ЖЕР САТҚАННАН ҚАЙ УАҚЫТТА ЖЕТІСІП ЕДІК?

0
657

zemel3

Біздің ата-бабамыз ғұндардың көсемі Мөде қағанның әйгілі үш шешімін көкірек көзі ояу қазақтың бәрі біледі. Көрші Дунху мемлекетінің патшасы намысқа тиіп, арандату үшін мыңдаған шақырымды шаршамай шабатын атақты тұлпарды сұрағанда, ғұн көсемі сыйға тартады. Ерді қорлап, соғысуға мәжбүрлеу үшін сұлу әйелін беруді талап еткенде де, ел тыныштығын ойлап, Мөде қаған береді. Әбден басынып алған Дунху патшасы көп ұзамай екі елдің арасында бос жатқан иен даланы өзінің қарамағына беруді талап етеді. Сонда бұлқан-талқан боп ашуланған Мөде қаған: «Тұлпарым мен қатынымды берсем, олар – менікі. Ал жерді мен бере алмаймын, өйткені жер – халықтікі» – деп, соғыс ашады да, түртпектеп қоймаған дұшпанын тас-талқан етіп жеңеді. 

Иә, бай тарихымызға көз жүгіртсек, қай заманда да біздің халық жерін қорғаудан аянып қалмаған. Жер намысы – ел намысы, ел намысы – ер намысы деп, ата-бабасының моласы жатқан атамекенін көздің қарашығындай қорғап, қастерлеп келген. Абылай ханның түбі ұрпағы бақа-шаян болып, ұсақталып кететіні жайлы түсі рас па екен, өз жерін сату деген нәрсе XX ғасырдың басында басталды. Бұл жөнінде Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы жарияланған «Жер жалдау жайынан» атты мақаласында жазады. Аталмыш мақаланы қысқаша талдап өтейік. Дала уәлаятының генерал-губернаторы Колпаковский қазақ жері өздеріне де тар, мал жаюға жер жетпеген соң, Тобол губерниясындағы орыс жерлерін жалдап, мал жайып отыр деп көрсеткен. 1888 жылы 17 наурызда генерал-губернатор Семей облысының аумағында орыс шаруалары қала салмасын деп бұйрық шығарған. Алайда мұндай бұйрықтардың барлығы қағаз жүзінде ғана қалды. Өйткені, бір жағынан хакімдер қазақтың жерін қорып заң шығарып жатса, екінші жағынан, қазақтардың өздері қара басының қамын күйттеп, байып қалуды ойлап, орыс мұжықтарына жер сатып жатты. Ата-бабасының бейіті жатқан жерді сатып, байып қалуды атқамінерлер ертеңгі ұрпақ қамынан артық қойды. Орыс мұжықтары жиналып, көбейіп, көзге түскенде олардың мүддесі үшін заң шығару қажет болды. Сөйтіп, елін, жерін сатқан опасыздар қазақтар өз жерінде азшылыққа ұшырауының алғышартын жасады. Осындай жәйттарды тілге тиек ете келе А. Байтұрсынұлы: «Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсаңдар. Жерін алдыруға болмаса, алдырмасқа іс қылған қазақ жоқ. Әркім өзін жерін ғана ойлайды, өз басының ғана қамын ойлап, өз пайдасын ғана көздеп іс қылып, жұрт пайдасы мен зарарына тіпті қарамайды. Жұрт жері кетпесе, менің де жерім кетпес, жұрт жерден айрылса, мен де жерден айрыламын ғой деп еш ойламайды. Сондықтан жұрт үстіндегі, көп ортасындағы жер ғой деп, сатып, пайдаланып қалайын деп ойлайды. Мұжықты қазақ жеріне үйір қылып, қоңсы қондырған әуелде де осылай ойлағандық еді, осы күнде де сол ой қалған жоқ. Қазақтың көбі жер сатуды кәсіп қылып алған жоқ па? Қазақтың ауыл ағасы болған, атқамінер пысықсынған адамдарының жер сатуды кәсіп қылмағаны бар ма екен? Болса, ауылнайлардың жұртты сыртынан сатып іс қылатындарын былай қойып, жай қазақтарды алғанда да жер сатпайтындары аз болса керек. Жер сату қазаққа әдет болып кетті» – деп ашынады. Жер сатып, қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыруға отаршыл үкіметке көмек көрсетуден көрген қасіретімізді көзі ашық қазақтар білсе керек. Соның кесірінен, қазақ өз жерінде өзімнің тілім өзгенікінен үстем, өзімнің ділім мен дінім өзгенікінен үстем деп айта алмайтын дәрежеге дейін құлдырады.

Шынында да, қазақ қайраткерлері қай заманда да жер мәселесіне келгенде есесін жібермеуге тырысқан. Мысалы, «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасы» 10 бөлімнен тұрады. Соңғы 10-шы бөлімі «Жер мәселесі» деп аталады. Онда: «Жер законында жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу. Аса зор ағаш, зор өзендер мемлекеттікі болып, аз ағаш һәм көл байлықтары земство мүлкіне саналу» – делінеді. Яғни, Алашордашылар халыққа қажеттілігіне байланысты жерді теңдей бөліп беріп, ал қалған артық жерді мемлекет қарамағында ұстауды дұрыс көрген. Жер сатуға мүлде қарсы болған.

Мұндай тарихи деректерді шұбыртып не үшін жазып отыр дейсіз ғой? Жерді сатудың қандай тарихи қателік екенін тарихи тұрғыдан дәлелдеу үшін! Жақында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап 1,7 миллион гектар жер аукцион арқылы саудаланатынын айтып, мәлімдеме жасаған еді. 1,7 миллион гектар жер шетелдіктерге емес, Қазақстан азаматтарына сатылады дегеннің өзінде шамамен Кувейт мемлекетінің аумағындай жерді сату деген не сұмдық?! 1,7 миллион гектар жер Балқаш көлінің ауданымен тең екенін және ҚР жалпы аумағының шамамен 160-тан бір бөлігі екенін ойладық па?! Оны түгелдей қазақтар сатып алса, қазақтың жері қазаққа бұйырды деп түсіністікпен қарар едік. Алайда еліміздің тұрғындарының 40 пайызға жуығы өзге ұлттар екенін ескерсек, аукционға шығарылған жерді сатып алуға әлбетте өзге ұлт өкілдері де талпынады. Оның үстіне, қарапайым қазақтың көбі баспана алуға жағдайы болмай жүргенде, миллиондаған гектар жерді сатып алуға қайдан шамасы келсін?! Қандай дағдарыс болса да, халық жердің сатылғанын қаламайтыны анық. Жер сатқаннан қай уақытта жетісіп едік? Ашығын айтқанда, бұл жақсылыққа апармайтынын өткен ғасырдың қаралы беттері көрсеткен жоқ па?! Енді өткен қателікті тағы қайталау есті халықтың ісі ме?!

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті

 Ұлт порталы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз