«Арқаңда сенің алты Алаш»

1
154

Cаясат – ұлттың, мемлекеттің тағдырын шешетін тетік. Ұлттың құл болмауы, мемле­кеттің тұл қалмауы да саясат пен саясаткерлерге байланысты. Демек, ірі саясаткердің мезгілсіз қазаға ұшырауы – ұлт пен мемлекет тағдырына да мейлінше кері әсерін тигізетін күйзелісті құбы­лыс. Көрнекті саясаткер, мемлекетшіл тұлға, қайраткер-реформатор Алтынбек Сәрсенбай­ұлы­ның қайғылы қаза­сын Қазақстан зиялы­ларының аса ауыр қабылдауының сыры да осында жатқандай.

 

Содан бері де он жыл сырғып өте шығып­ты. Бірақ осы он жыл ішінде Алтынбек Сәрсен­байұлын керексіну процесі бір сәтке де тоқтаған, толастаған емес. Керісінше, бұл процесс күн өткен сайын үдеп, өскелеңдеп келеді. Халық кімді керексінеді? Ел қандай тұлғаны керек­сінеді? Алтынбек Сәрсенбай­ұлы секілді батыл, табанды, білікті, білімді, ұлтжанды тұлғаны. Рас, ел іші – алтын кеніш, бірақ Алтынбек Сәр­сенбайұлының орны ай­рықша үңірейіп тұр…

Саясаткер ретінде Алтынбек өзгелерден оқ бойы озық болатын. Оның категориясы да, калибрі де бөлек-ті. Ол республикалық дең­гейдегі емес, халықаралық масштабтағы саясаткер еді. Әлемдік саясатты өте терең әрі жан-жақты білуі және оның жіңішке тұстары мен нәзік астарларын дәл тани алуы, тео­риялық білімінің молдығы, саяси техноло­гияның қыр-сырын жетік меңгеруі… Қайсы­бірін айта берейік, шын саясаткерге қажетті қасиеттің бәрі де Алтын­бектің бойынан табылатын.

Алтынбек былай дейтін: «Тәуелсіздік алсақ та саясатқа үркектей қарайтындар арамызда әлі де бар. «Саясаттан үрку», «саясаттан қашу» деген не? Халықты ойламау, халыққа жаны ашымау деген сөз. Әрине, үлкен жазушы да, ірі әртіс те, халық танитын мәдениет қайраткерлері де белгілі бір дәрежеде саясатқа ықпал ете алады. Бірақ жанама түрде ғана ықпал етеді. «Жанама түрде ықпал ету» дегеніміз – өз үлесіңді өзгеге жегізумен бірдей. Біз саясатты сол саясаттың ішінде жүріп өз қолымызбен жасауымыз керек. Сонда ғана ұлттың мүддесі ұтылмайды. Сонан кейінгі бір мәселе: саясатқа жа­ғымпаз, жалтақ, шала сауатты, ләп­пайшыл адам­дарды емес, табанды, білім­ді, зерек, ойлы адамдарды тарту керек!».

***

Алтынбектің асықпай, «газет үшін емес» («газетке жазуға болмайды» деге­ні) деп айтқан әңгімесі әлі де көз алдымда.

– Неге екені белгісіз, – деп бастады Алтекең,–Түркияның президенті Тұрғыт Өзал мені жақсы көріп, өзіне жақын тартты. Түркияға кезекті сапармен барғанымда, ол кезде менің министр кезім, жеке қабыл­дады. Тағы да неге екенін білмеймін, мені «балам» дейтін. Бұл жолы да әңгімесін «балам» деп бастады: «Балам, біз де көріп-біліп жүрміз ғой, өзің де көріп жүрсің, енді сендер Ресеймен ара қатынасты мейлінше азай­туларың керек. Азайтуға тура келеді. Еліңнің болашағы үшін. Білем, түсінем, сен­дер Ресеймен 300 жылдан астам уақыт араласып-құраласып қалдың­дар. Көзге көрінетіні бар, көрінбейтіні бар, аяқ-қолдарың түгел мың сан жіппен бай­ланып, тұсалып, маталып қалды. Тіпті, бейнелеп айтсам, ішек-қарындарың ара­ла­сып, қан тамырларыңа дейін бірігіп, кірігіп кеткен. Сондықтан да сендерге ара қатынасты күрт, бірден үзуге болмайды. Бірте-бірте үзу керек. Мәселен, байланы­сып жатқан бір жіпті үздің бе, ол жерден міндетті түрде қан шығады. Қанды сүртіп тастап, біраз ентігіңді басып алып, екінші жіпті үз! Бұл жерден де қан шығады. Тағы да қанды сүртіп тастап, үшінші жіпті үзуге кіріс! Онсыз болмайды! Онсыз сендер тәуелсіз ел бола алмайсыңдар!».

– Алтеке, Тұрғыт Өзалдың мұны Сізге айтқаны, Сіз ұдайы қазақша сөйлейсіз, қазақ мектебін бітірдіңіз. Айналаңыздағы орыстанып кеткен шенеуніктерден гөрі ерекшеленіп тұрасыз. Тұрғыт Өзал да соны байқаған ғой. Сонан кейін Ресейдің тарихына қараңызшы, Ресейдің қол астына қараған ұлттар мен ұлыстардың дені, басым көпшілігі ту-талақайы шығып, жұтылып кеткен ғой. Ресей секілді Англия да, Франция да өзге елдерді отарлады. Бірақ олар өздері отарлаған елдің тілін, ділін, дінін жойып жіберген жоқ. Ресей өз тарихында 76 елді жұтып, тілін де, дінін де жойып жіберіпті. Осы 76 елдің тізімі Шер­­ағаңда, Шерхан Мұртазада бар.  Көбісі – шағын ұлттар: черемис, вогул деген сияқты. Бұл деректі Шерағаңның қайдан алғанын сұрамадым бірақ. Демек, Тұрғыт Өзал да Ресейдің басқыншылық тарихын жақсы біліп тұр.., – деймін ғой мен де білгішсініп.

– 76 ел.., 76 ел.., – деді Алтекең маңда­йын бір ысқылап қойып, – Меніңше бұдан көбірек сияқты еді… Жә, жарайды…Да­мыған елдердің бәрінде де саяси мек­тептер бар. Тұрғыт Өзал да – үлкен саяси мектептен өткен үлкен саяси қайраткер. Бұл жерде ол Ресейді бізге қорқынышты етіп көрсетейін деп отырған жоқ, кәдуілгі қоғам дамуының заңдылығын айтып отыр. Қоғам дамуының заңдылығы бойынша, бұрынғы отар елдер тәуелсіздік алғаннан кейін өзін отарлаған елден, яки метропо­лиядан қайткен күнде де, қалай болғанда да алыстауы керек. Алыстай алмағанның өзінде, белгілі бір ара қашықтықты ұстай білуі керек. Бұл – отарсызданудың, тәуел­сіз болудың ең басты, ең негізгі қағидасы. Тұрғыт Өзал да осы қағиданы үлкен жанашырлықпен айтып отыр ғой бізге. Бұл қағиданы, заңдылықты қайткен күнде де сақтау керек. Сақтай алмадың ба, бұрынғы кепке, бұрынғы таз қалпыңа қайта түсесің. Қайтадан, енді жаңаша отарланып-бұтарланасың. Тәуелсіздіктен жұрдай боласың. Айтпақшы, Тұрғыт Өзал әлемдік тарихтан бұған талай нақты де­рек­тер келтірді… Қазаққа, Қазақстанға жаны ашитын тұлға еді, Тұрғыт Өзал дү­ние­ден өткенде кәдуілгідей құлазып қал­дым. Бір жақын адамымнан айырыл­ғандай…

Бұл әңгімені Алтынбек Сәрсенбайұлы бізге осыдан дәл 13 жыл бұрын айтқан еді. Және Алтекең бұл уақытта «Ресеймен қарым-қатынас жасағанда міндетті түрде белгілі бір ара қашықтықты ұстау» туралы орнықты әрі баянды бағыттың бірден-бір жақтаушысы болатын.

Ал біз қазір қайтіп жүрміз? Ресейден алыстаудың, ең болмағанда белгілі бір ара қашықтықты ұстаудың орнына, оның құшағына еніп барамыз, еніп барамыз…

***

Бұл мақаланың қай газетке жариялан­ғанын ұмытып та қалыппын, ал бірақ ав­торы белгілі публицист, жазушы Сабыржан Шүкір екенін анық білемін. С.Шүкір өз мақаласында «ауыл – қазақтың алтын бесігі», «алтын қоры», «ұлттық дәстүр мен ұлттық тілдің, ұлттық салт-сананың ұясы» екенін айта келеді де, «қазақ ауылдарын қайта қалпына келтірейік», «қаладан қаңғырып не жейді, қазақ жастары ауылға қарай бет бұруы керек» дегенге саятын ой айтады.

Осы мақаланы маған «қарап шықшы» деп бере тұрып, Алтекең былай деді:

– Жалпы, біздің жазушылар жалған романтикаға бейім… Қазір, дәл қазіргі уақытта қазақ жастары қаланы жаулап алулары керек, басып алулары керек. Қаржының көзі қайда? Қалада. Ақшаның қайнар бұлағы қайда? Қалада. Саясат қайда жасалады? Қалада. Мәдениеттің де, өнердің де, әдебиеттің де ошағы –қалада. Күллі стратегиялық нүктелер де, биліктің тетіктері де – қалада. Сондықтан да қазақтар қалаларды түгел жаулап алулары керек. Осы тетіктерге ие болу үшін. Билікке ие болу үшін. Саясаттануда «қалалық ұлт» дейтін ұғым бар. Бұл «озық ұлт, алдыңғы қатарлы ұлт» дегенді білдіреді. Мәселен, немістер – қалалық ұлт. Өйткені, немістер­дің басым көпшілігі қалада тұрады. Ағыл­шындар да – қала­лық ұлт, ағылшындардың дені қалада тұрады. Қазақтың өзге ұлттан несі кем, бұлар да қалада тұруы, қалаға орналасуы керек. Қазақ – абориген емес, қазақ – өте алғыр, зерек халық. Мұндай алғыр, зерек халықты қалаларға топтасты­ру керек. Ауыл қай уақытта ауыл? Ақшаң болғанда! Ақшаң жоқ болса, ауылдан да мән кетеді, сән кетеді. Қалалық қазақтар күшейсе, байыса, қанатын кеңге жайса, ауылды өздері-ақ көркейтіп алады. Енді осы мәселені газетте көтеру керек. Бәлкім, алғашқыда пікірталас түрінде көтеру ке­рек пе? Ол жағын енді өздерің шешер­сіңдер…

Қарап отырсаңыз, Алтынбек Сәрсен­бай­ұлының бұл ұсынысы да – өте өміршең ұсыныс. Қазақ үшін аса пайдалы ұсыныс. Бірақ біз бұл ұсыныстың қадіріне жете қойған жоқпыз. Әлі күнге ауылға қарай өңешімізді созамыз да тұрамыз…

***

Алтынбек Сәрсенбайұлы қарақшы­лардың қолынан қаза болғанда «Тарихшы ретінде сіздерге шынымды айтайыншы, тарихтың ырғағы бұзылды…» – деді оның өмірлік жары Салтанат Атушева қатты күйзеліп тұрып. Бұл – сұмдық сұңғыла сөз. Сирек тұлғалар қаза болғанда (әсіресе, мезгілсіз қаза болғанда!), шынында да, тарих жүрісінен жаңылады. Мемлекетшіл, елжанды, зерделі тұлғалар бір шетке ысы­рылып қалады да, мемлекеттік мәсе­ле­лер­мен «үй шаруасындағы әйелдер» мен шолақ белсенділер айналыса бас­тайды…

Құдай мұның бетін әрмен қылсын! Алла бізді арсыздық пен қамсыздықтан сақтасын!

Әмірхан Меңдеке, «Жас Алаш» газеті

1 Пікір

  1. Алтынбектей азамат үшін әрбір қазақ өз мойнына жауапкершілік алу керек.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз