Мемлекеттің ішкі саясатының тұтқасын Ресейге ұстатып қоюға қарсымыз – Расул Жұмалы

0
484

Жақында «camonitor.kz» дейтін сайт қазақ қоғамындағы рухы ояу азаматтардың іс-әрекетін “шовинизм” деп бағалап, ұлттық мүдде мәселесінде бас көтеріп, сөз ұстап  жүрген  жанның бәрін агрессорлық идеяның соңындағы реакционерлер деп айыптады.

Ресми қатынас тілінде жарық көріп отырған аталған сайттың мақаласы әм ондағы пікір білдіруші Сұлтанбек Сұлтанғалиев деген саясаттанушының (бұрын-соңды есімін ел естімеген азамат) көксегені не? Бұл мақаланың мақсаты – ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында айтылатын ұлтаралық араздықты қоздыру емес пе? Көпұлтты Қазақстандағы түрлі этника өкілдерін қазақ ұлтшылдарына қарсы қою – ұлтаралық жік тудырмай ма?

Осыған қатысты Абай.кз порталы Сұлтанбек Сұлтанғалиев өз сөзінде “шовинист” деп айыптаған саясаткерді сөйлетіп көрген екен. 

 

 Расул Жұмалы, Саясаттанушы:

Біріншіден, бұл – аранданушылық материал деп ойлаймын.  Бұл сайттағы пікір білдіруші де, сондай сарындағы материалды жариялап отырған ақпарат құралының да діттеген мақсаттары түсінікті және біржақты айыптауларға толы екен. Бұндай пікірлер осыған дейін де болған. Өкінішке қарай, қазір  біздің елімізде осындай ресейшіл, Путиншіл топтар бар. Олар кәдімгі сонау 20-30-40-жылдардағы коллониялық саясаттың бүгінгі жұрнақтары. Мақсаттары Тәуелсіз Қазастанды орыс империясының бөлшегі ретінде көргісі келетін, кеңестік заманды аңсайтын,  сол интеграцияны көксеуші топтар, адамдардың жасап отырған арандатушылық әрекеттері ғана. «Ит үреді, керуен көшеді» деген бар ғой, сол секілді қазақ ұлтшылдары туралы бұдан зорғы әңгімелер айтылды ғой.

Ал осындай қара ниетті топтардың, адамдардың әрекеттеріне біз лайықты деңгейде тойтарыс беруіміз керек.

Өзіңіз қараңызшы, ұлтшылдық дегеніміз не? Ұлтшылдық – ұлтты сүю, отаныңның патриоты болу, сол отанның гүлденуі, көркеюі үшін үлес қосу, үн шығару, еңбек ету деген сөз. Ұлтшылдық ол – мемлекетшілдік. Әлемдегі кез-келген саясаткер өзін ұлтшылмын деп есептейді.

Мысалы, Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Камерон: «Ұлыбританияның мемлекеттік саясаты ұлттық мүддемізге негізделген» деп айтады. Немесе Ресейдің бүгінгі Президенті Владимир Путиннің өзі кезінде «Ресейдегі ең бірінші ұлтшыл менмін» деп айтқан.

Ұлтшылдық деген – мемлекетке қарсылық емес, мемлекетшілдік деген сөз. Өкінішке орай орта жолдан кірісіп, қазақ ұлтшылдарын мемлекетке жау етіп көрсетуші арам пиғылды азаматтар арамызда көп.

Арандатушы мақаладағы пікір білдіріп отырған саясаткер қазақ ұлтшылдығын – шовинизм деп бағалапты.

Шовинизм – өз ұлтын жақсы көріп, өзге ұлттардың құндылықтарын езгіге салу деген сөз. Ол дегеніңіз – нәсілдік алалау, мемлекеттік қызметтерге қабылдайтын кезде ұлттық жікке бөлу. Ұлтына, дініне, нәсіліне қарап алалап, өзге ұлттың жеке құндылықтарын аяққа таптап, бір ғана ұлттық идеяны халыққа күштеп үйретіп жатқан, басқыншылық әрекеттер жасап отырған қай мемлекет екенін кез-келгеніңіз білесіздер ғой. Бір өкініштісі – Қазақстанда осындай қара ниетті топтардың үгіт-насихатына тоқтау салынбай тұр. Қазір елімізде кейбір БАҚ өкілдері ресейшілдік саясатты ашық жүргізіп отыр. Мысалы, жоғарыдағы «Сентрал Азия Мониторинг» сайты, КТК, ОРТ т.б. ақпарат құралдары қазақ ұлтшылдарын қаралау арқылы, оларды шовинист етіп көрсетуде. Біз бұнымен ұлт болып күресуіміз керек. Осы мемлекетті құрушы ұлт ретінде біз ең алдымен өзіміздің ұлттық мүдемізді ойлайымыз керек.

Әрине, мемлекет егер РФ-мен интеграция жасағысы келсе, қарсылығымыз жоқ. Хош, серіктес болсын, әріптес болсын. Бірақ, қазақ байлығының, экономикасының, мемлекеттің ішкі саясатының т.с.с. тұтқасын Ресейге ұстатып қоюға біз қарсымыз.

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз