НЕСИЕСІ БАР НӘРЕСТЕ (БҮГІНГІ САТИРА)

1
860

178449014

Бәріміз мәз болып, перзентхананың алдында тұрмыз. Мәз болмағанда ше! Өмірге тұңғыш немереміз келіп, бүгін перзентханадан шығармақшы! Қуанышымызда шек жоқ. Бәйбішемнің қолында бір құшақ гүл. Дәрігерлердің қолына ұстататын бір қорап торт пен бір шиша шампанымды өңгеріп мен тұрмын. 

Кенет түстері суықтау екі-үш адам келіп кірді.
–Так, перзентханадан шықпақшы сәбидің ата-анасы сіздерсіз ғой?–деп сұрады іштеріндегі көзілдірікті бір әйел.
–Біз ата-әжесі едік…
–Ештеңе етпейді, атасы болсаңыз тіпті жақсы.
–Кешіріңіздер, сіздер…
–Мен салық комитетіненмін, ал мына кісілер банк қызметкерлері,–деп таныстырды өздерін көзілдірікті келіншек. –Сіздермен рәсімдейтін бір ресми құжаттар бар, соған қол қоюларыңыз керек.
–Не құжат ол?–деймін түкке түсінбей.
Сөмкесінен бір буда қағазын шығарған келіншек маған қарап: «Сәбидің атын қойған шағарсыздар?»-деп сұрады.
–…Жоқ әзірше…
–Қою керек тез арада.
–Неге?..
–Себебі құжатқа аты-жөні керек. Бұл баланың мемлекетке берешегі бар.
–Астапыралла, не дейді, қандай берешек тумай жатып?! Ата-анасының алған несиесі ме?
–Жо-жоқ, өзінің, тікелей өзінің берешегі.
–Сіздер не, бізді мазақ етіп тұрсыздар ма?!
Көзілдірікті келіншек енді түсін суытып сөйледі.
–Ешқандай да мазақ емес. Қазақстанның сыртқы елдерге 150 миллиард берешегі бар. Олар бізге соншама ақшасын жіберіп қойып, қарап отырмайды. Сондықтан қайтсек те қайтаруымыз керек. Енді осы қарызды елдегі барлық азаматтарға бөліп жазып жатырмыз. Ол қарыз сізге де, балаңызға да, мына туып жатқан немереңізге де, тіпті одан тарайтын шөбере-шөпшектеріңізге дейін жетеді.
Бәйбішем баж ете түсті:
–Ойбай сұмдық–ай, не дейді?!
–Сабыр етіңіздер,–деп қабағын шытты көзілдірікті әйел. –Керек емес бізге сіздердің айқай-шуларыңыз. Бұл мемлекеттің тапсырмасы. Орындауымыз керек, бітті!
–…Сонда қалай… кі…кім алған соншама ақшаны? Біздің қатысымыз қанша оған?–деймін мен есім кетіп.
–Қатысыңыз сонша, сіз Қазақстанның азаматысыз ғой? Азаматысыз! Жерін басып, ауасын жұтып жүрсіз ғой? Солай емес пе?
–Сонда жер басып, ауа жұтқаным үшін қарыз болуым керек пе?! Не сұмдық бұл! Анау шенеуніктердің шет елдерге ұрлап тасыған ақшасын енді мен төлеуім керек пе?!
–Сіз олай мемлекеттік қызметкерлерге тіл тигізбеңіз, жауап бересіз! Олар сіздердің болашақтарыңыз үшін тер төгіп жүр, в конце концов. Бұл президентіміздің тікелей тапсырмасы! Орындамай көріңіздер!…

Сөйтіп әлгілермен қызылкеңірдек болып тәжікелесіп, құжатқа қол қоюдан бас тарттық. Айтқанын істете алмаған көзілдірікті келіншек бізді қырып тастайтын болып жөніне кетті. Бірақ бізде бағанағы шат-шадыман көңіл күй жоқ, бәйбішем екеуміз дел-сал болып тұрмыз.

Сәлден соң сәбиді көтеріп медбикелер де шықты. Оралған көрпесінің шетін ашып едік, ешнәрседен хабары жоқ күнәсіз нәресте бізді көріп, жымиып күлгендей болды. Мойнында мемлекеттің несиесі бар екенін білмейді ғой деп ойладым сосын немереме қарап. Қайдан білсін!

Сайлау Байбосын,

Ұлт порталы

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз