Жамбыл облысы Мерке ауданының 25 жастағы тұрғыны бір жасар қызын саудаға салу үшін арнайы Алматыға көшіп келген. Ол екі апта бойы сәбиін сатып алуға ниеттілерді іздестірген. Бұл туралы NUR.KZ порталы қаланың ІІД-не сілтеме жасап хабарлайды.
НӘРЕСТЕНІ САТЫП ЖІБЕРМЕК БОЛҒАН ӘЙЕЛДЕРДІ ҚҰРЫҚТАУ СӘТІ. АЛМАТЫ. ФОТО: ІІД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
«Қыз бала бар-жоғы бір жас үш айда. Қаржылай пайда табу үшін анасы баласынан құтылмақ болды. Ол сатып алушыны іздестіріп, 51 жастағы танысын бұл іске араластырған. Бірнеше күннен кейін баланы сатып алғысы келетін әйел табылды. Олар кішкентайды 2 мың долларға сатуды жоспарлаған», – дейді полицейлер.
Нәрестенің анасы мен оның сыбайласы 12 мамыр күні баланы өзгенің қолына өткізіп, ақша алып жатқан сәтінде құрықталды.
«Тінту барысында 670 мың теңге тәркіленді. Белгілі болғандай, 200 мың теңгені қыз баланың анасы алып, ал 470 мың теңгені сыбайласы алуы тиіс болған», – дейді баспасөз қызметі.
Айта кетерлігі, келіншек бұған дейін қыз баласын 50 мың теңгеге сатып жіберген екен. Алайда әлдеқайда көп төлейтін адамдар табылғасын, ол баласын кері қайтарып алып, өзгелердің қолына өткізбек болған.
«Кәмелетке толмағандарды сату фактісі бойынша соталды тергеу басталды. Әйелдер уақытша оқшаулағышқа қамалды», – дейді полицейлер.