Құтырған ит қауып, ауруханаға түскен 28 жастағы азамат қайтыс болды

0
936

 

  • Шымкентте құтырған ит қауып, ауруханаға түскен 28 жастағы азамат қайтыс болды 

Шымкентте құтырған ит қауып, ауруханаға түскен 28 жастағы Бағдат Әшірбаев қайтыс болды. Жұмыс күні болғанда балам аман қалар ма еді дейді әкесі. Өйткені ит қапқан күні сенбі болғандықтан, дәрігерлерді табу қиынға соқты деген еді. Ал құтырған ит қапқан жағдайда не істеу керек? Мамандар жедел түрде екпе еккізу керектігін ескертеді. Артынша дәрігерлер ұсынған талаптарды мүлтіксіз орындауы қажет дейді. Олай болмаған жағдайда, екпенің әсер ету күші жойылуы әбден мүмкін екен.

Өзін құтырған ит қапқан Бағдат Әшірбаев араға бір ай салып, ауруханада көз жұмды. Әкесі Мұхан Әшірбаев ит қапқан сенбі күні дәрігерлер жоқ деп, баласын әрлі-берлі сандалтқан медбикелер әрекетіне әлі де қапалы. «Асқындырып алмағанда, басқаша болар ма еді», – дейді.

МҰХАН ӘШІРБАЕВ, Науқастың әкесі:

– Дежурный медсестра суббота күні врачтар істемейді. Мен мұны қарамаймын – деген. Қолынан қан сорғалап, шүберекпен орап алған ұлыма, үйіңе барып, скорый шақырып, содан кейін келесің деген.

Жұқпалы аурухана мамандары сол кезде-ақ, туыстарына құтыру дертінен ем жоқ деп ашып айтқан. Ал облыстық жарақат орталығының рабиолог дәрігерлері Шымкентте 2014-2015 жылдары құтырған ит қапқандарға салынған екпеден науқастар толықтай айықты дегенді айтады. Ең алдымен, дереу сабынды сумен 10-15 минуттай жуып, дәрігерге қаралған жөн дейді. Құтырғанға қарсы салынған екпеден соң, науқас ауыр жұмыс істемеуі, алкогольдік ішімдік ішпеуі, күнге шықпауы, жылқы етін, цитрустық жемістерді пайдаланбауы тиіс екен. Одан бөлек, жараны тігуге болмайды екен.

МҰХАН ӨТЕКЕЕВ, Травмотология орталығы рабиология бөлімінің меңгерушісі:

– Яғни, жаңағы спирттік ішімдіктер мен физикалық күш түссе, организмдегі иммунитетті төмендетуінен біздің жасап жатқан екпеміздің белсенділігін жойып тастайды. Сондықтан осындай бекітілген режим диетаны науқастар міндетті түрде сақтау керек. Бұл құтырудың бірден-бір профилактикасы және емі болып табылады.

Жануардың, оның ішінде ит пен мысықтың құтырғанын мал дәрігерлері басын ашып, миын тексергенде ғана анықтаймыз дейді. Ал дәрігерлер адамға тек құтырғанға қарсы екпе жасау арқылы ем жасалынатынын айтады. Биылға дейінгі құтырған ит қапқан шымкенттік науқастарға салынған екпенің пайдасы болды. Сондықтан екпеден кейінгі талап-ұсыныстардың қатаң түрде орындалғаны дұрыс деп отыр.

ЕРЛАН ЖҮНІСБАЙ, ЕРЖАН СЕЙДӘЗІМОВ
31.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз