«МЕН БҮГІН АЛАҢДА, ҮМІТСІЗ ҮРЕЙГЕ ЖҰТЫЛДЫМ…»

0
788

13100887_1032354460182718_4953638360667939837_n

Жер дауына қатысты наразылық күшейіп барады. Кеше атыраулық жұрт Исатай мен Махамбет алаңына жиналды. Олар қазақ жерін «шетелдіктерге жалға беруге және сатуға» ашық қарсылық білдірді. Алаңға шыққан ағайынның мұңы ақындарға қалам ұстатты. Өзекті өртеген өкінішті күй өлеңге төгілді. Ақындар былай жырлады…

Алашамды сақташы, Алла, жасыннан!..

Алашамды сақташы, Алла, жасыннан,
Әзәзілден –
Қулықтарын асырған;
Қонақжай пәк пейілдерін басынған,
Сақтай гөрші обыр менен масылдан!

Оқ пен оттан аман болсын Отаным,
Сақтай гөрші боздауынан ботаның!
Етігінің қонышынан қан тамған,
Сақта, Азамат Соғысынан, о, Тәңірі!

Мұңлық болып мұқым жұртқа мұң шақты ел.
Құл тумайтын,—
Ұл туатын құрсақ бер;
Өзгеге еріп ел болмады қазағың,
Көшін өзі бастауына мұрсат бер!

Ырыс төгіп егіс, бақша- бауынан,
Қыран ұшар қия-қия тауынан;
Дүниеде досын көп қып — жауынан,
Жер дауынан сақта,
Жесір дауынан!

Маздап тұрған нұрын, сақта, көзінің,
Сақтай көрші қорғасындай төзімін.
Ермактардың елесінен сақтай гөр,
Елтайынан сақта гөрші өзінің!

Серік Ақсұңқарұлы

   ***

Мен бүгін алаңда
Жанарым боталап,
Өзім де сезбеген бір сырға қаталап.
жүрегім дірдектеп дүбірден,
жалғанның жүзіне үңілгем.
Мың ғасыр көшкендей көзімнің алдынан,
Мыңдаған періште ұрғандай шапалақ.

Мен бүгін алаңда
Елеусіз һәм ессіз пішінде,
Көз салғам анау тас мүсінге.
қоғамның өзгерсін шапаны,
адамның өзгерсін зат, ары,
Бәрібір ұлт үшін майданның,
Ешқашан бітпесін түсінгем.

Мен бүгін алаңда
Көсемсіп шешетін керемет дауыңды,
Көзіммен іздегем «зиялы» қауымды.
Ұл көрдім тотыққан желменен,
Қыз көрдім шындыққа шөлдеген,
Тіпті бір кейуана шер төкті тілінен,
Ал менің жүрегім ғаламаааат ауырды.

Мен бүгін алаңда,
Үмітсіз үрейге жұтылдым.
Өзімнен жеңілдім, ұтылдым.
Жып-жылы үйінде отырып,
Сұлу сөз жазғаны өтірік,
Талайдың пердесін сыпырдым.

Мен бүгін алаңда,
Жек көрдім өзімді, өлеңді,
Күнәсіз шап-шағын әлемі,
сөйлей де алмайтын әдемі
біз сезген биіктен даралау,
жандарға кезіктім жаны алау.
Жолында садаға кетейін,
Тобырға теңеп көр сен енді.
Тобырға теңеп көр сен енді!…

Әлия Дәулетбаева

   ***

Ел ұраннан шаршады…
Мен де ұраннан шаршадым!
Тұрандоттай тектілікті аңсадым!
Бабамыздың қаны сіңген бұл дала —
Қазақ жері!
Әлдеқандай ауса күн,
Аттың жалын тартып мінер ерім бар!
Жерім үшін төгілетін терім бар!
Мен несіне тағатымды тауысамын?
Ақ арманым бар еді…
Асу бермес нар едім!
Аспанастын кезіп кеткен кезімде,
Атакүлден безіп кеткен кезімде,
Ақсарыбас шалып Алла атына,
Жыр-бағынан тапқанымда жан емін,
Жалғыз тілеу тіледім:
Мың азаптан өткен мұңлық елімнің
Келтіре көр,-деп-реңін!
Қатпар-қатпар тариxын тасқа жазып қынамен,
менің ана тілімде аңыз айтар мына әлем!
Келешектің көгінде алтын зерлі үмітім
Күлтегіндей күлкімді ұмытқанмын күні-түн.
Азаттықтың ақ таңы атқанында жарқырап
Қазақтығым әйгі боп алыстаған ақырап.
Бесігінде әлдимен әлпештеген ұлымды
Бостан елдің бағы үстем ұланы деп ұғындым!
Ана үшін бұдан зор бақыт бар ма еңселі?
Туған елім, қардай ақ ниетіңмін мен сенің!
Елді ұранмен шаршатқан…
Шақтар қалып алыста,
Көңілімнің көк бұлты күркірейді ғарышта!
Мендегі бар байлықтың өзіңсің ең асылы,
Өкінішке әкелмей өркениет ғасыры,
Кез болғай-ды, қазақтың құланиек таңы атқан!
Қайта оянған руxымның қайырын бер, Жаратқан!

Бақытгүл Бабаш 

   ***

Халық қозғалса,
Тұра алмайды хан тағында…
(Махамбет)

Қазақты көрдім, қазақты,
Қайсар мінезін қарашы!
Қанжар суарған атасы,
Қалжа мүжіген анасы,
Қазақ қана қай кезде,
Қазақтың болған панасы!
«Бұл қазақтың жеріне,
Келмесін бұлт бұрқаны»
Ұран салды осылай,
Көк түріктің ұрпағы,
Алтынорданың сынығы,
Нар қазақтың ұлтаны!
Құр ұраннан шаршады ел,
Нұр ұраннан шаршады ел,
Сатылғалы тұрғанда,
Қанмен қалған қанша жер,
Қаны қайнап тулады,
Бұтқап киген барша ер!
«Жас баланың қамы үшін»
Жиылып теңдік сұрады,
Жер деген бұл қазақтың —
Құдай берген шырағы,
Шырағынан айрылса,
Қалай тірлік қылады?
Басқа масыл бұл мойын,
Ерте үйренді көнбекке.
Еділ қалды еңіреп,
Емшегін сорып орыстың,
Енді егізі Жайықты,
Жат қолына бермек пе?
Жайыққа құрбақа қаптаса,
Қызғыш құс сорлап қалмай ма?
Қоғасын көлдің таптаса,
Қасқалдақ қашар шалғайға,
Нән балыққа сонда құнығып,
Шағала ауыз салмай ма?
Бұлдыраған бұл дала,
Баба қаны сіңген жер.
Қаны тамып қазақтың,
Құлын-тайын мінген жер.
Жеріңді қорғай алмасаң,
Жерді басып жүрмеңдер!
Жат жеріңді жайласа,
Сенің ғана айыбың?
Есегіне тапталса,
Отты қоныс жайылым.
Бақасына шулаған,
Бермеймін деп Жайығын,
Рухтанды, оянды,
Он екі ата Байұлың!
Үлектен туған нарларым,
Жанымнан артық жандарым,
Топ ішінде тұншықпай,
Туралық айтқан тарланым!
Махаңдардың сарқыты,
Сенсің ерім мақтаған,
Бір күніме керек деп,
Былғарыға орап сақтаған!
Құл емес, қазақ, ұл екен,
Өлі емес, қазақ, тірі екен!
Ел менен жердің қорғаны,
Ортамызда жүр екен!
Киері бар, бүрі жоқ,
Табандарға тапталма!
Сүйегі бар, тілі жоқ,
Адамдарға тапталма!
Сұғанақ көздер сұғынан,
Әзәзілдің оғынан,
Бұл ерлерді сақта Алла,
Бұл қазақты сақта Алла!

Серікбол Хасан 

*** 

Қайран Ана, жүрегі елжіреген,
«Елім!» деп мөлдіреген.
Туған жерді сатуға келіспейсің,
Аштыққа көндігер ен.

Иілмес ең, тағдырдың азабынан,
тозағы, мазағынан.
Құшағыңа әлемді сыйдырғанмен,
Қымбат жоқ, Қазағыңнан!

Қымбат саған: бір уыс топырағым,
…дән болып шашыламын.
Қасиетті даламды жатқа сатқан,
ұрпақтан шошынамын!..

Деп мұңайған: дана ойлы аналарым,
Сіздермен дала — дарын.
Жер мен Ана егіз ед(і) баяғыдан,
түсінсе балаларың…

Құйсын нөсер, аспаннан құла жасын,
Намысым құламасын!
Екі әлемде мәпелеп әлдилейтін,
Қос Анам, жыламасын!

Ербол Бейілхан

Топтастырған: Ұлт порталы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз