Сабақты үш тілде оқыту туралы ұсыныс қоғамда дау туғызды

1
553

Қазақстандық журналист Марат Тоқашбаев өткен аптада жасалған ел мектептерінде сабақты үш тілде оқыту туралы ұсыныс ақылға қонымсыз екенін айтты.

Қазақстанда сабақты үш тілде оқыту туралы ұсыныс қоғамда дау туғыздыИЛЛЮСТРАТИВНОЕ ФОТО CITYNEWS.NET.UA

Журналист өзінің ойымен Facebook парақшасында бөлісті.

«2018-2019 оқу жылында 9-10 сыныпқа дейін оқыған мектеп түлектері ағылшын тілді болады деген ұсыныс қоғамда теріс пікір туғызып отыр. Үш жылдың ішінде мұндай өзгеріс болуы ақылға сыймайды. 25 жылда мемлекеттік тілді үйретіп бәріне сіңіре алмай отырғанда ағылшын тілі аспанда ғой. Ең алдымен оның материалдық базасы жоқ. Материалдық базаны қалыптастыруға (мұғалімдерді жаппай ағылшын тілінде сауаттандыруға, ағылшын тіліндегі методиканы жергілікті жерге бейімдеуге, оқу-методикалық әдістеме құралдарын жасап шығуға) орасан қаражат қажет. Экономиканың қазіргі қайыршылық хәлінде оны жүзеге асыру мүмкін емес», – дейді журналист.

Сондай-ақ, журналист Қазақстанда математик, физик мұғалімдердің жоқтың қасы екенін де атап өтті.

«Оның үстіне ағылшын тілінен сабақ беретіндей, жетік білетін математик, физик мұғалімдерді қайдан табасыз? Ойланбай сөйленген сөз орға жығады. «Ағылшын тілін білмедің, үйренуің нашар» деп директорға жақпаған мұғалімдерді қудалаудың көкесі сонда болады. Сондықтан ағылшын тілінен бұрын алдымен бүкіл әлемдік тәжірибеге сәйкес баланы ана тілін, мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне күш салынғаны жөн! P.S. Мектеп бітіріп, табиғатынан сантехник, слесарь, ұста, құрылысшы, малшы, қарапайым жұмысшы болатын жастарға ағылшын тілінің не қажеті бар? Бұл талап көптеген балалардың математика, физика пәндерін ағылшын тілінде оқи алмауының салдарынан 7-8 сыныптан мектепті тастап кетуін үдетеді. Надан буын – мәңгүрт халықтың негізі», – деп сөзін түйді ол.

Журналистің бұл пікіріне желі қолданушыларының дені қосылатынын жазған. Кейбірі, тіпті мұны мемлекеттік тілді жойып жіберу үшін ойлап табылған әдіс деп бағалаған. Пікір қалдырушылар «үш айдың ішінде мемлекеттік тіл құрдымға кетеді» деген ойын да ашық жазған.

Еске сала кетсек, өткен аптада Қазақстан мектептеріндегі оқу жүйесін ауыстырып, жаппай үштілді білім беру бағдарламасына ауыстыру ұсынысы айтылған еді.

Дереккөз: Nur.kz

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз