Қазақстанның барлық аймағында жер дауына қатысты белсенділер қамалуда

0
601

Шымкентте Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының үйлестірушісі Данияр Құлтаев Facebook желісіндегі парақшасында жер мәселесіне қатысты митинг болуы мүмкін екені туралы жазған соң 15 тәулікке қамалды.

Бұл туралы Азаттыққа оның әйелі Мария Оспанқұлова хабарлады. Ол күйеуін полиция үйінен түстен кейінгі сағат 15-тен кейін алып кетіп, кешкі сағат 21 шамасында Шымкент қалалық сотында ісі қаралғанын айтады. Оспанқұлованың айтуынша, белсендіні рұқсат етілмеген қарсылық митингісін ұйымдастырмақ болды деп айыптаған.

19 мамырға ауған түні Шымкентте тағы екі белсенді – Жадыра Дүйсенбекова мен Ибрахим Әлсеркенің 15 тәулікке қамалғаны хабарланған. Азаттыққа хабарласқан Дүйсенбекова Facebook парақшасында 21 мамыр күні митинг болатыны туралы хабарламаны бөліскені үшін сотталып бара жатқанын айтқан.

Ол Шымкент әкімшілік сотында сот отырысына кіріп бара жатқанда шымкенттік белсенді Ибрахим Әлсеркенің сот отырысынан шығып бара жатқанын көрген. «Ибрахимнің өз аузынан естідім. Ол да «мені 15 тәулікке қамады» деді» деген ол.

Атырауда 24 сәуірдегі «жер сатуға» қарсы митингте сөйлеген тұрғын Қасым Қожантаев үш күнге әкімшілік қамауға алынды. Қожантаев туыстарының Азаттыққа айтуынша, қамау изоляторының қызметкерлері Қожантаевпен кездесуге жібермей отыр. Қожантаевтың әйелі Шынар Елманова абақты қызметкерлері өздеріне күйеуінің үш тәулікке әкімшілік қамауға алынғанын айтқан.

Оралда тағы екі белсенді 15 күнге қамалғанын кеше хабарлаған болатынбыз.

Алматыда полиция ұстап әкеткен тұрғын Райхан Қалиеваға митингіге шықпау туралы қолхат жаздырды. Азаттыққа бұл туралы хабарлаған Райхан Қалиеваның айтуынша, оның бүгін түскі сағат 13 шамасында полиция үйінен ұстап әкетіп, қалалық ішкі істер департаментіне апарған.

– Департаментте бір сағаттай уақыт тергеді. Жер мәселесіне қатысты пікірімді сұрап, рұқсат етілмеген митингіге қатысудағы жауапкершілігім туралы хабардар етті. Сосын 21 мамыр күні митингіге қатыспайтыным туралы қолхат жаздырып, босатты, – дейді Қалиева.

Бұдан бірер сағат бұрын Райхан Қалиеваның туысы Берік Қалиев әпкесін полиция ұстағаны туралы хабарлаған. Қалиев өзі бұған дейін Алматы қалалық әкімдігіне 21 мамыр күні «жер мәселесіне» қатысты бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрап өтініш бергендердің бірі болғанын айтқан. Алматы әкімдігі 16 мамырда белсенділерге митингке рұқсат беруден бас тартқан.

 

Дереккөз: Азаттық

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз