Ұлыстың ұлы күні жағымпаздану – жат қылық!

2
341

Дәстүр дегеніміздің өзі – озық үлгіні қабылдай отырып, оны әрі қарай ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып сақтау дегенді білдіретін ұғым. Олай болса, дәстүр – халықтың зияткерлік меншігі. Дәстүрінен айырылған ел де, ұлт та жер бетінен жойылып кетеді. Ондай елдің өз мемлекеті де болмайды.

942287_571291059703903_1995956533899546650_n

 

Қазақ баласы ежелден Ұлыстың ұлы күні мерекесінде аға буынға ілтипат танытып, бала-шағаға қуаныш сыйлап, бір-бірлеріне тарту-таралғы жасап, ағайын-туыс, құда-жекжат, көрші-қолаңдарымен жиналып ойын-сауық құрған. Қазіргідей алаңда киіз үй тігіп, түрлі деңгейдегі басшылар бір-біріне жағымпазданып, тәтті-дәмділерін кімнің ла­уазымы жоғары болса, соның аузына тосып, қарапайым халықты көзге ілмей шікірейетін тоңмойындық біздің тарихымызда ешқашан болмаған. Ешкім көптен оқшауланбаған. Халықтық мейрамда барлық бастықтар мен бастықсымақтар да халықпен бірге болған. Жыл бойы жағымпазданудан көз ашпайтындар, тым құрығанда, Ұлыстың ұлы күні төзімділік танытып, жарамсақтықты тыя тұрса, өте орынды болар еді…

Кеңес заманында Наурызды мүлдем ұмыттыруға тырысып, жаппай шырша мерекесін той­лауға көштік. Тәуелсіздік жылдары Наурыз ортамызға оралға­нымен, оны әлі өз болмысымен тойлай алмай жүрміз. Оны тек көже ішу, көне қазақ болып рөл ойнау, бір күн шапан кию деп түсіну – үлкен қате!

Енді, Ұлыстың ұлы күні қан­дай әрекеттерге тыйым салын­ғаны жөнінде бір-екі ауыз айта кетейін.

Бұл күні іс тігуге болмайды. Әсіресе, ескі киімдердің жырты­ғын жамауды «ескімен алыс­қанның есі кетеді» деп санаған.

Бұл күні бөтен үйге қонуды сол жыл бойы үйіне тоқтамай алыс сапарда болудың нышаны санаған.

Жылап-сықтау, жүз шайысу, боқтасу секілді жат қылықтар жасаса, жыл бойы жанжалдан құтылмайды деп сенген.

Күндіз жатып ұйықтауға ты­йым салған. Төсек тартып жат­қан науқастың өзі отырып, бір сәт көңіл көтеруге тиіс бол­ған.

Олай болса, біз бүгінгі күні қалай тойлап жүрміз? Жаппай те­атр­­ландырылған көрініске еріп, жасандылыққа көшіп кеттік. Бұқаралық мәдени шараларды айтпағанның өзінде әр мекеме салт-дәстүрді көрсетіп жатырмыз деп «бесікке бала салып», өтірік «тұсау кесіп», «құдаласып, қыз ұзатып» шала бүлінеміз. Оның не керегі бар? Тойлаған соң бәрі шынайы болсын да! Қа­лай?

Біріншіден, жылдық жұмысты Наурыз мейрамы қарсаңында қорытындылап, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан үздікте­рімізге осы мерекеде мемле­кеттік марапаттар мен атаулы сыйлықтарды ұсынуды дәстүрге айналдыруымыз – Ұлыстың ұлы күнінің абыройын көтереді.

Екіншіден, мерекеге орай ел президенті бұрын істі болған, кінәлерін ашық мойындаған, жасаған қылмысына шын өкінген адамдарға өз Жарлығымен ра­қымшылық жариялауы керек. Мұндай әрекет дәстүрімізге сай келумен қатар биліктің беделін көтереді, халықтың мемлекетке деген сый-құрметін арттыра түседі.

Үшіншіден, Ұлыстың ұлы күні мерекесінің даңқын көтеріп, абы­ройын асқақтату және ха­лық­тың асыға күтетін мейрамына айналдыру үшін күнтізбелік үш күн демалыс тағайындалып, әр мекеме өзінің әрбір қызмет­керіне меншік нысанына қара­мастан бір айлық еңбекақы көлемінде сыйақы тағайындауы керек.

Қуандық Шамахайұлы,

«Жас Алаш» газеті

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз