Парламенті мәжілісінің депутаты, Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі Азат Перуашев Қазақстанмен көрші елдердің компанияларына жерді жалға бермеу керек деп санайды.
АЗАТ ПЕРУАШЕВ. ФОТО: NEWSKAZ.KZ
Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
«Жерді инвентаризациядан өткізіп, түгендеп алмайынша, жерді жалға да, жекеменшікке де беруге болмайды. Бірақ біз отандастарымызға жерді беруді қолдаймыз. Ол үшін алдымен немен жұмыс істеп отырмыз, соның барлығын жөнге келтірген жөн», – деді депутат комиссияның екінші отырыснда.
«Негізгі алаңдаушылықтар біздің көршілерімізбен байланысты. Сескену бар. Бізге Қазақстанмен көрші елдердің компанияларына жерді жалға бермеу керек деген норма қабылдау керек. Себебі сепаратизм қаупі бар», – деп атап өтті Азат Перуашев.
Айта кетейік, бүгін Астанада Жер реформасы бойынша комиссияның екінші отырысы өтуде. Комиссия Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылды. Бұның алдында, мемлекет Басшысы халық арасында дау тудырған Жер кодексінің бірқатар түзетулеріне мораторий жариялаған болатын.
Комиссияға премьер-министрдің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық ететінін еске саламыз.