ҚАЗАҚ НЕГЕ ҚЫЗ МАҚТАМАЙДЫ НЕМЕСЕ ФРАНЦУЗДАР ҚАЛАЙ БҰЗЫЛДЫ?

0
196

Әлемде неше түрлі соғыс тәсілдері жүріп жатыр. Алпауыттардың өз пайдасына шешілер ақпараттық соғыс, экономикалық кіріптарлық, биологиялық-химиялық, улау һәм белгілі бір ұлттарды ұлттық болмысынан айырып өз дегендеріне жетер зымиян соғыстар күн сайын өзгеше тәсілдермен дамып келеді. Солардың ішіндегі ең сорақысы, кез келген мемлекетті немесе ұлтты жоюдың бірден-бір төте жолы – сол ұлттың қыздарын аздыру. Ал қыздары, яғни аналары тозған халықтың қолындағын тартып алу, жер бетінен жойып жіберу өте оңай болған. Мысалы:

Әлемге өркениет пен мәдениеттің үлкен ошақтарының бірі саналған  Францияны қалай әлсіретті?

Оның ең жанды жері: «Әлемде ең сұлу әйел француз ханымдары» деген жарнама сол халықтың тоз-топалаңын шағарды. Ақшасының шетін қылтитып, әлемнің небір еркектері әр шидің түбіне бір сарыған иттей желіп жүре берді. Әйтпесе, әйгілі Ги де Мопассан француздың жезөкше қыздарын мақтағысы келді дейсіз бе? Содан тазартып алғысы келіп шыр-пыр боп өлді ақыры. Қазіргі адам аузы бармас жыныққан, мауыққандардың мекеніне айналып шыға келді. Сол секілді Таиланд та оңған жоқ, соның таз кепешін киді. Ол тіптен одан өтіп, ең ауыр қылмысты адамдар (бәлкім адам да емес) жыныс мүшесін қидалайтын кісәпірлердің кіндік жұртына айналды. Айтқан жерден аулақ, әрине!

Анадолы түріктің әйгілі әзілкеш-жазушысы Әзиз Несин әпендімнің туристерге қатысты бір тамаша сатирасы бар. Түрік қоғамының ластана бастауын осы шеттен ағылған жалбыр-жұлбыр, артынып-тартынған турист дейтін кезбелердің кесірі түрік қыздарының да көрпесін кірлеткендігін айтатқан. Әрине, шымбайыңа шын бататын ащы шындық. Ал бізде осыны аңғарып жатқан кім бар?!

Бұл әрекет ілкіде жапон жұртына да барды. Бірақ жапон халқы асылзаты әйелдерін қорғай білді. Дарақыланбады. Әр келген туристің де келіп-кетуін жіті қадағалап отырды. «Жалғанда жапон қыздарындай қыз жоқ!» деген желеуге масаттанбады, адамдық арын күтті. Сондықтан елдігін мәңгі баянды етуге беркінді.

Қайбір жылы Хуан Ву деген қисық тіс «Қазақ халқы барған қонағының қойнына қызын салып береді» деп жазғанда қытайдағы қазақ ағайындар қатты тулап, ақыры кешірім сұратып еді. Ал кеше ғана қутыкеш қытай көршіміз волейболист Сәбина Алтынбекованың сұлулығын жарты әлемге жар салды! Міне, тықыр енді таянды. Мұның артында миллиард бойдақ қытай жігіттеріне қатын тауып берудің астары жатқаны анық. Бір Сәбинаның сұлулығын мадақтау мың «Сәбинаның» өмірін ойрандап кетпесе деңіз. Ар жағында тұтас ұлт тұр. Қазақ «мақтаған қыз тойда осырады» деп қыз мақтауды ұнатпай қырық үйден тиым қылып тәрбиелеп еді. Енді міне әр қалада күнде «сұлулар» бәсекесі.

Бек Ғалым,
namys.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз