Айбек Қалиев қажылықтың қазір «сәнге» айналып бара жатқанына налыды

21
170

Елге танымал айтыскер ақын, Ыбырай Алтынсарин атындағы Мемлекеттік педагогикалық институттың педагогика және филология факультетінің деканы Айбек Қалиев дін айналасындағы өзекті мәселелелерге қатысты ойларымен e-islam.kz порталына берген сұқбатында бөлісті.

Айбек Киікұлы, мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа барып  парызың өтеп келген, қажылардың бірі. Ақын қажылыққа барған сапарын айта келе, қазір қажылық «сәнге» айналып бара жатқанына налыды.

«Алла нәсіп етіп, Мекке мен Мәдинада үш рет болдым. Екі мәрте ұмра, бір мәрте үлкен қажылық өтедім. Аллаға сансыз шүкір, тіпті, бір жылда екі рет барудың сәті түсті. Ал, алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Қағбаға қарап отырып өткен өміріме көз жіберсем, осы уақытқа дейін түк бітірмеген екенмін, болмашы нәрсеге бола бір-біріміздің көңілімізді қалдырып, түкке тұрмайтын нәрсе үшін жанталасады екенбіз. Негізі бір байқағаным, қажылыққа барып келген адамның мінезінде сәл де болса өзгеріс болады. Жан-жағына, айналасына, дүниеге басқаша көзбен қарай бастайды. Ал, парыз бен жауапкершілікке келсек, қазақ халқы қажылық өтеп келген кісілерді құрмет тұтады, оны үлгі, өнеге тұтады. Сондықтан мұның жауапкершілігі де ауыр. Осы тұста айта кетерлік келеңсіз жайттар да бар. Кейбір кісілер қажы деген атты атақ-дәреже көреді. Қарапайым жұртқа қажылыққа барғанын міндет тұтатын кісілер де баршылық. Қазір қалталы кісілердің әке-шешесін қажылыққа жіберуі сәнге айнала бастағандай. Қажылықта, тіпті, намаз оқуды білмейтін кісілерді де көрдік, туристік саяхатқа келгендей қонақ үй мен дүкендердің арасын жол қылған кісілерді көргенде қажылықты армандап қолы жетпей жүрген талай тақуаларды ойлап қынжыласың, ал қажылықта әрбір минутын құр жібермей бар уақытын құлшылыққа арнап жүрген қандастарыңды көргенде қуанасың. Сондықтан да қажылық компаниялары қажылық сапар алдында курстар өткізіп тұрса деген тілек бар», – деп ойымен бөлісті Айбек Қалиев.

Сонымен бірге ақын сұқбаты барысында дінге бет бұрған жастарға да өзінің кеңестерін айтты.

«Қазіргі таңда жұма намазына жиналған халықтың көптігін, мешітке сыймай қалып жатқанын көріп жаның жұбанады. Әрине, жетпіс жыл бойы дінінен ажырап қалған халықты жиырма жылда иманды болып кетпедің деп кінәлауға болмайды, «Мұсылман болу әсте-әсте» деген сөз соны меңзесе керек. Алайда, мен ұлтымның болашағына сенемін. Өйткені, бізде оған алғышарттар жақсы қалыптасып келеді. Тек бізге батыс әлемі қалыптастырған исламды экстремизммен, терроризммен байланыстырып қарайтын түсініктен арылу қажет. Себебі, қазір баласы намаз оқыса үрке қарайтын ата-аналар қазақтың арасынан да табылады. Ол түсінікті де, өйткені, елімізде теріс пиғылдағы діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар жиі кездеседі. Жас буынның бойына ұлттық рухты сіңіруде исламның рөлі өте зор. Қазақтың мақал-мәтелдері құранмен, хадиспен үндесіп жатуы тегін нәрсе емес. Сондықтан да имани тәрбие – қазақ халқының  ұлттық тәрбиесімен негіздес деп есептеймін», – деп ойын қорытындылады ол.

Дереккөз: Nur.kz

21 ПІКІРЛЕР

  1. Кезінде бабаларымыз ат терлетіп, жаяу аттанып барған. Жағдайы жақсы болса, шамасы келсе, барша адамның Меккеге барғанына не жетсін. Бірақ шынында бүгінгі таңда атақ қуып жүргендер де бар арамызда өкінішке орай.

  2. Мұндай қасиетті парызды сәнге айналдыруға болмайды, әр мұсылман қажылыққа тек таза ниетпен баруы керек.

  3. Иә, қажылық ел аралап, қызықтап, тамашалап қайтар саяхат емес, қажылық Жаратқанның алдында парыздарын өтейтін аса жауапты сапар.

  4. Қазақстаннан қажылыққа барушылардың легі жылдан-жылға артып келеді. Бірақ олардың барлығы таза ниетпен бармайтыны өкінішті. Меніңше қажылыққа Алланың түзу жолына түскен мұсылман бауырларымыз бару керек.

  5. Жасыратын не бар, қазір қажылыққа қалтасы қалың кісінің барлығы да барады. Бірақ олар қажылыққа мұсылмандық парызымыды орындайын деп барады ма, әлде барлық дәулеттілер бара жатқан соң біз де барып, ел, жер аралап келейік деген оймен барады ма? Кім білсін….

  6. Жоғарда айтылған пікірлерге толықтай қосыламын, қажылыққа адамдар не үшін бара жатқанын толық түсіну керек, оның маңызын білу керек және жауапкершілікпен қарау керек. Сол үшін алдын ала арнайы курстар өткізілуі керек.

  7. Рас қажылық бес парыздың бірі, Оны саяхатқа айналдырудың қажеті жоқ.

  8. Қажылық қана емес намаз оқу мен хиджаб киюдің өзін сәнге айналдырып жүргендерді көріп жүрмін. Осыдан дінді дұрыс түсінбеу басталады

  9. Меккеге бау маған арман ғой!Өзімді әлі лайықты емеспін деп сезінемін!

  10. Алланың пайғамбары өмірінде бір-ақ рет қажылық парызын орындаған деседі, ендеше ойлану керек шығыр?!!!!!!!!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз