ЖЕР ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ НЕМЕСЕ БИЛІК ӨЗ ҚАТЕЛІГІН ТҮЗЕУІ ТИІС

22
824

b9146ae1a16e30c680dc3259818c905d

Ауыл — қазақтың демографиясының да шағын орта бизнесінің де демократиясының да оның тәуелсіз мемлекет ретіндегі шынайы тұрақтылығының да  негізі болмақ.

Қазақ жерлері Ресей және Қытай империяларының ХVIII-ХIХ ғғ. бойына жүргізген отарлау, жаулау саясатының салдарынан екіге бөлінді. Абылай ханның қажырлы сыртқы саясатының нәтижесінде Жоңғария құлағаннан кейін қайтадан қазақ хандығы құрамына өткен  оңтүстік-шығыстағы  Іле мен Алтай және Тарбағатай өңірлері ол дүниеден өткен соң біртіндеп Қытай шегіне өтіп кеткен болса, 1822 жылы Орта жүздегі хандық мемлекет Ресей тарпынан күштеп жойылуы салдарынан қазақтың негізгі территориясында Ресей билігінің тура өктемдігі орнап, қазақтар өз атамекен қоныстарынан айырыла бастады. Бұл қазақ даласында бұрын-соңды болып көрмеген ауқымды, Көкшетауда басталып, үш жүзге түгел жайылған Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісінің негізгі себебі болды. Алаш  қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1913 ж. «қазақтардың мекендеген жерлерінен айырылуы, біздің халықтың өмір сүруінің өзін үлкен проблемаға айналдырды» — деп жазған еді. Осы сөз жүз жылдан кейін өз маңызын жоймай отыр.

Орта жүзде қазақ хандығы жойылғаннан кейін Сібір қазақтары облысы аталған қазақ жері 1854 жылы екі облысқа: Ақмола және Семей облыстары болып бөлінді. Көкшетаудан кейін осы өңірдегі алғашқы орыс қоныстары 1843-1850 жж. аралығында пайда болды. Олар: Айыртау, Қотыркөл, Арықбалық, Лобанов, Төменгі Бұрлық,  Зеренді, Айдабол, Имантау, Жоғарғы Бұрлық, Имантау. Семей жақта Қарқаралы, Баянауыл сияқты қазақтың ең шұрайлы жерлеріне орыс-казак станицалары орнығып алды. 1853-1905 жж. аралығында қазақтардан 4 миллион десятина жер тартып алынса, 1906-1907 жж. 17 миллион десятина жері тартып алынды. Ал 1916 жылға дейін қазақтардың бұрын иеленіп келген жерден 40 миллион га жері қоныстанушылар қолына өтті. Әрбір қоныстанушыға 3,17 десятина жер берілсе, қазақтарға 0,21 десятина жер бөлінді. Бұл Ресейде қазіргі уақытта мақталып жатқан Столыпиннің қазақ даласындағы әйгілі аграрлық реформасының нәтижесі болатын. Ақмола облысы қазақтары көтеріліс қарсаңында өзінің 75% жерінен айырылып, тау-тасқа шөлге қуылды. Қазақтардан алынған жерлерге 2 миллион 400 мың адам Ресей шегінен әкеліп орналастырылуы жер дауын қазақ даласында тіпті өршітіп жіберген еді. Ол турасында Дала өлкесінен Думаға сайланған депутат Т. И. Сидельников « Борьба за землю в Киргизской степи» — деп арнайы зерттеу еңбек те жазған болатын. Қазақстан деп аталатын мемлекеттегі жер тарихы ол біздің халықтың үнемі мықтыдан теперіш көріп, шетке қағылуының тарихы болып келгенін айтуымыз керек. Тың көтеру науқаны кезінде де қаншама тамаша жайлымдық жерлер эрозияға ұшырап құрыды? Жерлері тың кеңшарларына кесіліп, қаншама жерсіз қалған ауылдардың шаңырағы жабылды. Бір ғана Көкшетау өңірінде 40-тан астам қазақ ауылы құрып кетті, қаншасы тәуелсіздікке жеттік дегенде ел аман жұрт тиышта ғайып болды? Олармен бірге осы өңірдегі қазақтың ұлттық-мәдени ортасы бұрынғыдан да әлсірей түсті. Жуырда Көкшетауға келген Майра Ілиясова соңғы кездері сал-серілер елінен төлтума өнерді қуған жастардың саусақпен санарлық екенін айтып кеті. Оның басты себебі ауыл құрыды, қалаға келген қазақ өз мәдени ортасын таба алмайды. Көкшетаудағы 80 мың қазаққа  небары екі ғана таза мектеп олар: №18 және мектеп-интернат, қалғаны дүбәрә мектептер, оларда біздің қазақтың мәдениеті мен тілі, әдебиеті төрде емес, есікте.

Билік те өз саясатында осы бір тарихи-эмоционалдық жағдайдайларды ескеруі міндетті болатын, алайда іс жүзінде олай болмай шықты.

Биыл басталғанына 100 жыл толғалы отырған 1916 жылғы көтерілістің шын себебі де тағы да жер мәселесі болатын.  Сол кездегі Ресей астанасында шығатын «Санкт-Петербургские ведомости» газетінде «Егер мемлекет мүддесі үшін қырғыздарды құрбан етуді талап етілсе, әрине бұған қарсы шығудың керегі жоқ…» —  деп жазған болатын.

Қазақ халқының болашағын ойлап Алаш мемлекеттілігінің туын Семейде–Алаш қаласында қайта көтерген алаш үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханов қазақ автономиясы яғни мемлекеттілігі жерге байлаулы деген. Алаштықтар үшін ең маңызды мәселе ол аграрлық мәселе еді, олар өздерінің негізгі саяси ұстанымы ретінде ең алдымен қазақтарды жерге орналастыру мәселесін бірінші ретке қойды. Алаш мемлекеті аумағындағы жер пайдалану мәселесінде тарихи әділеттілікті орнату керек деп есептеді. Қазақ даласына қоныстанған европалықтарды кері әкету керек деген сияқты талаптарды қойған емес, керсінше қазақ еместерге Алаш Орда үкіметінен орындар беру жоспарланғандығына тарихи құжаттар нақты дәлел бола алады.

Одан бері жүз жыл өтті, миллиондаған құрбандардың өтеуі ретінде алланың жазуымен тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз дейміз. Алайда, осы жер мәселесіндегі қазақтың бүгінгі күйі қандай? Ауылда, шалғайда отырған халқымыздың жерден табатын пайда үлесі қандай? Неге бүгінге дейін нағыз ауылдың мүддесін білдіретін ауыл партиясы құрылмады? Неге әсіресе тың көтерілген ауылшаруашылық инфрақұрылымы дамыған облыстарға дер кезінде мұнай өндірісінен түскен ақша-инвестиция ретінде салынбады. Неге бүкіл шарушылық жүйесі, егістік айналымы реттелген, кадрлары сай, ғылыммен байланысы болған агрошаруашылықты бізден жүз есе мүмкіндігі төмен Беларуссия сақтап қала алды да, неге ол бізде мүмкін болмады? Кадрлар қартайды, техника да тозды, уақыт өте келе ауылшаруашылығы, ондағы халық тығырыққа тірелді. Астықты аудандардағы ауыл жиырма бес жыл бойы қиналып өлген адамның күйін кешті.

Жазушы, Алаштың айтулы азаматы Тұрсын Жұртбай, қазақтың ең шұрайлы жерлерін, Исатай-Махамбет көтерілісі алдында қазақ жерлерін иленіп алған атаман Безбородкалардың бүгінгі ізбасарлары Лужков 3,7 млн.га, Терещенко 7 млн га, Кулагин 3-4 млн.га жер иеленіп отыр деп ресейлік статистикаға сүйенген мәліметтер келтірген. Сонда солтүстік өңірдегі ең шұрайлы жерлердің 80 пайызы кімнің қолында екендігі өзінен-өзі көрініп тұрған жоқ па? Ауылдықтардан жер пайлары үшін бір-екі қап бидаймен құтылатын жер магнаттары туралы неге айтылмайды? Егер сүттің 80% еттің 78% осындай бес-алты малына қарап отырған үй маңындағы шаруашылықтар беретін болса, азық-түліктің 50 % шеттен тасуымыздың сыры да осында. Біздің билік өзіне тиімді болғанда ғана сүйенетін әлемдік тәжірибеде латифундиялардан АҚШ сияқты елдер 1860 жж. өзінде-ақ бас тартқан. Латифундистер ол заманда да жерді тағылықпен пайдаланған, қазірде солай. Табиғатта «бос» жатқан жер тозбайды, керсінше аң-құстың аяғымен тыңайады. Қазақстанда жерді кімдердің тоздырып жатқаны жұртшылыққа құпия емес. Қытай фермерлері өз Отанындағы ауылшаруашылық жерлердің 40% гербецид, пестецидтерді шамадан тыс қолданып тоздырып жібергендігі Қытай баспасөзінен белгілі жай. Ресей баспасөзі «Цзиньлида» ЖШС құрған қытай фирмасының тірлігін жарыса жазуда. Жерге қатысты наразылықтар шетелдік инвесторлардың «қызығына» тойған өңірлердің халқы белсенділік танытты. КТК арнасынан Жаңалық Ахаш 2014 ж. мынадай хабар айтқан еді: «Ақтөбе облысында шетелдік инвесторлар жерді заңсыз меншіктеп алған. Кеңқияқтан Ембіге апаратын республикалық жолдың бойына қытайлар бекет орнатып, рұқсатсыз ешкімді аттап бастырмайды. Тіпті сол маңдағы ауылға бару үшін СНПС-Ақтөбемұнайгаздың арнайы құжаты қажет. Ал басқа кен орнында істейтін мекемелер мен сол аймақтағы ауыл тұрғындарынан мемлекеттің жолымен еркін қатынау үшін ақша сұрайды екен. Олардың бұл қылығын шенеуніктер заңсыз десе де, оларды елеп-ескерер СНПС жоқ.»

Ал бұл заң күшіне енсе бірінші ретте ойластырылмаған заңның «құрбандығы» болатын облыстардың тұрғындары аса белсенділік таныта алған  жоқ. Қытайлық инвесторлар Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагинмен де кездесіп, жерге қызығушылық білдіріпті деседі. Жарқайың ауданында металургия зауытын салуға, кірпіш зауытын салуға кіріскелі отырған көрінеді. Ал Солтүстік Қазақстанда Аспан асты елінен келген қонақтар облыс аумағында жаңа астық өңдеу зауытын салуды ұсынуда. «Жоба құны — 150 млн. доллар. Тайынша ауданында қуаттылығы 300 мың тонналық май зауытын салуды жоспарлап отырған Қытай инвесторлары алғаш рет май дақылдарын өсіру мен АӨК құрамына кіру мәселелерін талқылау үшін жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен кездесті. Айта кетерлігі, құны 58 миллион доллар тұратын зауыт қытайдың «Айцзю» компаниясы мен бұл жобаға 51%-дық үлеспен қатысып отырған қазақстандық инвестор «Total Impex» ЖШС-ның қаражатына салынады деген мәліметтер  БАҚ-та хабарланып үлгерді. Демек Қытай инвесторлары астықты өлкеге кеулеп еніп келеді деген сөз. Ұзамай олар жерді де әртүрлі жолмен иеленіп алары анық.

Францияда жер иелену нормасы 50 га. аспайды ал жер жағдайы бізге ұқсас  АҚШ пен Канадада 200-250 га. — дан артпайды. Фермерлер кооперацияларға біріктірілген, біздегідей біреу ғайыптан келіп жеке дара бүкіл ауылдық округка тиесілі элеваторды иеленіп шаруаларды боспаламайды. Элеватор ауылдық округтің ортақ акционерлік иелігіне жатады. Ауылшарушылығын қолдау экономикадағы мемлекет үшін маңызы зор стратегиялық бағыт саналады. Ресейдің Батыс елдеріне қарсы қарымта санкциясы кезінде өз фермелерін қалай қолдағанын біздің ауылшаруашылық министрлігі неге өзіне үлгі етпейді. Олардың субсидиялық саясаты біздің фермердің өңі түгілі түсіне де енбейді.

Осы жердің тарихи түп иесінің жер мәселесіндегі күйі тереңдемей үстірт айтқанның өзінде бүгінде өкінішке орай осылай болып отыр. Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың өзі 1млн га-дан жер иеленген жер магнат-монополистері бар екенін, ауылшарушылығын дамытуға деген қаржыларды да солардың алатынын өз сөзінде айтқан болатын.

Біздегі  қарапайым фермер ондай қаржылық қолдау болмағандықтан жерін жалға беріп, өзі жай отыруға мәжбүр екендігі жалпақ жұртқа мәлім. Бірақ, бұл билікті ойландырған да жоқ. Билік ең оңай, басқа салада қолданылып, ұлт байлығын саудалаушы «саудагерлерді» күрт байытқан сату, жалға өткізу сияқты амалдардан басқа не ұсынды халықтың көкейіне қонатын, ештеңе де ұсына алған жоқ. Мұндай кодексті жұрттың түсіне алмайтындығы заңды. Себебі оны түсіну мүмкін емес. Біздің халық саясатта әккі болмаса да тумысынан зерек, елгезек, төзімді, тілалғыш, аңғал, тамаша халық. Солай екен деп, оның ойын білмеу, өзімнің дегенімді ғана қыламын деу зорлық, оған 12 миллион қазақ көне ме екен. Ол да өлер жерін біледі, жер біздің ақырғы бастион тірегіміз, мемлекттілігіміз бен елдігміздің негізі.

Оның үстіне біздей екі алыптың геосаяси қысымында отырған ел үшін жерді саудаға салып, жалға өткізу, жеке меншікке беру деген ұлттық-мемлекеттік қауіпсіздігімізге өз қолымызбен бомба қойғанмен, жерімізден дәмесі бар сепаратистерге жел бергенмен бірдей емес пе?

Егер билік, шын ниетімен жаңа жер кодексін ашық талқылайтын болса, ол ауылшаруашылғын қайта, түбегейлі түрде құрлымдауға бағытталуға тиісті. Әрине оған ірі жер иелерінен құрылған лобби кедергі жасап бағары сөзссіз.

Біз кеңістікті жайлаған халықпыз, бабаларымыз кезінде қарапайым мал шаруашылығын дамыту арқылы ғана бүкіл далада бос жер қалдырмай игерген. Тіпті Бетпақ даланы да пайдаланған. Бос жер жау шақырады деп санаған. Сондықтан ауылшарушылығын дамытудың 2050 жылға дейінгі бағдарламасы айқындалуы керек. Ауылшаруашылғындағы негізігі тауар өндіруші фермер басты шаруашылық субъектісне айналуына жан-жақты жағдай тудыру қажет деп білемін.

Ауыл ол қазақтың демографиясының да шағын орта бизнесінің де демократиясының да оның тәуелсіз мемлекет ретіндегі шынайы тұрақтылығының да  негізі болмақ. Сондықтан билік ендігі жерде халқымыздың түбегейлі мүдделеріне қайшы кодексті түсіндірумен емес, өз халқымен ымыраласуы, ақылдасуы қажет. Әртүрлі жолмен байығандар да өз жұртына оралып, перзенттік, азаматтық қарызын өтеуі тиіс.

Ауыл, жалпы қазақ халқы ендігі жерде ол неге болса төзе беретін, жоғарылан құран сүрелеріндей түсірілетін саясаттың объектісі ғана емес, ол ел, жер, халық тағдырын айқындайтын саясаттың белсенді субъектісі-қатысушысы  бола алатындығын, осы 2016 жылғы сәуірдегі жер мәселесіне қатысты жалпы ұлттық қозғалыс кезінде дәлелдеп шықты. Тәуелсіздік жылдары халықтың ұлттық саяси санасы жетілді. Ешкімнің бодандығын көрмеген, көргісі де келмейтін патриот-мемлекетшіл  жаңа буын ұрпақтар өсіп шықты. Олар уақыты өткен аға ұрпақтың кеңестік кезең ұстанымдарымен (совокпен) өмір сүрмейтіні анық, олар халықтың өсіп-өркендеуіне жол салатын, қазақ деген халықтың бағын байламайтын саяси бағытты қалайды.

Ғалымтай Мәлікұлы,

гуманитарлық ғылымдар магистрі, қоғам белсендісі.

Ұлт порталы

22 ПІКІРЛЕР

  1. Мемлекетке халық қаламайтын заң керек емес. Үкімет адымдап халыққа жол тартты. Енді халықтың өзі де диалогқа қарай бет бұру керек. Бүкіл мәселе келісім мен ымыраға келу арқылы шешілгені дұрыс

  2. Меніңше билік қатені түзеуге қолдан келгенше тырысып жатыр. Сол үшін елбасы мораторий жариялады, комиссия құрылды, енді мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр.

  3. Жеріміз сатылмайды да, жалға берілмейді де, халықтың тілегі қабыл болатынына сенейік!

  4. Әліптің артын бағайық, халықтың көңілінен шығатын шешім қабылдануы керек.

  5. Елбасы халыққа ұнамайтын заңды өзгертуіміз керек деді. Значит өзгертеді

  6. Комиссия жайдан жай құрылған жоқ. Құрылдыма, енді өзгеріс күтейік

  7. Осы бейнефильм маған қатты ұнады, өте жақсы кино, жерді барлық қазақстандықтар мазалайды үлкеннен кішіге дейін

  8. Менінше жер бос іссіз жатпау тиіс, жер пайдасын әкелу керек, жерге де пайдасы мол

  9. Осы мәселені Ауыл партиясы жақсылап көтеру керек еді, сайлау алдында, нағыз аулын ойласа, міндетті түрде Президентті мазалап соған жүктеу керек па

  10. Билік қазір өз қателіктерін барынша түзеуге тырысып жатыр! Заңды тоқтатты, комиссия құрылды, министірлер босатылды! енді халықта диалогқа шығу керек!

  11. Заңды өзгерту мен толықтыру үстінде! Комиссия жұмысты жақсы бастап кетті! Енді жақсы нәтиже күтеміз!

  12. Бұл реформа біздің халқымызға тиер ічерлері көп. Жақсы жақтары. Біріншіден біздің Қазақстандықтарға үлкен мүмкіндік. өйткені еліміздің дамуына жасалып жатырған үлкен қадам

  13. тағы да жақса жағы: жерді сатып алып немесе жалға алуға Қазақстандықтардың мүмкіндіктері көбірек. Өз еліне өз еңбегімен үлес қосуға, өз кәсібін дамытуға арналған емес пе

  14. Люди надеяться и верят, что их просьбы услышат и земли ни кому не отдадут

  15. Қазақстанда бол жатқан, пайдаланылмай арам шөп басқан, тозып кеткен дерлер қаншама. сол жерлердің барлығын өндірістік айналымға енгізетін болса, қаншама ауылшаруашылық өнімерін алуға, сол арқылы ауылдық адамдардың тұрмысын түзеуге болады. Тіпті елдің экономикасына да едеуір жақсылықтар алып келеді есеп пе? жерді өзіміздің азаматтарға сатылуы қажет. сатып алғысы келмейтін немес жағдай келмейтіндерге жалға берілсін. ауылға қаражаттар да көптеп тартылуы қажет.

  16. Еліміз осы кезге дейін қай сала болмасын биік белестерге жетіп келеді. Жер реформасы да осындай жетістіктерге жетелейтін жүйе деп санайымын.

  17. Ақылды шешім! Үш тілді білсек – еліміз үлкен жетістіктерге жететіне айдай аңық!! Балдарымның 3 тілде оқыса мен бақытты болар едім!

  18. Біз өзіміздің бейбітішілік пен ынтымақтастығымызды сақтауымыз қажет. Осыған дейін жеткен биіктерімізден құлдырап құлай салу түкке тұрғысыз.

  19. Ертеңді ойласам, мен сатуға да, жалға беруге де келіспес едім! Себеп: бәлен ғасыр бұзылмаған жер қыртысы, бос жатқаннан бұзылады деу, бекер сөз. Керісінше табиғаттта пайдаланылмай жатқан жер жылдар өткен сайын құнарлана береді. Қытайлықтардың өздерінің 10 жыл пайдаланған жерлерін қараңыздар. Ку тақырға айналған. Құрдымға кеткен, химиямен жердің құнарын өлтірген. Жер туралы әңгіме осы жолы жабылу керек. Жерді сатпай-ақ , жалға бермей-ақ шетелдіктерге өмір сүргенбіз.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз