Танымал National Geographic журналы қазақ емшісінің ғажайыптары туралы баяндады

0
475

Танымал National Geographic журналы отпен аластап, ата-баба рухымен емдейтін қазақ емшісі туралы мақала жариялады деп хабарлайды NUR.KZпорталы.

Қазақ емшісінің ғажайыптарын шетелдік саяхатшы Пол Салопек баяндаған.

«Әмір Хан сертификаты бар емші. Түрлі жергілікті және ұлттық ассоциациялардан емшілігін растайтын он бір дипломы Ханның кабинетінде ілулі тұр. Кеңсесі Ақтауда орналасқан… Ханның жекежайына келушілер көп. Сырттағы шатыр дертіне дауа таппаған 200 шақты бақытсыз адамға толы. Бұл Ханның емделушілері. Олар ғажайып әңгімелерге сеніп, амалы қалмағасын, асқынған сырқаттарын осында емдету үшін келді. Көздерінде үміт оты жанып тұр. Олар заманауи медицинадан бас тартқан», – деп бастады Пол өз мақаласын.

«Жазда мен кей-кездері күніне 200 адамнан қабылдаймын», – дейді Хан шетелдікке.

ФОТО: ПОЛ САЛОПЕК

«Ол көріпкелдік қасиеті бар денелі адам. Оған адамдарды емдеу міндетке айналған. Ата-бабасы түсіне еніп, адам денесіндегі дертті көзімен көре алатын қабілет дарыған. Ол емдеуді бастап, атағы халыққа жайылды. Бұл ескі әңгіме», – дейді Пол.

Емші қазақтардан бөлек Греция, Кипр, Нигерия және Ватикан елінің науқастарына да көмек көрсеткенін айтқан.

«Қазақстанның көне емшілік тәжірибесі қайта жаңғырды. Кеңес кезеңінің қысымына ұшыраған рәсімдер ұлттық нышан ретінде қайтып оралды…  Мұнда көшпенділер, табиғат құдіретіне табынушы бақсылар көк аспанға және ата-баба рухына зор мән берген», – деп жалғастырды Пол.

Бұрынғы офицер Ханның емінен айыққандар саяхатшыға өз жағдайы туралы қуана айтып берді. Сөйлеу қабілетінен айырылған әйелдердің бірі Әмір Ханның емінің арқасында тілі шығып, мұрнынан қан заулауы тоқтағанын айтса, екіншісі асқынған қатерлі ісігі қайтып жатқанын алға тартты.

Ал Ханның өзі болса, әйелді қатерлі ісіктен тамырына массаж жасау арқылы емдеп жатқанын түсіндірді.

Мүгедек болған өзге келіншек Ханның арқасында аяғына жан бітіп, бүгінде өз кәсібін ашқанын баяндады. Хан алғыс білдірушілердің саны күн санап артып жатқанына разы.

«Ол тегін емдейді. Дегенмен оған жомарттық танытып, ақша тастап кететіндер баршылық. Ал жергілікті емхана болса, халық емінен сақтану қажет екенін ескертіп, балаларды білікті дәрігерге қаратуға кеңес беруде», – дейді Хан.

«Жаппай емделушілер келесі әрекеттерді жасайды: олар Ақтаудан шалғай жатқан ен даладағы көне қорымда жиналады. Күн батысымен лаулаған оттың қасына тізіліп, қойдың майы өртеліп жатқан түтінмен беттерін «жуады». Кейін Хан оларға қасиетті бабаларының рухымен бата беріп, келушілердің құлақтары, көздері мен басына үрлеп, дем салады», – деп мақаласын аяқтады Пол.

 

Дереккөз: Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз