Үш тілде оқыту бағдарламасына 1,5 триллион теңгеге жуық қаржы қажет

0
543

 

  • Үш тілде оқыту бағдарламасына 1,5 триллион теңгеге жуық қаржы қажет 

 Еліміздегі мектептерде үш тілде білім беру 2017-2018 оқу жылынан басталады. Кезең-кезеңмен, бірақ, қарқынды түрде енгізілетін бұл жүйеге мемлекет қазынасынан 1 трлн 391 млрд теңге қаржы бөлінеді, – деп хабарлайды «Қамшы» порталы halyknews.kz – ке сілтеме жасап.
Осы қаржының 1 трлн 153 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 220 млрд теңге жергілікті бюджеттен, ал 18 млрд теңге басқа көздерден нақты қандай көздер екені айтылмады) бөлінеді. Білім және Ғылым министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, үш тілді енгізуге арналған база мектептер мен балабақшаларда жасақталып қойыпты. «Мектепке дейінгі бүкіл мекемелерде үш тілді кеңістікке енгізудің пәндік-дамыту ортасы жасақталды. 2013-2014 оқу жылынан бастап, мектептерде 1-сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады. 2017-2018 оқу жылында 5-сыныпқа 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқыған оқушылар келеді. Сондықтан, 5-сыныптан бастап, жоғары сыныпқа дейін ағылшын тілінде оқуға дайындық басталады», — деген министрліктің жауабында.
Бірақ «пәндік-дамыту ортасы» деген сөздің мәні мен оқушылардың 5-сыныпқа дейін ағылшын тілін игеріп кеткенін жан-жақты түсіндіріп бере алмады. Сондай-ақ, химия, физика, биология мен информатика пәндерін ағылшын тілінде өтуге қабілетті ұстаздар туралы да ешқандай мәлімет жоқ. Министрліктің мәліметі бойынша 2015-2016 жылы еліміздегі 42 жоғарғы оқу орындарында үш тілде білім беру аясында пелагогикалық, инженер-техникалық және нақыт ғылымдар бойынша арнайы бөлімдер ашылыпты. Сондай-ақ, 816 педагог халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша кәсіби білім алыпты.
2020 жылға дейін тіл курстарын 2450 мұғалім оқып шығады екен. Бірақ оның бәрі бірдей ағылшын тілін игеріп шыға қояр ма екен? Ең басты мәселе оқулықтарға тіреледі. Біздегі мектептерге бейімделген, ағылшын тіліндегі оқулықтардың сапасы қандай? Қағаз жүзінде бәрі оңай. Министрлік «Назарбаев зияткерлік мектептері» мен халықаралық мектептердегі оқулықтарды пайдалана салмақ екен. Сондай-ақ, шетелдік информатика, физика, химия және биология оқулықтарын бейімдеуді жоспарлапты.
Министрлікке «қазіргі жастардың ағылшын тілін меңгеру ісіне көңілдеріңіз тола ма?» деген сұрақ жолданған. «Тұрғындардың үш тілді меңгеру мәселесі бойынша әлеуметтік сауалнамалар жүргізу ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құзырында» деген жауап алынды.
Білім және Ғылым министрлігі үш тілді білім беруді кезең-кезеңмен енгізе отырып, бұл жаңалықтың қазақстандық орта білім беру саласын жетілдіретініне сенім білдірді. Сондықтан, өзге мектептер де «Дарын», қазақ-түрік лицейі, «Назарбаев зияткерлік мектебімен» бірге сап түзеуді ұсынды. «Бірақ бұл мектептер мен ауылдағы заманауи құрал-сайманнан жұрдай, интернетсіз, 40 жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген жадағай мектептердің жағдайын салыстыру – министр Сағадиевтің миына қонып отыр. Мүмкін, қазіргі дағдарыс кезінде соншама қаржыны далаға шашпай тұрғанымыз дұрыс па еді?» деп жазады басылым.
qamshy.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз