Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде бір мұғалім бірнеше сабақты қатар оқытпақ

0
384

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде әмбебап ұстаздар сабақ бермек. Яғни, бір мұғалім бірнеше пәнді оқытады деп хабарлайды КТК арнасы.

Білім министрлігі кезекті реформасын 1-ші сыныптардан бастағалы отыр. Енді еңбек, сурет, дене шынықтыру мен музыкадан сабақ беру жалғыз ұстазға жүктеледі. Математика, физика, химия, биология пәндері де бірікпек. 6 мамыр күні Білім министрі мектеп директорларын жинап, осы жаңа жүйе жайында кеңесті.

Бас ұстаз ойын толық жеткізу үшін, тіпті тақтаға шығып кетті. Өйткені, реформаны алдымен ұстаздар ұғынуы керек. Ал министрлік жаңа жүйе бойынша 1-ші сыныпқа жаңа оқулық та дайындап қойған. Кейін кезек жоғары сыныптарға да келеді. Жаңа бағдарлама бойынша, математика, физика, химия мен биология пәні бірігіп, олар да жалғыз мұғалімге жүктелмек.

Ал Қазақстан тарихы географиямен қосылып, бұл пән қазақ тілінде оқытылады. Бұл бағдарламаға сай жоғары оқу орындарына да талап өзгереді. Енді педагогикалық университеттер мамандарды бұрынғыдай жеке-жеке емес, бірнеше пәнді меңгерген әмбебап ұстаздарды дайындауы тиіс.

«Маман дайындау мәселесіне мұқият көңіл бөлеміз. Педагогикалық жоғары оқу орындарындағы оқытушылармен кездесейік. Жоғары курс студенттері мен магистрлермен кеңесіп, ақылдасу қажет», – дейді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Дереккөз: КТК арнасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз