ОЛ ЖЕРДІҢ ИЕСІ – БІЗ!

0
578

Kazakhstan_political_map_2000

Мәскеуде құрбым біраз уақыт бір баспада жұмыс істеді. Баспа Қазақстандағы медициналық университеттерге қазақша кітап шығарып беріп, миллиондаған пайда тауып жатыр. Бір күні құрбым екі орыстың қазақтар туралы айтып жатқан әңгімесін кездейсоқ естіп қалыпты. «Қазақстанда ақша көп, қазақтар ақшаны қалай жұмсауды білмейді. Қазақстан болмайтын жобаларға қыруар ақшаны оңды-cолды шашып жатыр. Ақымақтар ғой. Қазақстаннан әлі біраз пайда табамыз» деп бөсіп отыр дейді. Олар, әрине, құрбымды байқамаған.

Құрбымнан осы әңгімені естігенде өксіп-өксіп жылағым келді. Қазақ баспаларының басшылары «ақша жоқ» деп жылағанда байғұстарға қалтаңдағы ең соңғы ақшаңды беріп, көз жасын сүрткің келеді. Сосын баспа басшыларының жұмысқа бір-екі қызметкерді ғана қабылдап, басқа орындарға баласын, қызын, әйелін, көңілдесін «тіркеп қойып», олар жұмысқа келмей, ай сайын баспа қызметкері ретінде жалақы алып отыратыны есіңе түседі. Мемлекеттен тендер алып, ақшаны қарақан басының мүддесіне жұмсап жатыр ма? Жұмсап жатыр. Тым «ақылды», иә? Осындай қазақтарды аузы қисайып қалғыр әлгі орыстар қалайша ақымақ дейді, а? Медицина университеттерін аралап, ректорлармен келісім-шарт жасап, қазақ тілінде медициналық кітап шығарудың біздің баспа басшыларына қажеті қанша? Мемлекеттен алатын тендер бар емес пе…

Біресе оппозицияның, біресе биліктің газетінде жүретін белгілі бір редактор қайбір жылы журнал шығарды. Әккі редактор айына елу-жүз дана ғана журнал шығарып, журнал сыртына пәлен мың тираж деп көрсетіп, мемлекеттен алған миллиондаған теңгені қалтасына басты. Бұл – бір ғана мысал. Билікте жүрген танысы арқылы миллиондаған теңге алып (ақшаның біразын тендер алып бергені үшін сол танысына береді ғой), ешкімге керегі жоқ, халыққа түк те берері жоқ газет-журнал шығарып жатқан редакторлар аз емес.

Журналистикасын жемқорлық жайлаған елдің билігі қашанда білгенін істейді.

…Бірде маған басшылардың біреуі «Жап-жас қазақтың қызы жұмыссыз жүр екен. Обал ғой. «Қазақстанның» басшысы үш мақала жазып әкел, егер мақалаң ұнаса, жұмысқа алам» деп шарт қойыпты. Сол қызға ертеңге дейін жақсы үш мақала жазып берші, сосын өзі үйреніп кетер» деді. Алматыда пәтерде жүрген, әрі жұмыссыз қызды қатты аядым. Түнімен ұйықтамай, таңға дейін үш мақала жаздым. Мақаланың идеясы да – өзімдікі. Ертесіне бетіне «крәскіні» аямай жаққан, сылқым бикеш келіп, менен мақаланы алып кетті. Маған мақалаға тапсырыс берген кісі «Мен «Қазақстанның» басшысына хабарласып, ол қызды жұмысқа ал деп өтініш жасағам. Сенің мақалаңды оқып, ұнатып, жұмысқа алыпты» деп өзінің «құдіреттілігіне» тамсануды ұмытпады.

Мен ол кезде тым таза едім. Журналистика саласы «көңілдестер мекеніне» (бұл сөзім көңілдесінің арқасында «жұлдыз» болып жүрген журналистерге қатысты ) айналып келе жатқанын пайымдай да алмайтын едім. Түсінесіз бе, жиырма жастағы ақымақ едім.

Кейін мен «Қазақ әдебиеті» газетінен кетіп, жұмыссыз қалдым. Өзім болсам пәтерде тұрам. Автобусқа төлейтін де ақшам болмады. Алматыдағы редакцияларды жаяу аралап, жұмыс іздеп, табанымнан тоздым. Дағдарыс кезі болатын. Өз бетіммен жұмыс таппай шаршаған соң, баяғы «қазақ жастарына жаны ашитын» таныс көкеме ұяла-ұяла өтініш айттым. Көкем баяғы қызды аяғандай, «Мына қыз пәтерде тұрады ғой, обал ғой» демеді. Шаршаған, бәрінен көңілім қалған мен қолымды бір сілтеп, Мәскеуге кетіп қалдым. Шынымды айтсам, елге оралудан қатты қорқам. Себебі, мен өз елімде өзімді бөтен сезінем…

«Қазақстан болмайтын жобаларға қыруар ақшаны оңды-cолды шашып жатыр» деген орыстың сөзінде шындық бар.

Басқасын айтпағанда, дағдарыс кезінде Парламент сайлауын өткізіп, қаншама миллиондаған қаржыны желге ұшырдық. Құдайым-ай, біздің биліктің адреналин алатын басқа «ойыны» қалмады ма?

Біздің елде Парламенттің «заң шығармай», «салтанат құратынын» (символ ретінде) бұрыннан білетінбіз, бұл жолы көзіміз анық жетті. Жастары пәтерден-пәтерде қаңғырып, вокзалда, әуежайда түнеп жүреді, ал депутаттары бесжұлдызды қонақ үйде (тәулігіне 120 мың теңге) тұрады. Парадокс!

Журналистикадағы жын-ойнақтан шаршасам да, биліктің сайтан кейпінде көрінуіне таңғалуды ұмытсам да, ол – менің қоғамым ғой.

Елге барған сайын топырақты уыстап алып, ұзақ иіскеп тұрам. Мен Мәскеуде ылғи да осы иісті сағынам. Туған жердің исі! Осы иіс қана мені сыртқа теппейді. «Мен саған түбі оралам!» деп күбірлеймін.

Мемлекеттің қаржысын оңды-солды шашып, енді келіп, «дағдарыс, дағдарыстан шығудың бір жолы – жерді сату» дейді… Жоқ-жоқ, мен түсіне алмаймын.

Неге екенін білмеймін, «жер сатылады» дегенді естігелі ішіп-ішіп, дүкенге барып, сатушыдан «басымды жазуым керек, соңғы рет қарыз бере тұршы» деген алқаштың бейнесі көз алдымнан кетпей қойды.

Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын еске отырып, мен Елбасыма «Омбы, Орынбор, Астраханды қазаққа қайтарып беріңізші» деп өтініш айта алмаймын, бірақ Қазақстанның азаматы ретінде «Жер сатылмасын!» деп талап етуге толық қақым бар! Ол – менің жерім, қазақтың жері. Ол жердің иесі – біз!

Аягүл Мантаеваның фэйсбуктағы жазбасынан

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз