Ата-аналарының келісімімен 14-15 жастағы қыздар тұрмыс құрған

0
557

Бұдан былай кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаларды жыныстық қатынасқа итермелегендер жауапкершгіліктен құтылмайды. Тіпті, тараптар өзара татуласқан күннің өзінде, қылмыскер жазаға тартылады.

ОҚО-да ата-аналарының келісімімен 14-15 жастағы қыздар тұрмыс құрғанОҚО ПРОКУРАТУРАСЫНДА ӨТКЕН ЖИЫН. ФОТО: ОҚО ПРОКУРАТУРАСЫ

ОҚО прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап bnews.kz хабарлады.

ОҚО прокуратурасында кәмелет жасқа толмаған қыз балалардың пәктігіне қатысты қылмыстардың және ерте жүктіліктің алдын алу проблемалары тақырыбында жиын өтті. Дөңгелек үстелде өзекті мәселені жан-жақты талқылап, оны шешудің жолдары қарастырылды.

Облыс прокурорының орынбасары Әбіл Қожахметовтың дерегіне сүйенсек, өңірде жасөспірімдерді мәжбүрлеп  жыныстық қатынасқа тартуға қатысты жыл басынан бері 45 дерек тіркелген.

«Оның себеп-салдарын анықтау барысында, көбінде ата-аналардың дұрыс тәрбие бермеуі, бақылаудың болмауы  жетілу кезеңіне жетпеген жасөспірім қыздардың өз еріктерімен ерте жыныстық қатынасқа түсуіне әкеліп соққан», – дейді Қожахметов.

Қадағалау органы өкілдері бұл оқиғалардың орын алуының моральдық жағын саралау келек, ата-аналардың перзенттерін ерте тұрмысқа беруі де кесірін тигізіп отыр деген тұжырымға келді.

«Егер 2013 жылы ресми түрде 19 жасөспірім некеге тұрған болса, 2015 жылдың өзінде 38 қыз кәмелеттік жасқа толмай тұрмыс құрған. Ал, заң бойынша некелесу жасы 18 деп көрсетілгені белгілі. Осыған қарамастан күнгейде діни рәсім арқылы ата-аналарының келісімімен 14-15 жастағы қыздар тұрмыс құрған деректері кездесіп отыр», – дейді облыс прокурорының орынбасары.

Оның үстіне, 16 жасқа толмаған қыздармен жыныстық қатынасқа түсу фактілері бойынша қозғалған барлық қылмыстық істер тараптардың өзара ымыраласып, татуласуына байланысты жабылып қалады екен. Яғни, іс сотқа дейін жетпейді. Ал қылмыстың әшкереленіп, қылмыскердің жауапқа тартылмау тағы бір қылмыстың қылаң беруіне итермелейді.

Жиында прокурорлар жуырда қабылданған балалардың құқық қорғауға бағытталған жаңа заңды түсіндіріп, негізгі ережелеріне тоқталды.

Бұдан былай осы санаттағы қылмыстарды жасағандарға қатысты шартты түрде соттау, шартты түрде түрме мерзімінен бұрын босату шаралары қолданылмайды. Тіпті, тараптар татуласса да қылмыстық істер қысқартылмайды. Бір мәрте жасаған әрекеті үшін қылмыскерлер 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылса, бірнеше рет жасағаны үшін жаза 15 жылға дейін ұзартылады.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз