Өскеменнің Прапорщиково ауылындағы өзі оқитын мектебінен 20 сәуір күні шығып кетіп, үйіне сол күйі оралмаған 14 жастағы Медет Маратовтың мәйіті табылды. Бұл туралы NUR.KZ порталы YK-news.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

МЕДЕТ МАРАТОВ. ФОТО: YK-NEWS.KZ
Полицейлер бір тәуілктен аса уақыт өткеннен кейін оның мәйітін тапқан.
Медеттің анасы ұлының мектептен ешуақытта ескертусіз кеш қайтпайтынын айтып, дабыл қаққан еді. Мектеп ауласында достарымен футбол ойнайтын күндері ол міндетті түрде кешігетінін ескертіп тұратын дейді қапалы ана. Мектептен шыққаннан кейін оның қайда бет алғанын ешкім көрмеген.
«Полицейлер анасының хабарынан кейін бірден баланы іздестіруге кірісті. Шамамен 17:30-да қазан дайындап шығаратын ескі зауыттың маңынан баланың мәйіті табылды. Оның денесінен көптеген пышақ жарақаттары табылды. Бірден «Өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға жедел түрде тергеліп жатыр. Күдікті іздестірілуде», – деп хабарлады ШҚО Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев.
Айта кетерлігі, Медеттің сыныптастары оның белгісіз қызыл көліктің жүргізушісімен сабақтан кейін сөйлесіп тұрғанын көрген.