Герольд Бельгер: “Біздің парламент ресейлік екінші дума емес, мемлекеттік тілде сөйлейік дегендер болды ма?”

1
215

 

Сенатта қазақы жүрек, қазақы намыс, ұлтжанды, батыл, ел иесі қазақ екенін білетін сенаторлар көбірек болса екен…

29.08.13 
Кеше газеттерден Президенттің Сенат орынтағында ырзық-мерзімі сарқылып, құйрықтары жауыр болғанша отырған Ахметов, Есім, Қасымов, Судьин, Әбдікәрімов, Цхай секілді салбөкселерді айдап шыққаны жайында білдім. Апырай, осылардың, тым болмаса, бірлі-жарымының не тас қайрақтай тындырған іс, не сөйлеген  сөзі есте қалмауы қалай? Іштерінде біздің сенат ресейлік екінші дума емес, мемлекеттік тілде сөйлейік деп дауыс көтергендер болды ма өзі? Әй, қайдам. Бұл мықтылар өзбек Қалмұратов, Асанғазиевадай (азын-аулақ) қазақша сөйлейтіндерді жазғырушылармен қосыла жамырасқан жоқ шығар, әйтеуір. Ал, егер, жамырасса – масқараның көкесі сол. Құндары көк тиын.  Ал, не болды? Келді, кетті. Соңдарында жарқын із қалды ма? Атама. А, айтпақшы, жылы орында мүлгіп отырып, мыс-мыс жалақы алғаны бар екен. Пах!  Халық қалаулылары! Халық та біледі, ә? Еркіндік өздерінде болған соң, сеніп сайлаған да, қайтсін. Білгенін істеп, жұртқа ырық бермей, билеп-төстейтін әкімқаралар тыныш жерде әмәнда солай  болады, сайлаушылардың бағы жанады. Тәуба! Тәуба!..

Тағы да ойладым: сенаттық мерзім біткенше Оралбай коррупцияға қарсы күресті ме, күресті, Ғарифолла көрікте онша қызбаған көпірме сөз сөйледі ме, сөйледі, Ғани сестене секеңдеп, баянсыз баяндама-мәлімдеме жасады ма, жасады, онда не керек, ал, қалғандар түк бітірген жоқ, әйтсе де, бәрібір, (өз-өзіме) текке күнәһар болма, байғұс (деп) басу айттым.

Енді жаңадан сайланатын сегіз сенатор сайлаушыларды қалай қуантар екен десейші! Дәмеленбе! Қуанудың аулы алыстау шығар. Назарбаевтың қалаулылары орташадан асатын ба еді, сірә?! Жеке пікір! Сенатта қазақы жүрек, қазақы намыс, ұлтжанды, батыл, ел иесі қазақ екенін білетін сенаторлар көбірек болса екен деп жатқаным да. Әлемдегі күллі мемлекет, мәселен, орыс, неміс, вьетнам, абхаз, өзбек, грузин, латыш, украин, молдавандар сияқты… Бізге өзге диаспоралармен сыйласу, санасу керек, әлбетте. Өзіңді сыйлау өзгелерді бөтенсіту емес. Бізді өзге халықтар сыйлайды ғой. Ресей, мәселен, қазақтарды қазақстандық емес, қазақ деп атайды. Біздегі өзге ұлт өкілдерінің бәрін, орыстарды да керек жерде қазақ деп атайды. Өтірік пе? Ойлан, қазақ! Оян! Тезірек!..

 

Сен өзіңді сыйламасаң, сені де ешкім сыйламайды. Оян, қазақ!

08.10.13
Ахметовті қабылдаған Назарбаев оның миын түзеген болды. Тәуелсіз елдің президенті мен премьер-министрі – екеуі де қазақ – көп алдында орысша сөйлеседі. Біртүрлі оғаш, анайы көрініс, ұят. Мұндай төменшіктеу жер жүзіндегі басқа бірде-бір елде жоқ екенін неге ойламайды екен? Осындай бола ма? Әлде, бұлары ұлтаралық татулық сақтаудың нышаны ма? Қазақ еліндегі қай ұлт пен ұлыс өкілдері оларға неге өз тілдерінде сөйлесесіңдер дей қояр екен? Намыс кәне? Әлемдегі қай мемлекетті алсаң да көпұлтты, тіпті, баз бірі Қазақстанды жолда қалдырады емес пе? Мәселен, Германияда қазір кемі 6 млн түріктер бар. Қытай, кәріс, жапон, қазақтар да бықып жүр. Әне, немісше білмесе, әлгілердің бірде-бірі онда жер басып жүре алмайды. Қайда да ел мен жер иелерінің үстем болуы табиғи құбылыс. Және заңды. Қазақтарға не болған? Жалтақ па, сорлы ма? Қазақтардың ондайға жүректері дауаламайтыны қызық. Бүкіл халық басшыларға қарайды. Өз-өзіңді тұқырта берме. Қарсылық жоқ, өзгелермен санас, сыйла, бірақ, жөні болады. Сен өзіңді сыйламасаң, сені де ешкім сыйламайды. Оян, қазақ! Бұл сөздерді айтып отырған мен, Бельгер, неміс десең неміс, қазақ десең қазақ!

GU-GU.kz

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз