Оқытушы: “Бұл ни че, екінші курста, емтихан, сол кезде строго 2 мыңнан…” (видео)

2
225

Оңтүстік Қазақстан облысындағы колледждердің бірінде сынақтан өткізу ашықтан-ашық саудалануда. «Фэйсбук» әлеуметтік желісінде колледж студенттерінің сабақ барысында оқытушымен саудаласып отырған сәті бейнеленген «Математика пәні мұғалімі Нұржамал апайдың арсыздығы» деген атаумен жасырын түсірілген видео пайда болды.

 

Оны желіні қолданушы Куандык Мусралиев бөліскен. Аталған видеода ОҚО-дағы «Агробизнес және саяхат» колледжі деген жазу жазылған. Бұл оқу ордасы ОҚО, Түлкібас ауданында орналасқан. Онда студенттердің ұстазбен болған диалогы жазылған. Студенттер үшінші курста емтихан бағасының  қымбаттайтынына алаңдаушылық танытады.  Алайда математика пәнінің оқытушы, Нұржамал (видеожазбада солай жазылған) есімді мұғалім екінші курстың өзінде емтихан бағасы 2 мың теңгеге көтерілетінін айтқан. «Бұл ни че, екінші курста, ертең емтихан ғой. Сол кезде строго 2 мыңнан болады. Былтыр мен сөйттім ғой» деп еш қысылмастан сөйлеген ұстаздың сөзін бөлген студенттер дәл қазір емтихан емес екенін айтып, оқытушыдан сынақтан өткізуін, стипендия түскен соң сұраған ақшасын беретінін жеткізеді. Бірақ, мұғалім нағыз базардағы саудагер ұқсап, «Енді не дейсің маған? На личко бермей тұрсыңдар ғой. Берсей 1500. Пожалуйста, бер…» деп айтады. Бұл бұл ма, оқытушы кей студенттер қарызға белшесінен батқанын еш жасырмай айтып береді. Айтуынша, «үйден ақша салып жібереді, сосын әкеліп беремін» деп оқытушыға сынақ қойдырып алғандары да бар екен. Бірақ, әлі күнге дейін келісілген соманы бермепті.

Видеоны көрген соң Түлкібастағы  оқу ордасына хабарластық. Қабылдау бөліміндегілер колледжде Нұржамал есімді мұғалімнің жұмыс істейтінін растады. Мән-жайды сұрамақ болып едік, мұғалімнің тек түске дейін сабақ беретінін айтты. Айта кетерлігі, “Агробизнес және саяхат” колледжінде математика пәнінен білім беретін бір ғана Нұржамал есімді апай бар екен.

Дерек көзі: korrespondent.kz

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз