
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Шыңжаң Ұйғыр автомномиялы ауданына барып, ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізіп келді. Осы келісімдер аясында қытайлық 10 компания өңірде 12 жобаны жүзеге асырмақ. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Іске асатын жобалар қатарында күн және жел электр станцияларының, қабырға панельдерін шығаратын инновациялық зауыттың, қазақстандық-қытайлық агрокешеннің, ауыл шаруашылығы агроөңдеу паркінің құрылысы және тағы басқа да нысандар бар. Сапар барысында А.Баталов бастаған топ ҚХР ШҰАА-дағы бірқатар іргелі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, үлкен бизнес-форумға қатысты.
Өз кезегінде облыс әкімі А.Баталов қытайлық әріптестеріне облыстың мүмкіндіктері туралы баяндап, «Қорғас» шекара маңы орталығында және индустриалды аймақтарда серіктестікті дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Сондай-ақ, Жетісу өлкесін инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Облыс әкімі қытайлық кәсіпкерлерге Қазақстан тарапынан бизнеске ешқандай кедергі болдырмауға да уәде берді.
Жалпы, сапар барысында 10-нан астам ірі компания Алматы облысымен жалпы сомасы 2 млрд. доллардан астам инвестиция болатын 12 меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, дәл қазір қазақ халқы Үкіметтің ауылшаруашылық жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беру туралы бастамасына қарсы шығып отыр. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерден кейін 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстандағы ауылшаруашылық жерлері аукцион арқылы жекеменшіктің қолына өтеді. Сондай-ақ, шетелдіктер де бұл телімдерден өз үлесін алып қалмақ.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, шетелдіктерге жалға берілген жерлер бірнеше жылдан кейін бүгінгі Байқоңырдың кебін киюі әбден мүмкін.