ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ СЕНАТОР МӘСІМОВТЕН КЕЙКІ БАТЫРДЫҢ БАСЫН ҚАЙТАРУДЫ СҰРАДЫ

1
248

ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Серік Ақылбай премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына осындай сауал жолдады деп хабарлайды «Қамшы» порталы  baq.kz – ке сілтеме жасап. 

Патшалық Ресейдің отарлауына қарсы Қазақстанның барлық аймақтарында халық бас көтерген болатын. Солардың ішінде Торғай даласындағы Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Амангелді Иманов, Кейкі батыр бастаған ел ең ұзақ көтеріліс жүргізгені белгілі.

Жас ұрпақты патриоттық пен отансүйгіштікке баулу үшін батырлар рухын жаңғырту керек. Кеңес дәуірінде ұлт-азаттық көтерілістер туралы айтылмай келді. Өкінішке орай, бүгінгі күні кей жастарымыз 1916 жылғы көтеріліс туралы, оны бастаған батырлар жайлы толық біле бермейді. С.Ақылбай енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез келгенін айтады.

Ұлт бостандығы жолында күрескен даңқты қолбасшылардың бірі, атақты мерген Кейкі батыр өз елі үшін басын бәйгеге тіккен тұлға. Батырды қызыл әскер айуандықпен өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алған. Ұлт боздағының басы әлі күнге Санк-Петерборда сақтаулы тұр. 1995 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі сұрау жібергенде, Кейкі бабамыздың басы бар екенін РФ Сыртқы істер министрлігі де жауап хатында растаған. Сөз соңында сенатор, Кейкі батырдың бас сүйегін туған еліне алдыру мәселесі көптен айтылса да нәтиже шықпағанын көлденең тартты.

Биыл ұлт-азаттық көтерілістің жүз жылдығы. Осыған орай, Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтарып, туған жеріне жерлеу мәселесін Үкімет қолға алса дейді Жоғарғы палата мүшесі.

Еске сала кетсек, депутат Серік Ақылбай Кейкі батырдың басы төңірегінде бұрын да бірнеше мәрте қоғам назарына ой тастаған болатын.

«Қамшы» сілтейді

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз