Үкіметке «бес» қойдым

1
210

Үкіметке «бес» қойдым (Сарказм)

Бір айдай болып қалды мектепте іс тәжірибеден өтіп жүрміз. Оқушылар бізді көріп, біз оларды көріп аузымыз ашылып жүрдік басында. Уақыт өте келе бір-бірімізге үйренісіп кеттік. Сезімдері енді бүршік атып келе жатқан сегізінші сыныптарға тап болдым. Әдебиет сабағында Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын оқып, талдадық. Барымды салып, осы тақырыпта оқушылардың арасында шағын пікірсайыс ұйымдастырып көрдім. Тақтаға үш қыз, үш бала шығарып, сіздер біздің болашақ министрлеріміз боласыздар деп едім мәз болып қалды. Ұлдар Үкімет, ал қыздар Оппозиция болатын болды. Оппозицияның қыздар болғанына таң қалмадым. Ал қалған оқушылар қарапайым халық болады деп едім, сынып дүрлігіп  кетті. «Құрметті министр жолдастар сіздер өз пікірлеріңізді, өз ойларыңызды халыққа және оппозиция мүшелеріне түсінікті түрде дәлелдеп берулеріңіз керек», деп ережені түсіндіріп өттім. Көтергелі отырған мәселеміз: «Батыр Баянның, інісі мен қалмақ қызын өлтіргені дұрыс па, бұрыс па?».

Ал кеттік. Үкімет мүшелері бір-бірімен таласып-тармасып жатып араларынан бірінші болып Шыңғысты шығарды. Шыңғыс қобалжыды ма, жоқ оқымай келді ма, белгісіз, бірақ халықты жалықтырып алғандай болды. Жаттап алған жерінен жұлып-жұлып мысал келтіргендей болды. Ізін суытпай сөзді бірден Арсен жалғады. Халыққа бар пәрменімен оқыған жерлерінен суырып-суырып бір нәрсе дәлелдегендей болды. Айтқан сөздеріне тіпті өзі де сенбей қалып жатты. Үшінші үкімет мүшесі Дәмір сөздерін орысша өрнектеп ап кетті. Оппозиционер қыздар жан ұшырып, «ағай, қараңызшы орысша сөйлеп жатыр, болмайды ғой», деп шырылдап кетті. Отырған Халықтың арасынан да бір жігіт «иә, болмайды ғой ағай» деді. Қалғандары түк естімегендей көздерін бақырайтып маған тесіліп қалыпты. Арт жақтағылар тіпті ұйықтап отыр. Осылайша Үкімет мүшелері өз сөздерін аяқтап болды. Халықтан «сұрақ бар ма», деп едім, ешкім үндемейді. Бір қыз қолын көтріп еді, әлгі Дәмір тығылып жұдырығын көрсетіп жүр екен. Сұрақ қойғысы келген қыздың мысы басылып қалды.

Сонымен кезек Оппозиционер қыздарымызға келді. Бір қызығы Үкіметтегі ұлдарға қарағанда қыздар барлық мәтінді оқып келген екен. Білімді қыздар екені байқалып-ақ тұрды. «Құрметті халқым» деп бастады Ажар сөздерін. Мен айтар болсам… ары қарай сынып іші гу-гу, у-шу болып кетті. Мен тыныштандырып әлекпін. Оқып келген дүниесін ортаға салып, Үкіметтің айтқанын жоққа шығарып баққан үш қызды алдыңғы қатарда отырған Ернар ғана тыңдап отыр екен. Халық тіпті тыңдар емес. Ажардан басқа екі қыздың атын да жақсы білмейді екенмін. Қыздар тамақтарын қырып, бар білгендерін айтып, өмірде әділеттің керек екенін, адамдардың ойымен, пікірімен санасу керек екендігін түсіндіріп әлек болды.

Осылайша екі тарап та өз сөздерін тәмамдады. Мен ортаға шығып, «ал қарапайым халық, не түсіндіңдер, екі тараптың қайсысын жақтайсыңдар?» — деп сұрақ қойдым. Сынып тып-тыныш болып қалды. Сұрағымды қайталап, кім не түсінді деп тағы сұрап едім, Үкімет мүшесі Шыңғыс «ағай бұлар өздері оқымай келген, сол себепті ештеңе сұрамай отыр» деді. Қойшы сөйтіп дауыс беретін уақыт келді. Ұлдар деп қол көтергендер он бестей болды. Қыздар деп, алдыңғы қатардағы Ернармен қоса есептегенде бес оқушы көтерді. Осылайша бұл пікірсайыста Үкімет яғни ұлдар жеңіске жетті. Ажар мен екі қыз, «ағай, бұл әділетсіздік қой, біз айтқанда ешкім тыңдамай қойды ғой», деп мұңын шақты. Демек сыныптастарың сендерді сыйламайды деп едім, барлығына ала көзімен қарап тұрып: «Өздері оқымайды, оқып келгенді тыңдамайды, қандай адамсыңдар?» деп налыды.

Сабақты қорытындылауға кезеңінде, Үкімет мүшелеріне «бес», оппазиция мүшелеріне «төрт» қойып бердім. Бағаларына риза болған оқушылар мәз болып келесі сабақтарына кетісті. Бұл пікірсайыстан нәтежие шығарып, бір-бірін тыңдау керек екендіктерін, әдебиет сабағында орысша сөйлеуге болмайтынын алдыңғы қатарда отырған тек Ернар ұғынса да, бұл мен үшін жетістік болар еді. Бір қызығы осы оқушылардың іс-әрекетінде біздің билікке ұқсас дүниелер көп екен.

Балалардың тең жартысының үй тапсырмасын оқымай келгеніне мүмкін мен кінәлі шығармын деп ойладым. Себебі университетте оқыған мұғалім әдістемесінің сан түрлі терминдерін іс жүзінде енді ғана қолданып отырмыз. Мектепке келгенімізгі үш апта болса да, алған, жинаған біліміміз мол болды. Ал биыл біздің мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толғалы отыр. Құтты болсын дейміз!

Сайлаухан Абылай

Ұлт порталы

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз