Пәтерлердегі елестерді анықтайтын жаңа қызмет түрі іске қосылды

0
233

Астанада риелторлық фирмалардың бірі оғаш қызмет түрін ұсынды. Олар клиенттің қалауымен жалға алынғалы немесе сатылғалы отырған пәтердің ішінде аруақ-елестердің бар-жоғын анықтап береді деп хабарлайды NUR.KZпорталы «Экспресс К» басылымына сілтеме жасап.

Асхат есімді маклердің айтуынша, екі жыл жұмысының нәтижесінде “жаман пәтерлер” базасын құрғаны оның ғана емес, жалпы ұжымның мақтанышы әрі коммерциялық құпия екен. Ол бәсекелестерінің тұрғын үйлердің қауіпсіздігіне қажетті назар аудармайтынын алға тартты.

“Барлығы мен жалға беруге көмектескен пәтерден басталды. Сұранысқа ие аудан, евро жөндеу жасатылған, бағасы орташа пәтерді клиенттер бір жарым ай сайын ауыстыра берді. Делдал ретінде маған бәрібір болатын, бірақ адами тұрғыдан қызығып, сол үйде тұрғандардан ненің жақпай жатқанын сұрадым. Кейін, бұл пәтерде бұрын нашақор адамның тұрғанын және оның өз досын өлтіріп, өзіне қол салғанын анықтадым”, – дейді Асхат.

Содан бері кәсіпкер қорқынышты елестер болуы мүмкін деген Астана қаласындағы аудандарды анықтап, оның картасын жасап шыққан.

“Мен пәтерлерін тапсырарда қай үйлерде иелері жеңілдік жасайтынын біліп тұрамын. Себебі, үйлерінің таза емес, елестер бар екенін олар өздері де біледі. Клиентіме артық шығынсыз әрі жақсы пәтер тауып бере алатыныма кепілдік бере аламын. Әсіресе оңтүстіктен Астанаға көшіп келгендердің көбісі дәл осы мәселеге зор мән береді. Оларды көбісі ырымшыл деп жатқанымен, мен бұл мәселеге жауапкершілікпен қараймын”, – дейді Асхат.

Дереккөз: Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз