КЕШЕГІСІ – ҚАРАҢ, БОЛАШАҒЫ – АЛАҢ БОЛҒАН БОСҚЫНДАР

0
524

2015-09-05_EUROPE-MIGRANTS

Еуропа босқындарды кері қайтаруға барын салмақ

Күн жылынып, Жерорта теңізінің бетіндегі ұйытқыған дауыл саябырсып, кәрі құрлықтың арқа-басы кеңи бастап еді, жыл құстары сияқты қалың нөпір мигранттар қайтадан есік қақты. Өткен қой жылының шылауына оратылған «мигранттар дағдарысы» биылғы мешін жылының да жағасынан аларын бұған дейін жазғанбыз. Айтса айтқандай, наурыз бітпей жатып, Еуропалық Одақтың оңтүстік шекарасы мен Италияда тағы да мыңдаған босқын топтасты.

Былтыр Еуропаға Сирия, Ауғанстан, Ирак, Косово, Албания, Пәкістан, Эритрея, Нигерия, Иран, Украинадан 1,3 миллионнан аса мигрант келген еді. Олардың ішінде 292 540 босқын ғана заңды түрде кәрі құрлықты паналауға рұқсат алды. Қалғандары орналасуға берген өтініштерінің жауабын күтіп, біразы тіркелудің кезегін күтіп, бірсыпырасы өз еркімен немесе заң күшімен кері қайтып, көбісі Еуропа мемлекеттерінің шекараларында топтасып, ұйлығып қалды. Кешегісі – қараң, болашағы – алаң болған босқындардың тағдыры туралы еуропалық мәртебелі мырзалар ара-тұра мәлімдеме жасағаны болмаса, нақты жоспар жоқ. Шындығын айтқанда, Еуропа шекара сызығынан өтіп кеткен босқындарды кері қайтарудың амалын қарастыруға кіріскелі қашан. Сонда да мигранттар алған бетінен қайтатын емес.

Биылғы жылдың алғашқы үш айында босқындардың жаңа легі келген. BBC жаңалықтар қызметінің жариялаған дерегіне жүгінсек, жыл басынан бері Жерорта теңізін көктей өтіп, кәрі құрлыққа жеткендер саны 179 552 адам. Олардың ішінде 153 709 адам Түркиядан Грекияға өтсе, Италия жағалауларына Тунис, Ливия мен Мысырдан тікелей де, Түркия мен Грекия арқылы өтіп жатқандар да баршылық. Қазіргі таңда бір ғана Италиядағы босқындар саны 24 940 адам.

Еуропа көшбасшылары былтырғыдай кеш қимылдап, сан соғып қалмас үшін «мигранттық дағдарыстың» шешімін табамыз деп жанұшыруда. Бірақ өткен айдағы Женева келіссөздерінен пайда болмады. Тоқсан мемлекеттің лауазымды өкілдері жиналып, тоқтамды сөз, кесімді шешімге келе алмады.

Осылайша, «Мигранттық дағдарыс» – Еуропа үшін ХХІ ғасырдағы ауыр сынға айнлады. Еуропалық құндылықтарды таразыға салған, ортақ өлшемдерді өзгерткен, тіпті Одақтың тұтастығына сына таққан құбылыс бұл. Егер Еуропа бұл дағдарыстың ең оңтайлы әрі залалсыз шешімін таппаса, ұйым ретінде оның болашағына балта шабылуы мүмкін екенін анық түсіне бастады.

Мұның бірнеше себебі бар:

Біріншіден, босқындар мен заңсыз мигранттарға қатысты Еуропада түрлі пікір қайшылығы туындады. Демократиялық қоғамға тән пікір алуандығы емес, бір-біріне қарама-қайшы, бірін-бірі жоққа шығаратын көзқарастар қайшылығы. Қазіргі таңда кәрі құрлық қайшылас пікірлер мен ұстанымдардың майданына айналғандай. Соғыс пен зорлық-зомбылықтан, ашаршылық пен әлеуметтік әділетсіздіктен қашқан адамдарды паналатып, олардың тыныш өмір сүруге, білім алуға, жұмыс істеп, нәпақа айыруға қақысы бар екенін айтып, оларды қорғауға ұмтылған топ бар. Саясаткерлер еуропалық заңдарға жүгіне отырып, босқындарға мемлекеттік қолдау көрсетуге сеп болса, қара басына ғана жауапты қарапайым тұрғындар үйі мен төрін жатжерліктерге ұсынып, шамасы жеткенше киім, тамақ беріп, қамқорлық жасауда. Бірақ еуропалық құндылықтарды ұстанып, мемлекеттік шекараны келімсектерге айқара ашқан Германия канцлері Ангела Меркель тығырыққа тірелді. Обалы не керек, таяқтың бір ұшы өзіне де тиді. Себебі кәрі құрлықта тілі де, діні де бөтен адамдарға аузындағысын жырып беріп отырған адамдардан басқа босқындарды тажалдай көретін топ тағы бар. Мигранттар толқынын Еуропаны ыдыратуға ықпал ететін қауіпті құбылыс санайтын бұл топтың ішінде лауазымды қайраткерлер, мемлекет басшылары жетерлік. Мысалы, Польша, Чехия мемлекеттерінің басшылары келімсектерді кіргізбеудің ең жақсы амалы – сыртқы шекараны тарс жабу деп санайды. Жатжұрттықтарға жирене қарайтын еуропалықтардың шоғыры саясаткерлердің бұл ұранын қолдап, көшеге шығып, ұрандатуда. Ислам дініне қарсы атышулы «Пегида» қозғалысы соңғы кезде Германияда осындай наразылық шерулерін жиілетті. Мұсылмандардың көбеюіне деген ішкі ызасын жасырмайтын топтың қарасы күн санап қалыңдап келеді, олардың белсенділігінің күрт артуына мигранттар дағдарысының өршуі себеп болуы әбден мүмкін.

Екіншіден, мигранттар дағдарысы Еуропаның кескін-келбетін біртіндеп өзгертіп жатыр. Жағрапиялық орналасуына байланысты босқындар тоқтайтын алғашқы айлақтың бірі Италияны бүгінде тану қиын. Рим көшелерінде араб, пенджаб пен ауған тілдеріндегі сөздер көбірек естіледі, ал арзан дәмханалардың маңдайшаларындағы кәріс, үнді, арабша жазулар мұнда жатжерліктердің тасы өрге домалап тұрғанын байқатады. Мысырдан келгендер мешіт ашып, Сириядан шыққандар мейрамхана ашып, Италияны екінші Отанға айналдырып жатыр. Бірақ олар сияқты жергілікті ортаға сіңісіп, екінші өмір бастағандар саны тым аз. Ішкері қарай өте алмаған, бірақ кері қайтуға құлықсыз мигранттар сеңдей соғылысып, Италияның өз ішінде әлеуметтік кикілжің тудыру қаупін күшейтуде. Грекиядағы, Германиядағы, Франциядағы босқындар лагерьлеріндегі жағдай бұдан ауыр болмаса, жеңіл емес.

Үшіншіден, мигрант дағдарысының бар ауыртпашылығын Одақтың сыртқы шекара шебінде отырған Италия мен Грекия көтерді. Былтыр кәрі құрлыққа миллионнан аса мигранттың табаны тиген екен. Мұның өзі тіркеліп, есепке алынғандардың саны. Грек пен ита­льян шекарашылары талай мигрантты тіркеуге алмастан, өз шекарасынан асырып, солтүстікке қарай өткізіп жібергені мәлім. Осыған орай Германия, Франция сияқты бақуатты елдер босқындар тасқынын тоқтаусыз ішкері өткергені үшін Грекия мен Италияны қатты сынаған болатын. Бірақ Италияның мигранттар дағдарысымен бетпе-бет қалдырғаны үшін Еуропалық Одаққа деген өкпесі қара қазандай. Оның үстіне, биыл бұл елге Ливиядан 300 000-дай босқын келуі мүмкін деген болжам бар. Қазірдің өзінде, Италия басшылығы келімсектерді бұдан әрі топырлатып қабылдай беруге шамасының жетпейтінін айта бастады. Ал бұл кезде Еуроодақ Ангела Меркельдің ұйытқы болуымен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен келісіп, босқындарды кәрі құрлыққа өткізбеудің уақытша амалын қарастырумен болды. Келісімнің құны да белгілі: Анкара Еуроодақтан 6 миллиард еуро (6,8 миллиард доллар) қаражат алатын болды. Мұны мигранттар дағдарысының себебімен емес, тек салдарымен күресу деп санаушылар жетерлік. Оның үстіне, бұл келісімнің қаншалықты тиімді болары күңгірт.

Осы айда «The Guardian» газеті Еуроодақ пен Түркия арасындағы келісімнің салдарын талдаған мақала жариялады. Британдық газет «Ислам мемлекеті» ұйымының қиянатынан қашқан сириялықтарды Түркия шекарашылары оқ астына алып, кері қуып жатқанын айтады. Ал түрік жеріне бұрынырақ өтіп, сол елде орнығып қалған сириялықтар күнкөріс үшін арзан жұмыс күшіне айналып, әлеуметтік әділетсіздікке ұшырауда. «Шекаралық аймақтардағы құқық бұзушылықтарды жақында ғана жасалған, яғни әлемдегі ең бай континент (500 миллион тұрғыны бар) таяушығыстық бір ғана мемлекетті (80 миллион халқы бар) қойқораға айналдырған келісімнің қисынды нәтижесі деп қарау керек. Әлемдегі басқа мемлекеттердің барлығы жиналып паналатқан босқындар саны бұл мемлекет кіргізген сириялық босқындар санына жетпейді. Сондықтан осылай болуы түсінікті де» деген сөздерде ащы шындық бар. http://www.theguardian.com/commentisfree/2016/apr/01/turkey-safe-haven-refugees-shoots-border-illegal-deportations-syrians

Төртіншіден, Еуропа ақыры Солтүстік Африка, Таяу Шығыс пен Ауғанстаннан босқан қалың нөпірдің мұң-зарына құлақ қойды. Бұл жерде «амалсыз» немесе «мәжбүр» деген сөздерді де қолдануға болар еді. Себебі бейбіт әрі бақуатты тұрмыс кешіп отырған қоғам басқа континенттегі соғыс пен ашаршылыққа себеп болған кейбір саяси шешімдердің ауыртпашылығын енді көре бастады. Былтыр қараша айында Парижде, биыл наурыз айында Брюссельде болған жарылыстар, Германиядағы жаңа жылдық жанжалдар, кәрі құрлықтың әр түкпіріндегі сырттан келгендер мен жергілікті тұрғындар арасында өрши бастаған кикілжіңдер бұрынғы мамыражай тірлікті көзден бал-бұл ұшырды. Енді экстремизммен күресу шараларын күшейтіп, қорғаныс шараларын арттырумен қатар, осыншалық ғаламдық апат тудырған жағдайдың түп себебін түсініп, оны жоюдың жолдарын ойласа бастады.

Оның бір көрінісі болар, өткен аптада христиан дінінің басшылары Грекияның Лесбос аралына барып, босқындардың жағдайын өз көздерімен көріп қайтты. Рим Папасы Франциск, православтар көшбасшысы Варфоломей І және Афины мен Грекия архиепсикопы Иероним ІІ тұтас халықтарды ауа көшуге мәжбүр еткен жағдай реттелмейінше, оларға уақытша қоныс беру керек екендігін айтып, халықаралық қауымдастыққа үндеу жолдады. Дінбасылар қол қойған үндеуде: «Миллиондаған адамдардың тағдыры мәжбүрлі көші-қон мен қоныс аударудың кесірінен қыл үстінде тұр, бұл, шын мәнінде адамзаттық дағдарыс, бұл дағдарыс бізді ынтымаққа, адамгершілікке және кеңпейілдікке және шұғыл шешімдер қабылдап, бар күшімізді салып бұл дағдарысты жоюға шақырады. Лесбос аралынан біз халықаралық қауымдастықты осынау алапат гуманитарлық апатты және оны тудырған түйткілдердің шешімін табу үшін тізе қосып қимылдап, Таяу Шығыста және Еуропаның өз ішінде дипломатиялық, саяси және қайырымдылық бағыттағы бастамалар көтеруге үндейміз» делінген. Бұдан соң Рим Папасы Франциск өз ісімен өнеге көрсетіп, Лесбос аралынан Ватиканға он екі сириялық босқынды ерте кетті. Ресми деректерге қарағанда, олардың жартысы – ересек, ал қалған жартысы – кәмелетке толмаған жас бала екен. Әрі барлығы мұсылмандар екені хабарланды. Осылайша, дінбасылар саясаткерлерге жол көрсетті.

Бесіншіден, Еуропаның өз ішінде мультимәдениеттілікті былай қойып, діни алуандыққа ұшырау қорқынышы пайда болды. «Ислам терроризмінен» қорғануға шақырушылар саны артты. Бұған қоса, мұсылман елдерінен қаптаған қалың нөпір кәрі құрлықтың аз уақытта «мұсылмандануына» әкелуі мүмкін деген жорамал көптен бері айтылып жүр. Еуропа көшелерінде сақалды ерлер мен шәлі оранған әйелдердің көбеюі кейбір тұрғындарды тыныш ұйқысынан айырғаны анық. Мыңдаған мигранттар нөпірі христиандық Еуропаның діни санасын тітіретуі хақ. Дегенмен, кей деректерге қарағанда, Еуропаның исламдануы жайлы дақпырт шындыққа сай емес, тіпті 2050 жылға қарай кәрі құрылқтағы барлық мұсылмандардың саны жалпы халық санының 9,5 пайызынан аспайды екен. Бірақ бұған қарама-қайшы деректер де бар. Мысалы, кейбір ирандықтар кәрі құрлықта қалу үшін христан дініне өткен. Данияның «Berlingske» газетінің хабарлауынша, соңғы үш айда 100 ирандық азамат христиандықты қабылдаса, тұрғылықты тұруға өтініш берген тағы 250 ирандық шіркеудегі дінге өту рәсіміне дайындық үстінде.

Қалай дегенмен де, біз санамалаған себептердің бәрі «мигранттар дағдарысының» Еуропаны ішінара өзгертіп жатқанын меңзейді.

P.S. Кеше ғана биылғы Пулитцер сыйлығы мигранттардың фотошежіресін жасағаны үшін The New York Times газеті мен Reuters агенттігінің журналистеріне берілгені мәлім болды. Бүгінгі тарихты таспаға түсірген журналистерде не жазық болсын, марапатты сыйлыққа ие болған фотосуреттер сөзбен айтып жеткізе алмайтын қайғы-мұңды қаз-қалпында бейнелеген. Айтып-айтпай не керек, өз көзімен көрсін, бірнешеуін оқырман назарына ұсынамыз…

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания

«Түркістан»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз