Өлімнен кейін ғана өзгеріс болмақ

1
490

Орта мектептің бастауышында оқитын Айдана интернет иірімдерін ақтарып отырған. Қызық ештеңе таппады ма, әлде монитор алдында мүлги бастағасын жалығып кетті ме – компьютерді енді өшірейін жеп жатқанда жарқ етіп шыға келген жап-жас екі қазақ баласының суретін көріп, аз-кем аялдап қалды.

211047

 

Сосын ерні жыбырлап, сурет астындағы ұсақ-ұсақ жазуларды бастауыштың баласына тән қызығушылықпен ежіктеп оқи бастады. Оқи бастады да, бір кезде есіне бірдеңе түсіп кеткендей ылдым-жылдым қимылдап, асханада кешкі ас қамымен күйбеңдеп жүрген анасына жетіп барды. Кіп-кішкентай көзіне мөлт-мөлт етіп жас үйіріле қалыпты. Иіле қалған топ-томпақ иегі дір-дір етеді:

– Анашым-ау, шетелдіктер неге атып тастайды, а? Неге атып тастайды?

Қас пен көздің арасында не боп қалғанын түсінбей қалған Айымбала кішкентай Айданасының аяқ астынан жыламсырай қалған балаң жүзін көріп, жүрегі тас төбесіне шыққандай шошып кетті:

– Атқаны несі, қызым-ау? Не айтып тұрсың сен?

– Әне! – деді Айдана көрші бөлмеден көрініп тұрған компьютер мониторына қарай сұқ саусағын шошайтып, – әне, американдық отбасы қазақтың екі баласын асырап алыпты да, үлке-е-е-е-н болып өскен кезде екеуін де атып тастапты. Неге атып тастайды олар, а, анашым? Неге атып тастайды? Одан да бар ғой… одан да біздің мектептегі баласы жоқ Алтынтана апай мен Төлеген ағаға неге бере салмаған ол екеуін, а?

Анау-мынау есті адамның аузынан шыға қоймайтын мынадай сөздерді кішкентай Айданасынан естіген Айымбала жөпелдемеде жөн сөз таба алмай, қатты састы:

– Қызым-ай, не айтып кеттің сен? Алтынтана апайың мен Төлеген ағаңның несін айтып тұрсың? Ол екеуі де сенің мұғалімің емес пе?

– Енді… анашым менің. Мектептегілердің бәрі айтып жүр ғой. Екеуі бала асырап алмақ болған екен, «детдомның» бір де бір баласын бермей қойыпты. Егер ана екі баланы шетелдіктер емес, осы кісілер асырап алғанда ғой… оларды ешкім де атпайтын еді.

Айымбала қызына не айтарын білмеді. Қазақтың қаракөздерін шетелдіктердің қалайша тез арада рәсімдеп, елден алып кететінін шамасы жеткенше түсіндірейін десе, кішкентай Айданасы оны түсіне қоя ма? Түсінбейді-ау, түсінбейді. Ал енді Айданасына сабақ беретін Алтынтана мен Төлеген сияқты қазақтың қаншама отбасысы бала асырап алуға қол жеткізе алмай жүр?! Бала асырап алғысы келетін жақсы адамдар өзімізде де мыңдап саналады емес пе? Жоқ, өзі ап-аз қазақтың қаракөздерін міндетті түрде шетелдіктерге беру керек! Міндетті түрде шетелдіктерге сату керек! Тыйым бола ма екен осыған?

photo_24432

ОСЫ ӨЛІМНЕН КЕЙІН

Америкада екі бірдей қазақ баласын асырап алушысы атып тастаған оқиғадан кейін еліміз Парламентінің Сенатында «Қазақстан Республикасындағы бала құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне қосымшалар мен өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасын қарау жөніндегі Комитеттің кеңейтілген мәжілісі өтті.

«Жаңа заң жобасында Қазақстан Республикасының аумағында немесе одан тыс жерде тұратын Қазақстан азаматына бала асырап алу мәселесінде айқын басымдық берілетіні қарастырылған, — деді аталған заң жобасын түзушілердің бірі Бірғаным Әйтімова, — енді бұдан былай қарай елімізден бала асырап алғысы келетін шетелдік үшін бұл мәселе өте күрделі болмақ. Сондай-ақ, бұдан былай қарай біздің елімізден асырап алынған бала міндетті түрде консулдық есепке қойылуға тиіс. Өйткені шетелдік асырап алған қазақстандық бала кәмелет жасына толғанша Қазақстан Республикасының азаматы болып есептеледі. Ал кәмелет жасына толғаннан кейін қай елдің азаматтығын алатынын баланың өзі шешеді…»

Айта кетейік, аталған заң жобасы Сенаттың кезекті пленарлық мәжілісінде бірінші оқылымында қаралатын болады.

Марат МАДАЛИМОВ,

Ұлт порталы

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз