Жазасын өтеушілер түрмеде кәсіпкерлікпен шұғылдануда

0
445
  • Жазасын өтеушілер түрмеде кәсіпкерлікпен шұғылдануда 

Түрмеде жазасын өтеп жатқандар жеке ісін ашып, кәсіпкер атана алады.
Бұған ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен заңды түрде рұқсат берілді. Содан бері арада бір жыл өтті. Ал өз ісін ашып, өзгеге жұмыс беруге ниетті азаматтардың қатары артып келеді. Қазір Қарағанды облысындағы түзеу колонияларында 15 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өткен жылы олар 380 млн теңгенің өнімін өндіріпті.
Рано Метеркулованың бостандыққа шығуына жарты жыл қалыпты. Жазасын өтеуші осында арнайы курс оқып, жаңадан ашылған тігін цехына жұмысқа тұрған. Қазір мұнда 5 адам еңбек етеді. Түрмеге қажетті киім-кешек пен төсек жабдықтарын тігеді. Тапсырыс болса, кез келген дүниені жасауға дайын.
Рано Метеркулова, жазасын өтеуші: – Тігінші мамандығын осы жерде оқытты. Тігіудің қыр-сырын осы жерде үйрендім. Бостандықта мұндай жұмысты істеп көрмегем, қазір өзіме кәсібім ұнайды. Цех ашылған соң, бірден жұмысқа алды.
Қарағанды облысында барлығы 11 түрме болса, соның жетеуінде өндіріс алаңы бар. Осындай мекемелерде өндірілген өнімнің қатарында азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары мен жиһаздар бар. Құйылған инвестиция көлемі 250 млн теңгеге жеткен.
Нұркен Жанахметов, облыс прокурорының орынбасары: – Жазасын өтеп жүргенде жеке кәсіп ашып, кейін бостандыққа шыққан соң да, өз ісін жалғастырған үлгілі азаматтарды біз үнемі осында шақырып, кездесулер өткіземіз. Олар жазасын өтеп жатқандарға ақылдарын айтып, жол көрсетеді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл теріс жолға түскендерді тәрбиелеудің таптырмайтын құралы екен.
Ал, Бұл – 159/7 түзеу колониясында ашылған жиһаз цехы. Оның қожайыны – осында жазасын өтеп жатқан Артем Забара. Есірткі саудасымен 11 жылға сотталған оның әлі 8 жылы бар. Сондықтан уақытты босқа өткізбей, кәсіп ашып, табыс табуды жөн көріпті. Ал түрме басшылары келешекте бірнеше жылыжай ашуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде бұл істі қолға алғысы келетін үш адамнан өтініш түскен. Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков, Әсет Асаинов
24.kz/kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз