Мектепте «бес күн оқу» дауы омбудсменге жетті

2
525

 

  • Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров. © azattyq.org 

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров білім министрі Ерлан Сағадиевке үндеу жолдап, оқу аптасын бес күнге қысқартпай, реформаны басқаша жасауға шақырды. Ал педагогтар пікір әрқилы.

Омбудсмен Асқар Шәкіров мектеп бағдарламасын бескүндік кестеге өткізу және оқушылардың жазғы демалысын қысқарту азаматтық қоғам мен мектеп өкілдері, оқушылардың өздері және ата-аналарымен диалог жүргізе отырып жүзеге асырылуы керек деген үндеу таратты.
МИНИСТРГЕ ҮНДЕУ
Асқар Шәкіров «Педагогтар, ата-аналар, қоғамның басқа да сегменттерінде бұл жөнінде қарама-қайшы пікірлер айтылып, тіпті бұл өзгеріске қарсы қол жинау науқаны жүріп жатқаны да мәлім болды» деп жазады.
Ол «Мемлекеттік органдар тапсырмаларды нақты, тексерілген, бірізді қалыпта орындауы тиіс. Қазір мектеп бағдарламасында пән көп, олардың кейбірін алып тастауға не біріктіруге болады, бірақ бескүндік оқу аптасына көшу сабақ және демалыс күндерін механикалық түрде қайта орналастыра салуға ұласпауы керек, керісінше бұл бағдарламаны қайта қарастыру мен оңтайландыру арқылы іске асуы тиіс» деген.

Қазақстандағы мектептің бірі. (Көрнекі сурет)

Омбудсмен «Білім берудің жаңа форматына көшу эмоцияның объектісі емес, кәсіби әрі ғылыми зерттеу тақырыбы» екенін айтады. «Мамандар пікірін, жас ерекшелігі, мәдени, тіпті климаттық және басқа факторларды ескеру қажет» екенін айтқан Шәкіров «өкінішке орай министрлік мұндай зерттеу жүргізгені жайлы қоғамға әлі жан-жақты ақпарат бермей отыр» дейді.
Мұнан соң омбудсмен білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті оқушылар пірімен де санасуға шақырып, «Балалар құқығы туралы конценцияда балалар кез келген мәселеге қатысты өз ойын ашық айтуға құқылы. Балаларға қатысты мәселелерді ашық талқыламаса қоғам мұны түсінбейді. Сондықтан бұл мәселені үкіметтік органдардағы қоғамдық кеңестер мен мектептердегі ата-аналар кеңесінде де талқылағаны дұрыс» дейді.
«БЕСКҮНДІК ДҰРЫС, БІРАҚ КАНИКУЛ ӨЗГЕРМЕСІН»
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің оқу аптасын бескүндік кестеге өткізу, осының есебінен оқушылардың жазғы демалысын қысқарту ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл бастамаға қарсы азаматтар әлеуметтік желіде оңтүстік өңірдегі аптап ыстық балалардың жазда оқуын қиындататынын ескертсе, кейбір пікір білдірушілер «аптасына екі күн демалыс балалардың миын тынықтыруға мүмкіндік беретінін» айтып, бекскүндік кестеге қолдау білдірген.

Республикалық «Қазбілім» орталығы директоры Аятжан Ахметжанов.

Республикалық «Қазбілім» орталығы жетекшісі Аятжан Ахметжанов – мектептерді бескүндік оқу аптасына көшіруді қолдайтын азаматтың бірі. Бірақ ол жазғы демалысты қысқартумен келіспейді.
– Оқуды жазға дейін созудың қажеті жоқ. Керісінше, мектептерді де семестрлік оқуға көшірген дұрыс. Яғни, төрт тоқсанды екі-екіден біріктірген жөн. Оқушылар тоқсан арасында да, сенбі-жексенбіде де демалса оқу шашырап кетеді, – дейді мұғалім.
«МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАЙТА ЖАСАУ КЕРЕК»
Азаттық тілшісі педаогогика саласы мамандарынан Қазақстандағы орта мектептерді бескүндік оқу аптасына көшіру мен жазғы демалысты қысқарту туралы пікірлерін сұрастырған еді. Алматыдағы №159 мектептің директоры Аягүл Миразова Қазақстан мектептері бескүндік оқу аптасына көшу үшін мектеп бағдарламасы мен стандартына толық өзгеріс жасау қажет екенін айтады.
– Бескүндік оқу жақсы. Бірақ ол үшін мектеп бағдарламасы мен стандартты қайта жасау керек. Бағдарлама өзгерсе, оқулықтарды қайта шығару қажет. Оқулық жазу бір-екі айлық жұмыс емес. Қазіргі оқулықтың барлығы алты күндік оқу аптасына және мамырдың соңына дейін оқу үшін жасалған, – дейді ол Азаттыққа.

Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев журналистерге сұхбат беріп тұр. Сурет Қазақстан үкіметі сайтынан алынды.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы мектептердің бірінде сабақ беретін Жазира Абзапиева «министрліктің толассыз реформаларынан шаршағандарын» айтады. Оның ойынша, мұндай өзгеріске «мектептер де, оқушылар да дайын емес».
– Білім және ғылым министрі ауысса, мұғалімдер жаңа реформа күтіп отырамыз. Тәуелсіздік алғалы 25 жыл болса да білім саласында тұрақтылық болмай тұр. Оқушылардың мамырдың соңында сабаққа келуі сирей бастайды. Күн ыстықта бала организмінің есепті, оқуды қабылдауы қиын болады. Оқушылар жазғы уақытқа жоспарланған бағдарламаны меңгермей қалады, – дейді ауыл мұғалімі.
Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2016 жылдан бастап 1-сыныптар, 2017-2019 жылдары барлық сыныптар бескүндік оқу аптасына көшетінін, соның есебінен оқушылар жазғы демалысқа маусым айының аяғында шығуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.

azattyq.org

2 ПІКІРЛЕР

  1. Меніңше 5 күндік оқытумен 6 күндік оқытуда тұрған ештеме жоқ. Мәселе үш тілді оқытуда тұр.

  2. Жоғарғы педагогикалық оқу орнын дұрыс мән беріп оқыған әрбір жоғары білімді мұғалім білуге тиіс және ұмыпауға тиіс қағида бар. Осы – мектептегі білім беруді не себепті ІV иоқсанға бөліп оқыту жайлы, тоқсан аралық оқушылар каникулы жайлы да қалыптасқан заңдылықтың табиғи тұрғыдан да, ғылыми тұрғыдан да мәні бар. Бұл әйгілі әлемдік даңқты педагогтердің ойласып, келісіп, барлық зерттеу – тәжірибелерден өткізген шешімді ортақ қабылдаған заңдылықтары болатын. Осы қалыптасқан заңдылықтың мәні жайында «педагогика» атты арнайы курста білім алушыларға түсіндіріліп, оқытылып келеді. Бұл үрдістің бала денсаулығы үшін де, білім алу үшін де қолайлы екендігіне оқи отыра әрбір білім алушының көзі жетеді. Сондықтан мен, педагог ретінде, бұл жерде бүйректен – сирақ шығарудың қажеті жоқ екеніне анық көзім жетеді. Оқушылар каникулдарының арасы бір – бірінен алыс емес және екі күн дем алдырып неге керегісі бар? жазғы каникулдарын қысқартқан мүлде дұрыс емес. Май айының өзінде оқушылар маужырап, есіл дерті дала болып қалғып – мүлги бастайды. Физиологиялық тұрғыдан алғанда да мүлде дұрыс емес. Бала уақытымен табиғат аясында доп қуып, асық ойнап, тай мініп, асыр сала сергіп ағзасын жетілдіріп, бойын шымырлыққа бейімдеу керек.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз