Аслан Сәрінжіпов не үшін қызметінен кетті?

0
194

Кеше кешке таман президент Жарлығымен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қызметінен босап, орнына Ерлан Сағадиев тағайындалды.

Бұл туралы Қамшы порталы хабарлайды.

Мамандығы экономист Ерлан Сағадиев – елге танымал академик Кенжеғали Сағадиевтың ұлы. Әр жылдары түрлі коммерциялық құрылымдарда қызмет еткен. Алматыдағы Халықаралық бизнес академиясын құрушылардың бірі. Көп жылдар бойы қаржы, бизнес жобалар саласында қызмет еткен кіші Сағадиевтің үкімет құрамында атқарған қызметтері премьер-министр кеңесшісі (2012-2013), Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі (2014-2015) лауазымдары ғана.

Білім саласына тек осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан, тәжірибелі педагогтар тағайындалмай келе жатқанына қазір таң қалдырмайды. Аслан Сәрінжіпов те ұстаздар қауымымен біте қайнасқан кәсіби мұғалім емес. Алайда, осыған дейін түрлі деңгейдегі талай дау-дамайдан аман шыққан Сәрінжіповтің бір күнде «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» қызметінен босап қалғандығы біраз ойға жетелейді.

Сонымен, Аслан Сәрінжіповтің қызметінен босауына не себеп болуы мүмкін? Сәрінжіпов бұл лауазымға 2013 жылдың 2 қыркүйегінде тағайындалды.

Бұрынырақта жаңадан келген әр министр өз реформасын енгізіп жататын сала бұл кісінің тұсында айтарлықтай өзгерістерге ұшырай қойған жоқ. Бұл жерде ҰБТ мен талапкерлерді кешенді тестілеу, ЖОО мен мектеп бағдарламаларындағы азын-аулақ өзгерістер есепке алынып отырған жоқ. Соңғы жылдары ұлттық біріңғай тестілеу де анау айтқандай дау-дамайсыз өтіп жүр.

Ал, күні кешегі Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті мен қазақ-британ техникалық университеттерінің бірігуін министрдің пәрменімен болған іс деу тіпті қисынға келмейді. Яғни, Сәрінжіпов алдыңғы әріптестері сияқты ұстаздар қауымы мен білім қуған жастарды бәлендей әуре-сарсаңға сала қойған жоқ. Онда министрді қызметінен босатуға не түрткі болуы мүмкін?

Білім және ғылым министрілігінің бұрынғы басшысына қатысты даудың үлкені – парламент мәжілісінің депутаты, «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев екеуінің арасындағы кикілжің. Министрліктің жұмысын сынға алған депутат былтыр «Заңды өзгерткеннен министрді ауыстыру оңай болар еді», – деп Сәрінжіповтің жұмысын іске алғысыз етіп тастады.

Министр де қарап қалмай, депутатты әлдебір топтардың, атап айтқада шағын оқу орындарының мүддесін қорғайды деп айыптады. Бұған шамданған Перуашев полицияға арыз жазып, министр тергеушілерге осы айыптауына қатысты түсінік берген де болатын. Алайда, депутат пен министр арасындағы ол дау көп насырға шаппады, бейбіт түрде аяқталған еді.

Одан кейінгі айта кетерлік бір жәйт, оқу орындарындағы, оның ішінде орта білім беру мекемелеріндегі тәртіп пен тәрбие мәселесі де министрдің кәсіби беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Былтыр Қарағандыдағы қазақ-түрік лицейлерінің бірінде оқушылар арасындағы әлімжеттік мәселесі біраз сөз болды. Сондай-ақ, мұғалім мен оқушының төбелесі, оқушыны сабаған мұғалімдер туралы да әлеуметтік желіде аз шу болған жоқ.

Ақылы бөлімде оқитын студенттердің қаражатын жымқырған Қазақ ұлттық университетінің лауазымды тұлғалары үстінен қозғалған қылмыстық іс те министрге абырой әперер жағдай емес.

Алайда, осы айтылғандардың ішіндегі ең сорақысы орта мектептердің жоғары сыныптарындағы оқушы қыздар арасындағы жүктілік мәселесі болар. Ақпарат құралдарында бір ғана Астана мектептерінің өзінде 70-ке жуық қыз жүкті болатыны туралы прокуратура хабарлама таратты. Ал 6 ақпан күні бірқатар ақпарат құралдары Ақтөбе облысында өткен жылы мектеп жасындағы 60 қыздың ауыр аяқ болғанын жарыса жазды.

Жалпы, алғанда орта есеппен елімізде жыл сайын 20 мыңға жуық оқушы қыздың жүкті болып жататыны айтылуда. Биыл жыл басында Қазақстанның түкпір-түкпірінде жас қыздар арасында бала туып, далаға тастап кетуден эстафета жарияланғаны да министр Сәрінжіповтің қызметіне тиісті баға беруге ықпал етпеді дей алмаймыз.

Қазақ мектептерінің тәрбиеден басқа да проблемасы шаш етектен көрінеді. Әсіресе, жыл сайын осы салаға бөлініп жатқан қаражаттың игерілуі, білім мекемелерінің тиісті деңгейде жабдықталуы көп жерде күмән туғызады. Кешеден бері ел аузында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы мектептердің бірінде кабинет жетіспеушілігінен 30 мұғалім дәретханаға арналған бөлмеде жұмыс істеуге мәжбүр болып отырғаны туралы әңгіме желдей есуде.

Дереккөз: Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз