Қазақ қалай өзгерді?.. немесе Ресей империясының Оңтүстік Қазақстанды отарлауы

1
251

Ресей императоры II Александр  Түр­­кі­стан генерал-губернаторлығын (Түр­­кі­стан өлкесі) құру туралы Ерекше Комитетінің жобасын бекіту туралы Жар­­лыққа 1867 ж. 23 тамызда қол қойды. Сонымен қатар, халқымызды орасан қырғынға ұшыратқан 1932-33 жыл­дардағы ашар­шылықтың бас­талғанына көп жылдар болды.
Осы екі оқиғаның арасында қандай байланыс бар?!

Украина билігі өздеріндегі аштықты «халықты (украин халқын) қыруға ба­ғытталған қолдан жасалған нәубет» (геноцид) деп саяси баға берді. Ал, біз өкінішке орай, осы ұлы нәубетті әлі толық зерделей алмай отырмыз.

Бұл қолдан жасалған нәубет пе, әлде бар болғаны соңы адам қырғынына әкеліп соққан табиғат апаты ма? Неліктен, осы қырғында қазақ көп қырылды?

Отандық тарихшылар, саясаткерлер, саясаттанушылар және басқа да ғалымдардың арасындағы осы төңі­ректегі талас әлі басылар емес.

Біреулері бар мәселе мемлекет бас­қаруды дұрыс ұйымдастыра алмаған жалаңаяқ большевиктер мен жергілікті «шолақ белсенділерде» деп есептесе, екіншілері тек Сталинмен Голощекинді айыптайды.  Ал, кейбір «әсіреұлтшыл» зерттеушілер бар кінәні орыс халқына аударғысы келеді. Осы орайда,  кезінде Англияның премьер-министрі болған У.Черчилльдің «Англияның мәңгілік досы да жоқ, мәңгілік дұшпаны да жоқ. Англияның мәңгілік мүддесі бар!» деген керемет сөзі еске түседі. «Өзіңе  өзің бекем бол, көршіңді ұры тұтпа!» деп атам қазақ та бекер айтпаған.

Әлемнің қай түкпірінде болмасын, Ресей империясы орыс халқының мүддесін барлығынан жоғары қоюға тиіс – орыс халқының ұлттық мемлекеті! 1867 ж.  жарлық та,  ең алдымен орыс халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан жасалды! Ал, Кеңес Одағы Ресей им­периясының заңды жалғасы – мұрагері! Өз кезегінде Қазақстан тарихы да  қазақ хал­қының мемлекет құраушы этнос екені ескеріле отырып, қазақ халқының мүддесі тұрғысында зерттелуі-зерделенуі қажет!

Ол үшін тек мұрағаттық құжаттар мен «атамыз айтқан әңгіме» жеткіліксіз. Қазақ жерін зерттеген немесе қазақ жері арқылы өткен батыс және орыс саяхатшыларының еңбектері назардан тыс қалмауы ке­рек. 1867-1917 жж. аралығында Дала өл­кесі мен Түр­кі­с­тан шығарылған мерзімдік баспасөз құралдары мен Ресей Статистикалық комитетінің журнал­дарында өте  құн­ды деректер бар. Соны­мен қа­тар, қазақ халқымен бір геосаяси кеңіс­тікте жатқан қырғыз, өзбек, тәжік, түрік­мен, әзірбайжан, иран және т.б. зерт­теуші­лерінің бұрынғы-соңғы ең­бек­терін ег­жей-тегжейлі зерделесек қана шынайы қазақ тарихын жасай аламыз! Ол үшін ең алдымен аталған еңбектердің барлығын қазақ тіліне аудару керек! (Әсіресе, орыс зерттеушілерінің жазбаларында тек зерттеу жұмыстары ғана емес олар­дың туған халқына деген орасан зор махаб­баты бейнеленген).

Кез келген құбылыс немесе оқиғаның алғы шарттарын ашпай, себебін табу мүмкін еместігі ежелден әмбеге аян. Алдымен, кезінде садақ-найза асынып, жаһанды тіті­ренткен – көшпенділер дәуренінің өтіп, XIX-ғасырда  әлем тізгіні «отқаруға» сүйен­­ген еуропалықтардың қолына толық көш­ке­нін атап өткен абзал. Еуропаның саңлақ елдері өз «олжаларын» әлемдік мұ­хит жағалаулары мен алыстағы жаңа құрылықтардан іздесе, Петербург шәрін тұрғызып Ресей үшін Еуропаға терезе «ойып» берген I Петр патша «алыстан арбалауға» өз елінің әзірге  қау­­қарсыздығын  терең түсініп «Қазақ ордасы Азияға барар кілт пен қақпа» деп оңтүстікке назар салды… «Жұт жеті ағайынды» дейміз бе, әлде «құланның қасы­нуына мергеннің басуы»,.. сол  I Петрдің замандастары, үш кемеңгер –Төле, Қазыбек, Әйтекенің арқасында бүкіл қазақ жұртын біріктіре білген әз Тәуке өмірден өткен соң (шамамен 1718 ж.), қазақ жерінде «бас басына би болған өңшең қиқым» (Абай) дегендей «бөліп ал да, билей берге» көшкен «хандар» көбейді. Тәукеден соң көп ұзамай Әйтеке би бақилық (шамамен 1722 ж.) болды. «Аңырақайдағы» (шамамен 1729-30 ж.) айтулы  жеңістен кейін үлкен тақтан дәмелі болып, үміті ақталмаған Әбілқайыр «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген ұстанымға көшті. Сол Әбілқайырыңыз Әйтекеден кейін Кіші жүздің «тізгін ұстар» бас биі атанған Ақсуат бидің халық алдында үлкен беделге ие болуына үлгертпей, «Ақ­табан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» (1723-27 ж.ж.) әлі оңала қоймаған қазақтың үштен бірін 1731 ж. Ресейге қосып тынды. Осылайша, Ресей империясының 1731 ж. басталып, 134 жылға созылған қазақ жерін әскери күшпен отарлауы 1865 ж. шілдеде Ташкентті алуымен аяқталды («жабайылар» I Петр патшаның «өсиетін» орындауға осыншама жыл «кедергі» болды). Айта кету керек, сол кезеңде Орталық Азияда «азуын айға білеп» тұрған  «қоқаңдаған» Қоқан мен әміршілері сарай толы кәнизәктарын  місе тұтпай, қастарына «патша бала» («бәтшақар») ұстап – азғындап, қор-қорға «кәйіп» болған Бұхар, Хиуа хандықтарын Ресей айналасы 7-8 жылда «қалпақпен ұрып» алды (Тура осы кезеңде, Ресей билеушілері «асау, жабайы қырғызға» (қа­зақ халқына) «үкім» шығарды). Енді, 100 жылдан аса уақытқа созылып, қа­зақты икемге көнгенін шоқындырып – орыстандыруға, көнбегенін қырғынға ұшыратып, ұлт ретінде жер бетінен жоюға бағытталған отарлаудың жаңа кезеңі – келімсектердің қазақ жеріне «ұлы көші» басталды.

Ресей патшасының 1861 ж. 19 ақ­пандағы «Басыбайлылықты (крепост­нойлықты) жою туралы» заңы (уставы) орыс отаршылдығына жаңа бір «леп» әкелді. Кенеттен келген бостандықтан «бас­тары айналған» шаруалар… екі күн тойлады, үш күн тойлады,.. сосын «қарны аша бастады».  Кешегі қожайын быламық болса да – ас, шоқпыт болса да – киім беруші еді. Енді, оның бәрін «бостандық» алмастырды. Бүкіл ішкі Ресейді ұрлық-қарлық, тонау, жол торыған қарақшылық жайлады. Өң­дейтін жері, «қой» дейтін қожайыны жоқ шаруалар (шын мәнінде кешегі құл­дар) «қарақшылар» тобын құрып, үлкен жолдардан өткен керуендер мен жолаушыларға қауіп төндіріп, ел тонайтын қауіпті күшке айналды. Бір деревнядан екінші деревняға бару мұң боп қалды. Жоғалтар ештеңесі жоқ жан­кештілер, тіпті, өкімет әскерімен қарулы қақты­ғысқа түсуден де тайынған жоқ. Өз ағартушы-демократтары мен адам­заттың озық ойлы өкілдерінің қы­сы­мына шыдамай, басыбайлы шаруа­ларға еркіндік беріп «сау басына сақина тілеп алған» Ресейдің халықаралық жағ­дайы да мәз емес еді.

Түстік-батыста Қара теңізді қайтарып алудан үміт үзбей, жанталасқан түріктер отыр, Қап тауының теріскейін мекен еткен, ержүрек Шәмілдің «ғазауатынан» рухтанған халықтардың да оңай беріле салатын ыңғайы білінбейді. Пәленбай ғасырға созылған «оқшаулану» саясатынан жеріп, қиыр шығыста жапондар оянып келеді. «Апиын соғыстарынан» ес жия бастаған Қытай  Шығыс Түркістанға ентелеп, қаптаған шеріктеріне «қапқа салып, қатын таратып» (Қ.Жұмәділов), Ресейдің Тибетке шығар жолына жатып алды. Гиндукуш пен Гераттағы пуштундар бүгін-ертең талқандалса, ағылшындар да Памирден бері асатыны әмбеге аян болып тұр. Империяның Үндістанға беттеген жолын он жылдан аса уақытқа бөгеп, ағылшындарды неғұрлым түстіктен «қарсы алуға» мұрша бермеген Абылайдың көкжал немересі Кенесары қаза тапқанмен, оның «жабайылары» да әлі толық талқандалып біткен жоқ.

Қайтпек керек?

Ақ патшаның көп уәзірінің бірі жол тауып кетті. Сауатсыз, қараңғы орыс пен украин шаруаларына Сібір мен қырғыз (қазақ) жерінің «көктемде арбаның дертесін жерге шаншысаң, күзде жеміс беретін» ғаламат құнарлылығы, ең бастысы, ол жерлердін иесіз, бос жатқандығы (жергілікті халықтар адам орнына саналған жоқ) насихаттала бастады. Сол жаққа қоныс аударуға ниет еткендерге  мемлекет тарапынан қаржылай және басқа да көмектер көрсетілетіні баса айтылды. «Басы артық» шаруаларды Сібір, Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандыру екі мәселені шешті. Бірінші, ішкі Ресейдегі тәртіп пен тыныштық біршама қалпына келсе, екінші жағынан Ресей мен Украинада «Жойылсын патша!»( «Долой царя!») деп, аттандап жүрген аш-жалаңаштар, жаңа жерлерге қоныстанған соң «А, Құдайым, патшаны сақтай көр!» («Боже царя -храни!») деп, патша өкіметінің бұратана халықтар арасындағы тірегіне айналды. Яғни, осыған дейін қазақ даласындағы «полицейлік-жандармдық» міндетті тек орыс-казак әскерлері атқарып келсе, енді оған орыс-украин шаруалары қосылды. Осы тұста айта кеткен абзал, орыс билеуші топтары арасында Түркстанды отарлау туралы біржақты көзқарас болмаған. Мысалы, Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К. фон Кауфман (14.07.1867 – 04.05.1882 ж.ж.) өлкені  географиялық, этнографиялық т.б. тұрғыда толық зерттеп алмай орыс шаруаларын Түркістан өлкесіне жаппай қоныстандырып, жергілікті халық­тың пайдалануындағы игерілген суармалы, шұрайлы жерлерді тартып алудың асығыстық боларын дәлелдеуге тырыс­ты. Ол тек  ішкі Ресейден қоныс аударған келімсектерді далалық аймақтардағы бос жерлерге қоныстандыруды  ұсынған (Кауфман Орта Азия халықтарының ішінен орыстануға ең бейімі қырғыз (қазақ) халқы деген пікірмен, өлкеде ашылатын орыс-түзем мектептеріне ең алдымен қырғыз (қазақ) балаларын  тартуға күш салды. Кауфманның пәрменімен Ташкентте1879 ж. ашылған мұғалімдер семинариясына да, орыс балаларымен қатар жергілікті халықтардың арасынан тек қырғыз (қа­зақ) балалары қабылданған. 1883 ж. қырғыз (қазақ) тілінің мұғалімі Я.Лютш орыс транскрипциясына негізделген қыр­ғыз тілінің хрестоматиясын жасаған. Аталған семинариядағы қырғыз тілі пәні осы хрестоматиямен оқытылған).

Ал, Сырдария облысының әскери губернаторы генерал Гродеков (02.06.1883 – 12.06.1892 ж.ж.): «Түркстандағы әрбір орыс поселкесі орыс әскерінің бір батальонына тең болар еді» дегенді жиі қайталаған. (Кейінірек, 1888 ж. Гродеков келімсектерді қаруландыруға қаржы бөлу туралы Түр­кістан өлкесінің генерал-губернаторы Н.О. Розенбахқа (01.02.1884–28.10.1889 ж.) өтініш жасаған. Оның мақсатын өл­кенің келесі  генерал-губернаторы барон А.Б. Вревский (28.10.1889 – 17.03.1898 ж.) 1892 ж. іске асырып, орыс поселкелерінің тұр­ғындарына қару-жарақ бөліне бастады.  Мысалы, 1898 ж. Жетісуда 3000 мың винтовка таратылды. Оның ішінде 1000 винтовка орыс  казактарына тисе, 2000 вин­товкаға мұжықтар ие болды).

Ш.Уәлиханов қазақ халқының өмірі мен материалдық жағдайын жақсартуға мұрындық болатын реформалар жасау керек деп есептеді. Ол қазақ жерін басқару туралы ережелер  жобасын  ғасырлар бойы қалыптасқан жергілікті басқару жүйесін негізге ала отырып жасауды  ұсынды. Ол өзінің «Сот реформалары туралы» еңбе­гіңде қазақ халқы үшін ең маңыздысы әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулар деп көрсетті.    Ал, патша шенеунігі Н.А.Маев Сырдария бойында солдат поселкелерін ұйымдастыруды  ұсынды. Ол «Түркістан өлкесінде өкіметке қарсы әрекеттер бастала қалса, бұл поселкелердің  пайдасы өте зор болар еді» деп көрсетті. 1865 ж. Ресей үкіметі «Қазақ даласын басқару туралы Ережелердің» жобасын дайындау үшін «Дала комиссиясы» аталған комиссия құрды. Оның құрамына Ішкі Істер Министрлігінің, Әскери Министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді. Ресей өкіметі 1855 ж. бастап Жетісуға орыс казактарын қоныстандыра бастады.

1865 жылдың ақпанында Жаңа-Қоқан линиясы таратылып, орнына Орынбор генерал-губернаторлығының Түркістан облысы құрылды. 1867 жылғы сәуірде Түркіс­тан облысы жеке бөлініп шығып, әкімшілік жағынан аймақ үшке – орталық, оң және сол қанатқа бөлініп басқарылды. Алғашында өлкенің орталығы ретінде Әулиеата қа­ласы қарастырылған. Бірақ, Шығыс Түр­кістандағы ұйғырлар мен дүнгендердің Қытай өкіметіне қарсы басталған  дүрбелеңі, орталық ретінде Қытай шекарасынан қашықтау Ташкентті таңдауға мәжбүрледі. 1867 ж. құрылған Әскери Министр Д.А.Милютин басшылық еткен  қазақ жері мен Түркістанды әкімшілік басқару рефор­маларының жобасын жасау бойынша комиссия бұл кезде марқұм болып кеткен Шоқанның пікірін еске де алмады. Нәтижесінде, 1867 ж. 11 тамызда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Далалық облыс­тарын басқарудың уақытша Ережелері»  деген құжат өмірге келді. Дала комиссиясы жаңа болыстықтар мен ауылдардың әкімшілік жобасын дайындай отырып, дәстүрлі басқару институттарының саяси қаупін бір сәтке де естен шығармады. Орыс зерттеушісі А.К.Гейнс «Үкімет күштеріне қарсы тұрмас үшін, ең алдымен қырғыз халқының сайланбалы билігін біртіндеп жою, қырғыз халқын өз билеушілері мен рулық құрылысқа негізделген өмір салтынан ажырату қажет» -деп жазды.
1867-1868 ж.ж. реформалардың  (Уақыт­ша Ережелердің) ең негізгі мақсаты – қазақ жерін Ресейдің өзге де аймақтарымен ара-жігін білдірмей қосып жіберу үшін Ресейге бағынышты басқа ұлыстармен бір басқару жүйесіне біріктіріп, жергілікті атқа­мінерлердің ықпалын барынша әлсі­рету, оларды биліктен аластау,  рулық құрылыс­ты  біртіндеп жойып, орыстандырып, шоқын­дыру болды.

1868 жылдың 11 маусымында Түр­кістан облысы Сырдария, Жетісу облыстарынан құралған Түркістан генерал-губер­наторлығына бірігіп, орталығы Ташкент қаласы деп белгіленді. Түркістан Сырдария облысының бір қаласына айналып, Түркістан облысы «әкімшілік аймақ» ретінде күшін жойды. Сырдария облысы Құрама, Ходжент, Шымкент, Әулие-Ата, Перовск, Қазалы, Жызақ уездерінен құралды.

Өлкедегі қазақ болыстықтары туралы. Уездер болыстықтардан, олар өз кезе­гінде ауылдардан құралды. «1867 жыл­ғы заңға сәйкес, қырғыздардың рулық құрылысын ыдырату мақсатында ірі ру­ларды бір басшының қол астына беру­дің қауіптілігі ескеріліп, көшпелі тұр­ғындарды болыстықтар мен ауылдарға бөлу қарастырылды» – деп жазады Н.И.Гродеков. 1868 ж. Сырдария облысы әскери губернаторының пәрменімен Шымкент уезінде болыстық басқармалар ұйымдастыру бойынша комиссия құрылды. Комиссия төрағасы – титулярлық кеңесші Е. Савенков, мүшелері – ротмистр Адеркас, сотник Герасимов, капитан Терейковский, аудармашысы прапорщик Сырттанов болды. Бірнеше ай ішінде комиссия ауылдарды аралап шығып, тексеру қорытындысын басшыларға тапсырады.Тіпті, Шымкент уезін мекендейтін ең үлкен 2 тайпаға қисынын келтіріп – бірін асыра мақтап, екін­шісін «басын жерге жеткізе тұқыртып» дегендей, «этнографиялық» сипаттама беріп, екі тайпаның арасына «шоқ» тастауды да ұмытпайды.

Жергілікті (қазақ)  халық өкілдері мемлекеттік-әкімшілік басқарудың ең төменгі сатысына ғана жіберілді. Бо­лыстықтарға ру аты берілгенмен, болыс­тықтар шаңырақ санына қарай жа­сақталды. Ал, рудағы шаңырақ саны мен болыстықтағы шаңырақ саны сай келуі мүмкін емес еді. Яғни, бір рудың  өз болыстығына «сыймай»  қалған белгілі бір бөлігі мәжбүрлі түрде өзге рудан жасақталған болыстықтың құрамына кіргізілді. Бұл өз кезегінде болыстықтағы негізгі рудың аз атаға, көші-қон немесе суармалы жерлерді бөлу барысында және  т.б. жағдайларда әлімжеттік жасауына кеңінен жол ашты.

Болыс басқарушысы  әрбір 50 шаңы­рақ­тан 1 өкіл қатысатын болыстық съезде  25 жасқа толған, сотталмаған, халық алдында беделі бар азаматтар арасынан 3 жыл мерзімге сайланды. Болыс басқарушысының міндетіне:
– болыстықтағы тәртіп пен заң­дылық­тың сақталуын қадағалау;
– алым-салық жинау;
– сот шешімдерінің орындалуын қада­ғалау;
– ауыл жиналыстарына қатысып, ауыл старшинасы мен биін сайлауды қа­да­ғалау;
– арыз-шағымдарды қабылдап, болыс­тық съезд шешімдерін орындау.
Сондай-ақ, болыс басқарушысына өкі­мет орындарының талабын орындамау, төбелес, т.б. заң бұзушылықтар үшін 3 күн мерзімге қамауға алу немесе 3 сомға дейін айыппұл салу құқығы берілді. Билер сотына жауапкерлер мен куәгерлердің қатысуын қамтамасыз ету де болыс басқарушысының міндетіне кірді.
Болыс басқарушысына (әсіресе, алым-салық жинау) берілген осындай салыстырмалы түрдегі үлкен құқықтар болыс сайлауын бәсекелес топтар арасындағы, заңды түрдегі үгіт-насихат жұмыстарымен бірге, сайлаушылар дауысын сатып алу немесе қоқанлоққы  жасау,  бопсалау, уезд бастығына пара беру секілді толып жатқан  заңсыз әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылатын  жан аяспас күреске айналдырды. Ал, сайлау тағдырын сайлауға міндетті түрде қатысатын  уезд бастығының пікірі шешті. Әдетте, пара, сый-сияпат алған  уезд бастығының үміт­керлердің бірімен ымы-жымы бір болды. Болыстық съезд әрбір 10 шаңырақтан 1 өкіл қатысатын  ауылдық жиналыста 3 жыл мерзімге сайланды.

Болыстықтағы әрбір ауыл нөмірленді. Ауыл жиналысы ауыл старшинасы мен биін сайлап, жайылымдарды бөлді, жер дауларын шешті, ауыл шаңырақтары арасында алым-салықтарды бөлді және жиналмаған алымдар туралы шешімдер шығарды. Ауыл старшинасының міндеті:
– ауылдағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуын қадағалау;
– алым-салық жинау;
– арыз-шағымдарды қабылдап, сот ше­шім­дерінің орындалуын қадағалау.

Болыс басқарушысына өкімет кесімді жылдық жалақы төледі. Ауыл старшыны үшін әрбір шаңырақтан жылына 1 сом 15 тиын алынды. Ал, би шешкен дауына қарай дау иелерінен  алымдар алып отырды. Ендігі жерде,  өз әділдігімен, көрегендігімен, шешендігімен және тағы басқа асыл қасиеттерімен  халық арасынан өсіп шығатын билер әлдекімдердің ойлап шығарған «шар тастап сайлау»  арқылы  сайланатын болды.

Осылайша, мыңдаған жылдар бойы қазақ халқының  әлеуметтік, экономикалық  және саяси өмірін реттеп келген билер институтына күйрете соққы берілді. Сонымен, болыстықтардағы  әкімшілік және полицейлік функциялары – болыс басшысына (болысқа), сот билігі – билер кеңесіне, ал, шаруашылық мәселелерді шешу (сайлау, көші-қон, жайылым, шабындық жерлерге қатысты) – халық өкілдеріне (әр 50 шаңырақтан-1 өкіл) жүктелген. Болыс басқармаларының бастықтарына төмен­дегідей жылдық жалақы белгіленген: Мысалы, мемлекет 1868 ж. ауылдар мен шаңырақ санына қарай, Арыс болысына – 500 сом, Шөл болысына – 800 сом, ал қалғандарына 1000 сомнан жалақы белгіледі. Мемлекет алғаш ұйымдастырылған 9 болыстықты (Боралдай , Қазығұрт, Тартоғай, Қарамұрт, Майлыкент, Қарабұлақ, Шөл, Арыс, Са­рыкөл,  Тартоғай)  ұстап тұруға 18832 сом қаражат бөлді. Көп ұзамай-ақ бұл ақша артығымен қайтарылған, 9 болыстағы 9330 ша­ңырақтан жиналған «шаңырақ» салығы – 32555 сомды құраған.

1.Сырдария болыстығы.  2.Байырқұм.  3.Сарықұм. 4.Бөржар. 5.Ақтас. 6. Қазығұрт. 7.Бадам. 8. Қарамұрт. 9. Машат. 10.Майлыкент. 11.Қошқарата. 12. Боралдай. 13. Арыс. 14.Бөген. 15. Шаян. 16.Сарыкөл. 17.Жылыбұлақ.  18.Арыстанды. 19. Ақмола. 20. Ноғай-күре. 21.Ақтөбе.  22.Хантағы.  23.Қаратау. 24. Шу.
Өлкеге орыс-украин шаруаларының қоныстана бастауы туралы.

1870 ж. бастап, қоныс аударушылар үшін «Жер қорын» ұйымдастырып, әр облысқа бір-бірден әскери топограф штаты беріледі. Алдымен  бірнеше экспедиция ұйым­дастырып, қазақтар пайдаланатын жер нормасы мен болашақ орыс қыстақтарының орындары  белгіленді. 1874-1882 жылдарда облыста 6 шаруалар селосы құрылды. Ол келімсектерге 1867 жылғы «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша ереже» мен 1868 жылғы «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы» ереже бойынша 30 десятинадан жер беріліп, 15 жылға алым-салықтардан, әскери міндет­керліктен босатылды.

1891-92 жылдары ішкі Ресейде орын алған қатты құрғақшылықтың салдарынан  Қазақстанға қоныс аудару осы жылдары жаңа қарқын алды. Өлкеде 1891 жылға дейін 25 орыс қыстағы болса, 1891-1892 жылдарда  ғана17 жаңа поселке құрылды. Жалпы, осы жылдар ішінде Сырдария облысындағы поселкелердің ұзын саны 37-ге, шаруалардың саны 12 мың адамға жетті. Бұлар негізінен Түркістан-Шымкент-Әулиеата аралығындағы үлкен жолдың бойы мен өзендер бойындағы шұрайлы жерлерге орналасты. Сол кездегі келімсектердің өмірі мен тұрмысынан хабардар ету үшін орыс зерттеушісі И.Гейердің кітабынан үзінді бере кетсек артық болмас…

IX – хат.
…Егорьевск селосы 100 үйден тұрады. Село құрылған кезде шаруалар бүкіл село үшін қазынадан 2432 сом көмек алды. Тап осы жерде жиналған статистикалық мәліметтер арқылы, мемлекет берген жәрдемді селолықтар қалай іске асырғанын есептеу қызық секілді.
Село құрылғаннан кейінгі бір жылдың ішінде 93 үйдің құрылысы толық аяқ­талған. Әрқайсысының құны ең төменгі шекпен санағанның өзінде 50 сомнан кем емес. Селода 69 ат, 102 өгіз, 60 сиыр, 6 түйе және 61 бас жас мүйізді ірі қара бар.
Шымкент уезінің бағалар анықта­малығын жетекшілікке алып, жануар­лардың құнын есептейік:
Аттардың құны =  69X35=1725 р.
–   өгіздер      = 102X20=2040 –
–   сиырлар   =  60X15= 900   –
–  түйелер      =   6X40= 240 –
– жас мүйізді ірі қара =  61X 5= 305 –

Барлығы  5210 сом.
Бұған үйлердің жалпы құнын (4650 с.) қоссақ, 9860 сом шығады. Енді, осыдан қазынадан көмек ретінде алынған  соманы алып тастасақ 7428 сом қалады. Бұл селолықтардың бір жыл ішінде тапқан таза пайдасы.
Егорьевск селосы шаруаларының осындай өнімді еңбегі, оған қалайша қол жет­кізгендігі туралы арнайы талдау жасауға тұрады. Сонымен, шаруалар бұл табысқа қалай қол жеткізді? Ең алдымен, көп балалы шаруа отбасындағы  еңбек бөлінісіне назар аударуымыз керек.Игеретін жер теліміне қол жеткізген шаруа, алдымен астық себу, екіншіден – үй құрылысын жүргізу, үшіншіден мал сатып алуға қаржы табу үшін өзіндегі жұмыс күшін есеппен бөледі.

Алғашқы кездегі шағын жер теліміне астық себуге отбасындағы жұмыс күші жеткілікті. Лайдан кірпіш құю, басқа да құрылыс материалдары мен үй ішіне қажетті заттар сатып  алу қосымша жұ­мыс күші мен қаржы талап етеді. Одан өзге, келесі жылғы астыққа дейін отбасының ішіп-жеміне керекті қаражат пен  жұмыс істейтіндердің азық-түлігіне бір меңгеруші қажет.Осының бәрін есептей келе, отағасы қолда бар барлық қорды бөледі. Ең қиыны – қаражат табу. Сондықтан отбасының үйде ең пайдасы аз мүшелерінің біразы, әдетте жасөспірім ұлдар мен қыздар қалаға жіберіледі. Олар үшін  қала тұрғындары арасында бала кү­тушілікке әрдайым сұраныс бар.  Олардан кейін қалаға, егер отбасында отағасыдан басқа да үйленген азаматтар болса – солар аттанады. Жұмыс күші ретінде, ересек азаматтарға да қалада сұраныс бар. Ал, үйде отағасы өзінің әйелі және келіндерімен қалады. Келіндердің еңбегін сатудан пайда аз және ыңғайсыз. Оның үстіне емізулі баласы бар жұмыскерлерге жұмыс табу қиын, ал үйде оларға әрқашан жұмыс табылады. Сондықтан, әйелі үйдегі шаруашылықты басқарса, отағасы келіндерімен астық се­беді, үй салады. Арықпен су келіп жатыр, сондықтан әйелдер үшін лайдан кірпіш құю аса қиындық тудырмайды. Маусымдық жұмыстар арасында отағасы қол қусырып, қарап отырмайды. Кіре тартумен айналысады. Өз арбасымен  Әулиеатадан Ташкент, Шымкент қалаларына астық тасып, өз пайдасына қалғанын үйіне алып қайтады немесе Шымкент уездіндегі жол бойларымен тартылып жатқан телеграф үшін Сайрамнан бағандар тасиды.
Осылайша қолда бар жұмыс күшін бөліп алған отбасы астық себуге кіріседі, сосын үй салады. Қазыналық көмектің бір бөлегі азық-түлікке жұмсалса, қалғаны ат пен өгіз сатып алу үшін жұмсалады…

…Егорьевскіде бірнеше мордва­лық отбасы бар. Олар қырғыздардан ешкі түбітін сатып алып, Орынбор шәлісін тоқып, Ташкент базарларында әр шәліні 4-18 сом аралағында сатады. Олардан өзге мұнда бірнеше етікші мен тон тігуші бар, олар айналадағы елді мекендерді аралап жүріп етік, тон  тігеді. Бір пар етік тігу 40-50 тиын, тон тігу 1 сомнан 1 сом 20 тиынға дейін  тұрады. Ал ішіп-жем тапсырыс берушінің мойнында….
…Село Алатау тауына жақын орна­ласқандықтан, шөбі өте шүйгінді, Егорьевск сиырларының сүтінен дайындалған ірімшік-сырды Швейцарияда болған сая­хатшылардың өздері мақтайды. Яғни бола­шақта селода сыр қайнату ісін жолға қою керек…

…Егорьевскіден төтелеп барсаң 15 ша­қырымдай жерде Дорофеевка (Бірінші мамыр) селосы орналасқан. Бұл екі село бір мезгілде пайда болды. Қазіргі кезде (1893 жылдың мамыр айы) Дорофеевкада 168 өгіз, 66 сиыр, 53 ұсақ мал, 41 ат, 70 қой бар. Мұнда өгіздердің көп болуы селолықтардың басым бөлігін малоросстар (украиндар) құрауымен түсіндіріледі… Тау шатқалдарында жабайы шошқа мен жайра көп. Сондықтан, дорофеевтіктердің қазыналық винтовкалары  қыс бойы «демалыс» көрмейді… (Гейер И.И. По русским селениям Сыр-Дарьинской области (Письма с дороги).Чимкентский уезд Ташкент: Тип-литография бр.Каменских1893).

1891 ж. 25 наурызда Ресей патшасы «Далалық ереже» деген заңды бекітті. 1893 ж. күшіне енген бұл ереженің 119-бабында «өлкедегі барлық жерлер мен орман-сулар мемлекет меншігі» деп жарияланды. Мі­не, осы ереже бойынша қазақ жерлері ға­сырымыздың басынан бастап бірінші дү­ниежүзілік соғыс басталғанға дейін отар­лық талан-тараждың тағы бір жаңа сатысына ілікті. Енді, Сырдария, Арыс, Ақсу сияқты ірі өзендерді былай қойып, шағын ғана Сайрамсу, Балдыбірек, Доңызтау өзендерінің жоғары ағысындағы тау бөктерлеріндегі то­қымдай-тоқымдай суармалы жерлердің өзі на­зардан тыс қалмады. 1899 ж. украиндік ке­лімсектер Петропавловск (қазіргі Тасарық-Ө.Ш) селосының алғашқы қазығын қақты. Одан соң, біртіндеп, тауға қарай өрлеп Романово, Сахаровка, Руниевский, Покровка, Данило -Покровка, Суплатово, Гавриловка, Колосовка селоларын құрды. Осылайша, ғасыр соңына қарай Шымкент уезіндегі суармалы жерлердің 19,8 %-ы келімсектердің қолына өтіп үлгерді.

(Жалғасы бар)

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
тарихшы

«Ақиқат» журналы

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз