Мәжіліс жерді сату мен жалға беруді уақытша тоқтатты

0
458

Жерді сату мен жалға беру уақытша тоқтатылды. Мәжіліс атышулы құжатты тоқтату туралы заң жобасын мақұлдап берді деп хабарлайды КТК арнасы.

МӘЖІЛІС

Сөйтіп, депутаттар кезінде өздері қабылдап жіберген жер кодексін екі оқылымда қарап шығып, талас тудырған нормаларын шегеріп қойды. Енді жер-жердегі халықтың пікірі тыңдалып болған соң ғана сату мен жалға беру жайы түпкілікті шешілуі тиіс.

Асқар Мырзахметовтың бұл вице-премьер, әрі Ауыл шаруашылығы министрі ретінде Парламентке алғаш келуі. Үш жауапты міндетті қатар алып жүрген оны депутаттар құшақ жая қарсы алды. Бүтін бір облысты басқарып, аграрлық салаға қайта оралған Мырзахметовке мәжілісмендер үлкен сеніммен қарайтындай. Сондықтан еліміздің бас агрономын көп қинамаған халық қалаулылары жер кодексін тоқтату туралы құжатты бірауыздан бекітіп берді.

«Жер кодексіне республикалық комиссияның отырысы аяқталған соң өзгерістер енгіземіз деп шештік. Қазір комиссия мүшелері елді аралап, жұрттың пікірін тыңдап жүр. Өңірлердегі мәселелерді жіті қарастырып, талқылауда», – деді  мәжіліс депутаты Сергей Звольский.

Яғни, депутаттар жер дауын шешу үшін құрылған комиссия жұмысының қортындысын күтпек. Ал, өткен аптада жиналмай қалған комиссия мүшелері бұл жолы аймақтарда бас қосады екен. Оны Бақытжан Сағынтаев емес, енді Асқар Мырзахметов басқармақ.

«Келесі отырыс сол кестеге сәйкес, Алматы облысында өтеді осы аптаның сенбісінде. Барлық аудандарда, елді мекендерде жұмыс атқарылып жатыр. Жинаған мәліметтерін бізге беріп отыр. Комиссия облысқа барған кезде туындаған мәселе сол жерде қаралады», – дейді  Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

Жер туралы заң 1-ші шілдеде күшіне енуі тиіс болатын. Құжатқа сай, ауыл шаруашылығына арналған жерлер шетелдіктерге 25 жылға жалға беруге, ал ел азаматтарына аукцион арқылы сатуға рұқсат етілген. Үкіметтің бұл әрекетіне жұрт жаппай қарсы шыққан соң, Президенттің өзі араласып, құжатқа жыл соңына дейін мораторий жариялады.

Мәжіліс осымен Жер туралы заңды екінші рет қарап, жоғарғы палатаға жөнелтті. Даулы құжатты уақытша тоқтатуға сенаторлардың да қарсылық білдірмесі анық. Енді саяси ықпалы айтарлықтай артқан Асқар Мырзахметов жер туралы заңды бастан-аяқ қайта жазып шығуы тиіс. Яғни, Ауыл шаруашылығы министрінің сыналар шағы әлі алда деген сөз.

 

Дереккөз: КТК арнасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз