Ерасыл Әубәкіров осы жазда үйленбек болған

2
238

Ерасыл Әубәкіровтің сүйіктісі Айгерім Әбсадықова Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында «Астана» Медициналық университетінің қайтыс болған студенті жайлы айтып берді. Бойжеткен Ерасылдың әрдайым үйлену туралы айтатынын еске алды.

Жеке архивтен алынған сурет

Оның айтуынша, олар Өскемендегі мектепте бірінші сыныптан бастап таныс.

«Мектепте біз араласып тұратынбыз. Тоғызыншы сыныптан бастап маған көңілін білдіріп жүрді, бірақ кездесіп жүрмеген едік. (…) Сосын мен Алматыға оқуға кеттім.  Біз хат алмасып тұрдық. Мен 2014 жылы оқуды бітіріп, сол жылы Астанаға көшіп бардым. Сосын біз жақын араласа бастадық. Ол әрдайым қасымнан табылатын. Маған деген ерекше назарын сезетінмін. Ол әрқашан «Біз бірге болуымыз керек» дейтін. Ол жазда үйленгісі келетінін, сондықтан тығыз қарым-қатынаста болғысы келетінін айтты. Мүмкін мен де армандап кеткен шығармын. 4 ақпанда, бейсенбі күні біз кездесуіміз керек еді, ал жұма күні сыныптастарымызбен кездесеміз деп келіскенбіз. Егер бейсенбі күні сөйлессек, арамыздағы жағдайды сыныптастарымызға жұма кұні айтатын шығармыз деп ойладым», – дейді Айгерім.

Қыздың айтуынша, Ерасыл Жаңа жылдан кейін үйлену туралы көп айта бастайды.

«Қарашада менің туған күнім болды, біз караокеде болдық, ол әнді жақсы айтатын, маған ән де арнады. (…) Мен әпкесімен, анасымен сөйлескенмін, бір келгенінде анасы үйлерінде әңгіме болғанын, жанұяларының қарсы емес екендерін айтқан еді. Әпкесі болса, «сендерді жазда үйлендіреміз деп ойладым» деп айтқан. Анасы да келгенде «Оны табамыз, бірге өмір сүресіңдер» деді. Мен, тіпті бұл қарым-қатынасымызды сипаттап та бере алмаймын. (…) Араласып тұрдық, дос болдық. Достарымыз кездесесіңдер ме деп те сұрайтын», – деді қыз.

Ал кісі өлтіру ісіне байланысты ұсталғандарды білесің бе деген сұраққа Айгерім «оларды, тіпті де танымаймын. Оқиғаға қатысы бар адамдардың кім екенін сұрастырғанымда да достары білмейтін болып шықты. Өзім де олар туралы бірінші рет естідім» деп жауап берді.

«Жоғалып кетер алдында ол «Қайырлы таң, не істеп жатсың?» деп жазған еді, өзінің не істеп жүргенін айтып отыратын. Сол күні оларда университетте жиналыс болды. Осыдан кейін жазбай қалды. Бейсенбі күні достары маған хабарласып, оны менен сұрады. Ал өзімен бірге тұрған досы үйде оның түнемегенін айтты. Ал Ерасыл оқуды бірінші орынға қоятын адам. Өзі де «бейсенбі күні емтихан тапсырамын» деп айтқан. Ол таңғы бесте тұрып, сабағына дайындалатын. Бейсенбі күні достарымен бірге оны іздей бастадық. Еріктілер де, басқа достары да іздестіруге қосылды. Үмітімізді үзбедік. Оның енді жоқ екеніне әлі күнге сене алмаймын. Ол өз үйінде жүргендей сезінемін. Біз Өскеменге жерлеуіне барып келдік», – деп түсіндірді Айгерім.

Ол әлеуметтік желілерде таралып жатқан видеоларға сенбейтінін де айтып берді.

«5 ақпанда біз полицияны шақырттық, ол ең соңғылардың бірі болып маған телефон шалыпты. Менен полицейлер кім екенімді, соңғы рет қашан кездескенімізді сұрап, жауап алды. Мен Астанаға дүйсенбі күні оралдым, бірақ кеше жұмысқа шыға алмадым. Соңғы кездері ұйықтай алмай жүрмін. Сене алар емеспін. Қарызы да, проблемалары да жоқ еді. Ол пысық еді. Ән айтатын. Ешқашан мұң-ренішін айтпайтын», – дейді қыз.

Еске салсақ, әлеуметтік желілерде 3 ақпан күні 23 жастағы медициналық университеттің 6-шы курс студенті Ерасыл Әубәкіровтің іздестіріліп жатқаны туралы хабарлама тараған болатын. Жас жігіт үйінен «тірлігім бар» деп шығып кетіп, қайта оралмаған. Ерасыл көп ұзамай өлі күйінде табылды.

Туыстары оның мәйітін табуға Әзірбайжан экстрасенсі Кямран Самедов көмектескенін мәлімдеді.

Дереккөз: Tengrinews.kz

2 ПІКІРЛЕР

  1. Бір ақымақ екі отбасын күйзеліске түсіріп отыр. Ақымақ өз ата-анасыныңда қиналып отырғанын білмейтін шығар.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз