Сарапшылар: Жаз айларында елімізде баспана бағасы арзандайды

0
438

Алдағы үш ай ішінде Қазақстанның қайталама тұрғын үй нарығындағы бағалар осының алдындағы айлармен салыстырғанда сәл арзандайтын болады.

Homsters.kz компаниясының сарапшылары осындай қорытындыға келіп отыр деп хабарлайды Skifnews.kz басылымы.

Сарапшылардың айтуынша, жыл басынан бері қайталама тұрғын үй нарығындағы ұсыныстар саны орта есеппен 30%-ға артқан, ал сұраныс, керісінше, кері динамика көрсетіп отыр. Бұл үй сатушыларды объектілер құнын қайта қарастыруға мәжбүрледі.

«Өткен жылдың ортасынан бастап олар валюта баламасындағы шығынның орнын толтыру үшін жылжымайтын мүліктерін саудаға шығармай келген болатын, ал қазір теңге бағамына қатысты жағдайға мойынсұнып, үй бағасын төмендетуге дайын отыр. Сатып алушылар болса нарықтағы бағаның барынша төмендегенін күтетін секілді», – деп атап өтті Homsters.kz компаниясының сату жөніндегі директоры Екатерина Ладыженская.

Көп жағдайда қандай да бір жұмыс баяулайтын жаз кезінде жоғарыда аталған жағдайдың қалыптасуы мен сатушылар және сатып алушылар көңіл-күйінің сәйкес келмеуі қайталама тұрғын үй нарығындағы бағалардың қосымша төмендеуіне әкелуі мүмкін деп санайды Homsters.kz сарапшысы. Наурыз айында Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда қайталама нарықтағы бір шаршы метрдің бағасы ақпан айымен салыстырғанда 15,8%-ға түскенін еске сала кетейік. Сәуір айында бағаның төмендеуі айтарлықтай баяулап, шамамен 4%-ды құрады. Мамырда алдыңғы айлармен салыстырғанда бір шаршы метр құны бар болғаны 1,7%-ға арзандады.

Homsters.kz сарапшыларының пікірінше, жаңа үйлер нарығында кейбір құрылыс компаниялары маусымдық факторлар ықпалының орнын толтыру үшін жарнама науқандары және акциялық ұсыныстар көмегімен сатып алушыларды қызықтыруға тырысатын болады. Аталған сектордағы объектілер мен ұсыныстар саны артады.

«Ұлттық валюта бағамының өзгеріске түскеніне қарамастан, девелоперлер жаңа жобаларға деген қызығушылықтарын жоғалтқан жоқ және тұрғын үй, сауда һәм коммерциялық мүліктің басын қосатын ірі инфрақұрылымдық жобаларды да қамтитын құрылыстарға рұқсат алуларын жалғастыруда», – деп атап өтті Екатерина Ладыженская.

Мұндай тенденцияны ресми статистика да растап отыр. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, осы жылдың алғашқы төрт айында 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Ал өткен жылдың балама кезеңінде бұл көрсеткіш 2,6 млн шаршы метрді құраған болатын.

Сарапшының сөзіне қарағанда, нарықта құрылыс нормаларын бұзу және объектілерді өз уақытында пайдалануға бермеу факторлары әлі де бар, сондықтан клиенттер үй таңдау барысында ұсынылып отырған мүліктің бағасына ғана емес, құрылыс ұйымының абырой-беделіне де мән беретін болған.

«Бұдан сатып алушылар тарапынан әлі де үлкен сұранысқа ие болып отырған эконом және комфорт-класты үйлерді салуға маманданған ірі девеловерлер ұтады. Осының арқасында көктемде объектілерге деген бұрынғы бағаны сақтап қана қоймай, сауда көлемін 10-20%-ға арттыра алды», – деп сөзін қорытындылады Екатерина Ладыженская.

 

Дереккөз: Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз