Қазақстандағы ең қымбат экстрасенстер мен емшілер кімдер?

2
649

Халық арасында «ең соңғы болып үміт сөнеді» деген сөз бар. Сондықтан да, күйзеліске ұшырап, айықпас дертке шалдығып, дәрігерден үміт үзгендердің көпшілігі халық емшілері мен көріпкел, бақсы аралап, әулие жерлерге барып түнеуі заңдылық. Кейбір деректерге сүйенсек, 17 миллион халқы бар Қазақстанда 3000-нан астам емші, бақсы бар. Бұл арнайы есепке алынғаны. Ал, көше бойлап, тиын-тебенге көріпкелдік жасап, құмалақ ашатындары қаншама?

NUR.KZ порталы елімізге есімі белгілі, танымал ең қымбат бақсы-балгер мен халық емшілерінің қызмет құнын біліп көрген еді. Алайда, имамдар көріпкелдік жасап, болашақты болжап, көзге көрінбейтін энергиямен емдеймін дегендердің сөзі «далбаса» дегенді алға тартады. Десе де, елімізде шамандар мен емшілердің дәуірі жүріп тұр. Оған себеп, хабарласқан көріпкелдер мен емшілердің көмекшілері қабылдауы уақыты алдағы 1-2 айға лық толы екенін айтты.

Виктор Александровский

Алматы қаласының тумасы, негізгі мамандығы эколог, опера әншісі. 2014 жылы Халықаралық «Экстрасенстер шайқасы» шоуының 8 шақырылымының күміс жүлдегері атанған соң, тасы өрге домалап, сұранысы артқан көріпкелдің бірі болды. Ол  адамдардың келешегін болжап, жолын ашып, өмірден қажығандарға энергия береді-мыс. Танымалдық Виктор үшін үлкен табыс көзіне айналған. Ол тек адамның жеке басына ғана көмектеспейді, қазір үлкен компаниялар мен бизнес бастаулардың да экономикалық болашағын болжап жүр. Өзінің көріпкелдігін және айтқаны дәл келетінін дәлелдеу үшін мемлекеттің алдағы жылда болатын өзгерістері жайлы сәуегейлік танытып жүрген жайы бар. Экстарсенстің қабылдауына жазылу құны бұрын 500 доллардан басталса, қазір 60 000 теңге.

Бақыт Жұматова

Халықаралық «Экстрасенстер шайқасы» шоуының 7 шақырылымының қола жүлдегері. Көпшілікке көріпкелдігімен қатар, түрлі шоуда жасаған шулы мәлімдемелерімен танымал. Тіпті ол кәрілікті жеңіп, теріні жасартатын элексир ойлап тапқанын айтып, жұртшылықты дүрліктірген болатын. Экстрасенстің клиентерінің сөзінше, оның бір реттік қабылдауына жазылу құны 1 мың АҚШ доллары. Аталған сомаға Бақыт болашағыңызды болжап, бойыңызды жын-шайтаннан аластап, бизнесте жолыңызды ашып береді-мыс. Алайда, аты шулы көріпкелдің алдында болып, ақысын төлегендер мұны өтірікке балап, тіпті  полицияға да арыз түсірген. Естеріңізге сала кетсек, Алматылық 2 келіншек саудасы жүрмеген соң экстрасенстің көмегіне жүгініп, артынан түк шықпаған соң құзырлы орган арқылы қомақты қаржыларын кері қайтарып алған еді. Бүгінге дейін Бақыт Жұматованың үстінен 5 рет қылмыстық іс қозғалып, оның төртеуі тоқтатылған. Соңғы рет көріпкелдің үстінен эликсир сатып алған клиенттердің бірі арыз жазыпты. Ол бірнеше кездесуден соң Жұматованың өзінен 20 мың АҚШ долларын алып, кейін қайтармағанын айтады.

«Сары әулие» атымен танымал Марат қажы Есенбаев

Өткен ғасырдың 90-ншы жылдары әйгілі болған емшінің бір сеансы үшін ең кемі $4000 алады. Ең жоғарғы сыйақысы 70-80 мың долларға дейін жетеді екен. Бұл туралы Марат қажы жергілікті телеарналардың біріне берген сұқбаты кезінде өзі айтқан еді. Тәуелсіздік алған жылдары орталық алаңдарға мыңдап халық жинаған әулие біраз уақыт көпшіліктің көзінен таса болып, енді қайтадан шыға бастады. Қажының сөзінше, қыруар қаржыға тек жеке ем алғысы келгендер жазылады. Тіпті ол, еліміздегі шенеуніктердің біразы саясаттағы жолын ашып, сайлауда жеңіске жетуі үшін де алдына көмек сұрап келетінін айтқан болатын. 4 әйел алып, 22 – ұрпақ өрбіткен Сары әулие жайлы пікір әртүрлі. Көпшілік оны адамның іші-сыртын тез танитын пысықай психолог десе, енді бірі –  расымен де энергиясынан емделгендері де айтып жатады.

Кажета Ахметжанова Мергенбайқызы

Бұл кісі де «Эстрасенстер шайқасы» шоуының 2008 жылғы жеңімпазының бірі. Өзін емші, бақсы әрі көріпкел санайтын келіншек Мәскеу мен Алматы қалаларында тұрып, қабылдау жасайды. Көмекшілерінің сөзінше, Кажетаның бір сеанс емінің құны 100 000 теңге. Бұл бағаға адамдағы көз тию, қарғыс, жабылған жолды ашу, болашақты болжау сияқты қызметтер кіреді. Тіпті, махаббатын таппай адасып жүргендерді де тура жолға түсіреді-мыс. Алайда, жерлесіміздің қасиетіне сеніп, көмегіне жүгінетіндердің басым көпшілігі – қазақтар емес, өзге ұлт өкілдері. Тастарды шашып, отты жағып сәуегейлік жасайтын келіншек қосымша қалталы азаматтарға да экономикалық ақыл-кеңес беріп отырады. Әрине тегін емес. Бизнесмендер кәсібіні өрге домалату үшін екі есе шығындалуына тура келеді. Бақсының кейбір істері мұсылмандар үшін жат болып көрініп, оны тіпті қара магия дейтіндер де жоқ емес.

Заман Сыпатаев

Қазақстандағы ең жас көріпкел. 2010-2012 жылдар арасында болған Халықаралық «Экстрасенстер шайқасының» үздік қатысушысы болған жігіттің негізгі мамандығы – экономист. Алайда, 2008 жылы жоғарғы оқу орнын бітірген ол табысты бизнестен емес, өзінің көріпкелдік, бақсылық қасиетімен таба бастаған. 25 жастағы Заман Киев пен Алматы қалаларында ғана клиент қабылдап, жұмыс жасайды. «Кім ақпаратты бірінші білсе, сол әлемді билейді» деп ұрандататын бақсы бос уақытында көпіркелдікті көпшілікке қомақты қаржыға үйретумен айналысады. Оның сөзінше кез-келген адамда өзінің болашағын көріп, болжай алатын қасиет бар. Тек сол қасиетті ашып, дұрыс пайданалана алу керек. Таспих, тас, от одан қала берді қолының энергиясы арқылы көріпкелдік жасайтын бақсы әр қызметі үшін қомақты қаржы алады. Оның бағасы оқиғаның күрделілігіне байланысты 500 доллардан жоғары.

Сайлаухан Әуелбаева

Қытайда туылып, Қазақстанға балалық шағында көшіп келген, танымал емші. «Халықаралық санаттағы халық емшісі» атағын иемденген келіншек Алматы қаласының орталығынан арнайы емдеу орталығын ашып, науқастарды қабылдайды. Ол – шөп, су, тұз секілді заттармен емдеу жүргізгенімен аталған өнімдерге өзінің космостан алған энергиясын жіберу арқылы адамды шипасынан айықтырады-мыс. Көмекшілерінің сөзінше Сайлауханның бір реттік қабылдауы 5000 мың теңге болғанымен аурудан айығу үшін 45-60 сеанс өту керек. Оның бағасы 90000 теңгеден жоғары. Аталған сомаға Сайлаухан бас ауруынан бастап, қатерлі ісікке дейін емдеп жазады-мыс.

«Үкілі бала» немесе Ербосын Серікбаев

11 жасында мектепті қойып, емшілікке бет бұрған жеткіншек әп сәтте Қазақстанға танымал болды. Бірінші, ауылындағы қариялар мен науқастарға ем-дом жасаған оқушыға артынша, еліміздің түкпір-түкпірінен, қала берді шипа іздегендер шетелден де келеді екен. Үкілі баланың еміне барғандардың сөзінше бір күнде ол 500-ден астам халықты қабылдап, бәріне ортақ ем жасайды. Шипаны қолына ұстаған қамшысы арқылы, адамдардың арқасынан ұрып, алақанын жайып, энергиясын жіберу арқылы іске асырады-мыс.  Халық арасында  «Соқыр болып барған адамның көзін ашып жібереді екен. Жүре алмай қалғандарды аяғына тұрғызып жатыр екен. Балаларды сүндетке отырғызып, дәрігер қайтарған науқастарды жазыпты» деген сынды сенімі мол қауесет Ербосынның танымалдылығын арттырып жіберді. Алайда ол ауруды диагнозына қарамай қабылдағанымен, қызметі үшін нақты соманы айтпайды. Халық өз қалауынша 2000 теңгеден бастап, дертінен айыққандар 100 мың теңгеге дейін береді екен. Ербосын да өзге емшілер сияқты ауруларды оншақты сеанспен емдейді. Алайда, имамдар кішкене баланың бұл қасиетіне сенбей керісінше Үкілі баланың бойында «жын бар, өзін емдету керек» деп түйген еді.

Суреттердің барлығы әлеуметтік желіден алынды.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет

Дереккөз: Nur.kz

2 ПІКІРЛЕР

  1. Ұкілі баланың 18 жастағы қызды жүргізіп жіберді дегені рас па екен?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз