Алматыда ашынған жұрт сасық суды шенеунікке мәжбүрлеп ішкізбекші болды

0
423

 

  • © ktk.kz© ktk.kz

Алматы іргесіндегі Береке ауылының тұрғындары нәжіс суын ішуге мәжбүр. Себебі демалыс орталығының кәріз құбырынан аққан шайынды өзен арнасына құйылып жатыр. Оны бүтін бір ауыл ішеді. Себебі елді мекенде әлі күнге орталық су құбыры тартылмаған. Ал жуынды мен нәжіс араласқан суды СЭС мамандары тұтынуға жарамды депті. Алайда сол мамандардың өздері таза деген суды татып көруге жүректері дауалаған жоқ.

Талғар ауданына қарасты Береке ауылының тұрғындары бүгін тайлы-тұяғы қалмай өзен жағалап жүр. Себебі ауылды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған жалғыз су көзіне енді шайындылар құйылып жатыр екен. «Ақбұлақ» демалыс орнынан шығатын қалдық сулар құбырға сыймай сыртқа ақтарылған. Соның салдарынан таудан ағатын өзен арнасы ластанып, қолқаны қабатын қолаңса иіс айналаны алып кетті.
Гаухар Темірбаева, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:
-Мына судан кірдің суы ағып жатыр. Бүкіл халық, ауыл тұрғындары көріп тұр. Алдыңғы күні видеоға түсіргеніміз адамның үлкен дәреті. Жаңбырмен бірге ағып мына суды ішуге болмайды.
Нұржан Темірбаев, Береке ауылының тұрғыны
-2-3 күн бұрын балалар көріп түсіріп әкеліпті. Оның алдында қыстай көрдік. Қанша памперс тазаладық. Бармаған жеріміз жоқ. Әкімдік жылда уәде береді. Ауылдың ішіп отырған суы осы.
Тұрғындар өздері тұтынатын тіршілік нәрінің кәріз суларымен ластанғанын айтып талай табалдырықты тоздырған. Осыдан кейін тұтынушылар құқын қорғау басқармасының қызметкерлері судан сынама алып кеткен екен. Бүгін мамандар ағын судың арамдығы жоқ, ішуге жарамды деген қорытынды шығарыпты. Алайда сол атқамінерлердің өздері дәл өзеннен алынған нәжіс суын ішуге жүректері дауаламады.
-Біз іштік сіз де ішіңіз. Іше алмайсыз, көрдіңіз ғой. Біз оны ішіп отырмыз.
Ал «Ақбұлақтың» басшылары бұл мәселеге қатысты пікір білдірген жоқ. Есесіне аудан әкімдігі кәріз құбырының расымен де дәл осы демалыс орталығына қарайтынын растады.
Асқар Шанаев, Талғар аудандық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
-Белбұлақ ауылында кәріз жүйелері жоқ. Ол жерден Ақбұлақтың кәріз жүйесі өтіп жатыр. Анализдер бойынша денсаулыққа зиянды емес.
Алайда ішуге жарамды деп отырған шенеуніктің өзі де өзеннен алынған кәріз суын ұрттап көруден бас тартты.
-Ішуге дайынсыз ба мына суды. Сізге де алып келдік?
-СЭС жарамды деп қорытынды беріп отыр ғой. Ішпеймін…
Өзен суын ішпеймін деп ат тонын ала қашқан атқамінерлердің жағымды жаңалықтары да жоқ емес. Береке ауылын таза тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін қазір құжаттар әзіреленіп, 280 миллион теңге қарастырылған екен. Сондықтан сасық суға тұншыққан тұрғындар жыл соңына қарай орталық құбырдан ауыз су алып ішуі ғажап емес.

ktk.kz

http://alashainasy.kz/society/almatyida-ashyingan-jurt-sasyik-sudyi-sheneunkke-majburlep-shkzbeksh-boldyi-83482/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз