Жаңа Білім және ғылым министрі қандай ұсыныстарымен ел назарына түсіп үлгерді (видео)?

1
289

10 ақпан күні Қазақстанның Білім және ғылым министрі болып тағайындалған Ерлан Сағадиев конференциялардың бірінде мектеп оқушыларын қай тілде оқыту қажет деген мәселені белсенді түрде көтерген болатын. Әлеуметтік желі пайдаланушылары министрлікке білімді адамның келгенін жарыса жазып, бұл тағайындауды қуана қабылдады деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Видеодан кадр

Сағадиевті білім саласының басшысы еткенін көпшілік құп көріп отыр. Себебі, ол жоғары білімімен және жаңашыл ұсыныстарымен талай рет ел назарына түскен екен. Солардың бірі –  Сағадиевтің 2013 жылы TEDxAlmaty конференциясында отандық мектептерге үш тілді білім беру үдерісін енгізу ұсынысы.

YouTube желісінде жарияланған видеода Сағадиев көпшілік алдында бес баласы барын және оларға қандай білім қажет деген мәселеге өзі талай ойланғанын айтып, ағынан жарылады.

«Баланы қазақ, орыс немесе ағылшын мектебіне беру керек пе деген сауал барлық ата-ананың алдына келеді? Менің әр жастағы бес балам бар. Сол себепті бұл сұрақ мені де мазалап үлгерген», – деп сөзін бастады ол.

Бұл орайда жаңа Білім және ғылым министрі үш тілді қатар алып жүру қажет деген пікірді қолдап отырғанын алға тартты.

https://youtu.be/kgH8Qs0QvAM

Сағадиев өзінің 7 жасқа дейін ауылда қазақ тіліне сусындап өскенін сөз етті.

» 7 жасқа дейін ауылда өстім, былайша айтқанда ауылдан келген нағыз қазақтың баласы, орысша бір сөз жоқ, 7 жасымнан 12 жасқа дейін мен орыс тілді ортада өстім, ал 22 жасымнан 8 жыл бойы Америкада ағылшын тілінде білім алдым. Сонда көзім жеткені, көбі мәдениет пен білімді шатастырып жатады», – дейді Сағадиев.

Ол қазіргі заманның білім саласы Абай кезеңіндегі білім алу жүйесінен мүлдем бөлек екенін алға тартты.

«Абай кезеңіндегі білімнің 90 пайызы Қазақстан мен қазаққа келіп тіреледі. Алайда уақыт бәрін күрделендіре түсті, қазіргі жаһандану заманында білімнің 90 пайызы қазақ пен Қазақстанға қатыссыз болып кетті… Әлем білімді ағылшын тілінде таратуға келісіп қойған секілді. Ағылшын тілінде түрлі саладағы оқулықтар саны шамамен 550 000 болса, орыс тілінде 97 000, ал біздің қазақ тілінде бар жоғы 2300 оқулық бар. Бұл тек біздің мәселе ғана емес. Барлық елдерде мәселе көптеген ақпаратты аудару қажеттілігіне келіп тіреледі», – деп мәліметтерді келтірді Сағадиев.

Осы орайда, Сағадиев өзінің америкалықтардың керметтей жанкүйері еместігін ескертті.

«Мені дұрыс түсініңіздер, анам айтып жүргендей, мен америкалық мәдениеттің немесе ағылшынша әдебиеттің керметтей жанкүйері емеспін, дегенмен олар маған қатты ұнайды. Біздің балаларға бұл том-том кітаптар қолжетімді болуы керек. Болмаған жағдайда біз көп жерден ұтыламыз», – дейді ол.

Айта кетерлігі, Сағадиев Қазақ ұлттық университетін бітіріп, Миннесота штатында магистр дәрежесін алған. Халықаралық IT Университетінің негізін қалаушылардың бірі.

Дереккөз: Nur.kz

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз