Ақтөбедегі лаңкестің әйелі: Біз ешкімнің алдында ақталмаймыз, Алла бәрін көріп тұр

0
551

Ақтөбедегі теракт кезінде бейбіт халыққа оқ атып, әскерилерге шабуылдаған содыр Дархан Қойшиннің анасы NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.  Ол балаларын пайдаланып, бүлік жасау үшін тұзақ құрған басқа біреулердің бар екенін айтады.

«Мен қазір баламды жоқтап, жылап жатырмын. Қайғым жетеді. Әлі жерлеген де жоқпын, сүйегін ала алмай жүрмін. Балам сол күні қонаққа кеткен адам»,-дейді лаңкестің анасы Зәуреш.

Дархан Қойшиннің әйелі енесінің күйеуі туралы айтқанын ұнатқан жоқ.

«Алла Тағалла бәрін көріп тұр. Ол кінәсіз, біз ақталмаймыз, ақиқатты Алла біледі»,- дейді содырдың әйелі.

Бір айдан кейін отыз жасқа толатын Дархан Қойшиннің артында екі баласы қалды.

«Көзіммен көрдім, біреу баламды телефонға шақырды. Ол ондай болатынын біліп барған жоқ. Қонаққа шақырғанда екі кішкентай баласына «қайсысын алып кетемін» деп жармасты. Үлкені «мен барам» деп жылағасын, соны киіндіріп қойдық. Сол кезде «балаларды тастаңдар» деген қоңырау келді. Балам «қонаққа балаларыңды ертпей келіңдер деп айтты» деді. Олар жиналғанда солай айтады. Балаларыңды алып келіңдер, болмаса тастап кетіңдер деп хабарлайды. Намаз оқымайтындар да баламен не баласыз келіңдер деп айтады емес пе, тап солай болып тұр. Әкесіне ере алмайтынын естіп, жылаған баласын өзі жұбатты. Оны дүкенге ертіп шығып, «киндер сюрприз» шоколадын әкеп берді. Баласы тәттіге алданған соң, өзі шығып кетті. Біз оны қонаққа кетті деп отырмыз», – дейді анасы.

Ол «сақалдылар атысып жатыр» дегенде ғана баласының бәлеге ұрынғанын сезген.

«Бүкіл халық атыс болып жатыр деп шулағанда естідік. Мен сол кезде бірден күдіктендім. Себебі, ол 5-ші мөлтек ауданына қонаққа баратынын айтып кеткен. Мен ол кезде кішкентайларды ертіп апамның үйіне кеткен едім. Болған жайдың бәрін сол жақтан естідім», – дейді Зәуреш.

Дархан Қойшиннің үйіндегі үш әйел  –  шешесі, әйелі және қарындасы хиджаб киген. Үйдің сыртқы есігінде үйге бас сұққанда айтылатын сөзді араб тілінде жазып қойған.

«Бәрі белгілі нәрсе. Біз оны жоғалттық. Ол енді жоқ. Не ойлағыларың келсе соны ойлаңдар», – деді содырдың қарындасы

Ол осыны айтты да есікті жауып, анасын үйіне қарай сүйреді. Есіктің арасынан сығалаған анасы: «Біз соғыс болып кете ме деп қорқамыз. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болғанға не жетсін», – деді.
 

Дереккөз: Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз