда, майдан даласының бір жағын «Күркіреуік» өзені алып жатқанын айтып өтеді (11). Өкінішке қарай, Кекілік-Сеңгір мен Алатаудан Шуға келіп құятын өзендерді қарап, қанша іздесек те «Күркіреуікті» таба алмадық. Талас Алатауында «Күркіреу» деген өзен бар. Бірақ, бұл өзен Шуға емес, Талас өзеніне келіп құяды. Кекілік-Сеңгір мен Таластың қашықтығын есепке алсақ, Төлеухан Ілиясұлы айтып отырған «Күркіреуік» пен «Күркіреудің» бір-бірінен мүлде бөлек өзендер екенін аңғарамыз. «Бәлкім, бұл ескірген топономикалық атау болар», деп, «Күркіреуіктің» де шындығына көз жеткізуді кейінгі күндердің еншісіне бәсіре еттік.

Задында, алғаш рет Кекілік-Сеңгір және Майтөбе атаулары Ахмет Кенесариннің «Кенесары және Сыздық сұлтандар» атты шығармасында кездеседі (12).

Ал, Х. Досмұхамбетов өз еңбегінде бұл атау жөнінде, «Екінші зор соғыс 1847 жылы көктемде болған.

Кенесары көп қолмен келіп, Кекілік тауына ордасын тігіп, Алатаудың теріскей жағындағы қырғыздарды шаба бастаған» (4) дейді. Бұл жерде Х. Досмұхамбетов «Кекілік тауына орда тікті» деп, Майтөбені сөз етіп отырғаны белгілі. Себебі, Кекілік-Сеңгірді барып көргенде, Майтөбенің нағыз хан ордасы тігілетін һәм шартарапты алақандағыдай анық көрсететін стратегиялық орын екеніне көз жеткіздік.

Біздің пайымдауымызша Майтөбе ханның ставкасы орналасқан жер болғанмен, қазақ-қырғыздың шешуші шайқасы Шу өзенінің сол жағалаудан келіп қосылатын Қызылсу мен Шамшы өзендерінің арасында болған. Өйткені, Нысанбай жырау «Кенесары-Наурызбай» атты дастанында, «Қолға толды Самсы мен Қызылсудың кемері», «Қызыл ала қан қылды Қызылсудың жиегін», «Қызылсу мен Дуанның Аңғарынан шаң шықты» деген жыр жолдарымен ақырғы айқас болған жерді дәлме-дәл көрсетіп береді (13).

Қиян-кескі ұрыстың шешуші сәтінде қырғыз манаптарының азғыруына еріп, Рүстем сұлтан мен Сыпатай бидің он екі мың әскері* майдан даласын тастап кетуіне байланысты, Хан Кененің қасиеті күресінің соңы қайғы-қасіретке ұласып, қырғыздар Хан Кенені Шудың сол жағалауындағы қазақ қолы ұйыққа тірелген Мықанның қара сазында немесе осы жерден қашық емес тұста тұтқындап, Алмалыға апарып қамауда ұстайды. Хан Кене Алмалыда қамауда болды деп қорытуға Б.

Солтонаевтың оқиғаға куә болған қырғыздардан естіп, біліп жазған «Кызыл Кыргыз тарыхы» атты еңбегі мұрындық болып отыр. Бұл туралы Б. Солтонаев: «Кененсары мен Норузбай: «Башыңарга ээ боло турган кыргыз болсоңор 12 киши экенсиңер, баарыңарга тойгондой дилде берейин, бизди элибизге алып баргыла», — дегенде болбостан алып келип, Токмоктун тоосу Алмалының оозуна уч күн багып туруп анан соң Жантайга кабар берген» (2) – деп, баяндайды.

Алғашқыда Хан Кененің тұтқынға түскенін естігенде, Орман манап «ат-тондап, босатып жіберіңдер» дегенімен, кейін қырғыздар орыс тыңшыларының азғыруына еріп (14), Алмалыда ханның басын алып, бақилыққа аттандырды. Хан Кене Алмалыда қаза тапқанымен, оның мұнда жерленіп, жерленбегіні өзінше бөлек әңгіме. Ал, Хан Кененің Алмалыда басы алынуымен қасиетті күрестің күретамыры қиылып түсіп, ат үстінде өткен ғазауат-ғұмырға нүкте қойылды.

Иә, Хан Кененің басы алынуымен қасиетті күрестің оты сөніп, көтерілістің он жыл бойы желкілдеген туы түбінен жығылды. Хан Кененің бақилық болуымен, Керей мен Жәнібек негізін қалаған хандықтың жаназасы шығып, басымызға ұзын-ырғасы бір жарым ғасырға созылған бодандықтың қамыты кигізілді. Хан Кененің қаза болуымен бостандығын бағалай алмаған халық, бұдан кейінгі өмірінде тәуелсіздіктің тақсыретін тартумен болды. Хан Кененің қаза болуымен ерліктің рухы бәсең тартып, ен далада жортқан көкжалдар азайып, жерімізді шибөрілер шиырлай бастады. Хан Кененің опат болуымен, халқымыз қайғы-қасіретке оранып, қарағай басын шортан шалды. Хан Кененің опат болуымен, басымыздан бағымыз тайып, көкжиегімізді мұнар шалды…

Кенесары ханның қазасын аза тұтып, тәуелсіздіктің хикметін қорыта алмай, тұңғиыққа батып келе жатып, Алмалыға қалай аяқ басқанымызды білмей де қалдық. Айылға кіре берістегі маңдайшадағы «Алмалы» деген жазуды көріп, ханның ақырғы демі шыққан жер болғандығынан ба, жоқ әлде Хан Кененің асқақ рухының мысы басты ма білмейміз, денеміз тітіркеніп, бойымыз бір ысынып, бір суыды.

1. Краткий научный отчет. Членов экспедиция по поиску останков хана Кенесары Касымова в Кыргыской Республике. Руководитель экспедиции: академик М.Козыбаев, члени экспедиции: член-корр. К. Байпаков, член-корр. О.Исмагулов, д.и.н. Ж.Таймагамбетов. – Алматы, 1994.

2. Солтоноев Б. Кызыл кыргыз тарыхы. – Бишкек: Учкун, 1993. — 2-китап. 13-б.

3. Степняк. Материалы к истории султана Кенесары Касымова (воспоминания кара-киргиза Калигуллы  Алибекова о последних днях Кенесары) // Бөкейхан Ә.  Таңдамалы. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 1995.

4. Досмұхамбетов Х. Кенесарының соңғы күндері. // Жалын. 1994.  № 9-10.

5. Токтоналиев Ж. Орман хан илимий эмгектерде жана архивдик материалдарда. – Бишкек: Кыргызстан, 2002.

6. Кенесары хан, деректі фильм.

7. Венюков М.П. Очерки Заилийского края // Записки ИРГО. Кн.4. 1861 Спб. С.93.

8. Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ в. – Алма-Ата: Каз.объединен. гос.  издательство, 1947. С.335.

9. Касымбаев Ж. Последний поход хана Кенесары и его гибель (декабрь 1846 – апрель 1847 г.г.). – Алматы: Ана тілі, 2002. С.134.

10. Джамгерчинов Б. Киргизы в эпоху Орман-хана. – Бишкек, 1998. С.17.

11. Ілиясұлы Т. Хан Кененің қазасы». // Халық Кеңесі газеті. 1995.

12. Кенесарыұлы А. Кенесары және Сыздық сұлтандар. – Алматы: Жалын, 1992. 17-б.

4. Досмұхамбетов Х. Кенесарының соңғы күндері. // Жалын. 1994.  № 9-10.

13. Хан Кене. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен хан-батырлар туралы тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. Алматы, 1993. 38-49 бб.

*Кейбір деректерде бес мың деп көрсетіледі.

2. Солтоноев Б. Кызыл кыргыз тарыхы. – Бишкек: Учкун, 1993. — 2-китап. 13-б.

14. Махаева А. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы (ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезі). – Алматы: Ценные бумаги, 2007.

 

«Хан Кененің қазасы – Алашымның азасы»,

Рашид Оразов, Мұхан Исахан.

жалғасы бар…

http://ult.kz/?p=14088

1 Пікір

  1. Кенесары ханға қатысты деректер көптеп жиналған сайын, дауда көбейе түсері анық …

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз